02
03 / 2017

ШАРУАЛАР ЖАЙЫ – АУДАН ӘКІМІНІҢ БАҚЫЛАУЫНДА

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Мамытбеков ауылшаруашылық саласында жетекшілік ететін орынбасарының атқарылған жұмыстар жөніндегі есебін тыңдап, көктемгі дала жұмыстарына дайындықты пысықтады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Омарбеков баяндама жасап, аудандағы жағдайды саралады. Бүгінгі таңға “Төрткүл – Агро” өндірістік кооперативі, “Мақта компаниясы” ЖШС, “Нұр-Айша” ШҚ, “Любамир-Агро” ЖШС минералды тыңайтқыш алып үлгерген. Көктемгі дала жұмыстарына 2990 тонна жанар-жағар май бөлінген. Сонымен қатар, биыл 60 дана ауылшаруашылық техникасын алу жоспарлануда.
Бүгінгі таңға дейін Ордабасы ауданы бойынша 9 ауылшаруашылық кооперативі құрылды, 55 техника алынып, 3 МТС ашылды. Шаруашылықтарды ірілендіру мақсатында ауыл-аймақтарда түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасуда. Осы уақытта Жеңіс, Қарақұм ауылдарында жалпы көлемі 2 мың гектардан аса жері бар жүздеген шаруалар біріккен екі ірі кооператив құрылатыны келісілді. Кооперативке мүше болып жаңадан құрылған «Сейхун-Агро» серіктестігі өзінің заманауи техникасымен мүшелікке кіріп, жерді дайындау, өнім егу, Украинадан агроном тарта отырып, өнімді өсіру, дайын өнімді жинау және сатып алуға дейінгі жұмыстарды кооператив мүшелерімен бірігіп атқаратын болды.
“Орда-Басы Агро” өндірістік кооперативінің төрағасы Әбілдә Әлібеков сөз алып, кооперативтерге мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді баяндап өтті.
Жиын барысында аудан басшысы Алмасбек Кеңсбекұлы ауыл әкімдеріне жанар-жағар май мен тыңайтқыштың шаруаларға дер кезінде жеткізілуін қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Сонымен қатар, қаражаттың дихандарға кешіктірілмей берілуі үшін несие ұйымдарымен келіссөздер жүргізу қажеттігін ескертті. “Морокко” шегірткесінің ықтимал ошақтары дер кезінде дәріленуі және жойылуы жөніндегі мәселе де назардан тыс қалмады.