Қазақстан  Республикасы  Мәдениет  және  Спорт  министірлігі «Ордабасы»    ұлттық  тарихи – мәдени   қорығы Республикалық мемлекеттік  қазыналық  кәсіпорыны туралы мәлімет.

Қорық ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 1993 жылғы 26 мамырдағы № 1213 “«Ордабасы» ұлттық тарихи – мәдени және табиғи қорығын құру туралы” Жарлығына сәйкес, 1994 жылдың 1 қаңтарынан бастап, «Ордабасы» ұлттық тарихи – мәдени қорығы өз жұмысын бастады.

Қорық архиалогиялық ескерткіштер мен тарихи оқиғаларды негізге ала отырып құрылған. Қорықтың негізгі қызметі тарихи мәдени мұраларды қорғау, сақтау және пайдалану болып табылады. Ордабасы қорығы республикалық бюджеттен қаржыландырылып, ҚР Мәдениет және спорт министірлігіне, Қазақстан Республикасының Мәдениет және өнер департаментінің тарихи мәдени мұра бөліміне есеп береді.

Тарихи оқиға 1726 жылдың көктемінде Қазақ  халқының  дана билері  Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ұйғаруымен осы Ордабасы тауында Ұлы жиын өткізіліп, халқымызды жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық майданын ашуға ортақ шешім жасап, ұлт болып бірігуге бәтуаласты. Сол жиында Қазыбек бидің ұсынысымен кіші жүз ханы Әбілхайыр қазақ әскерінің бас қолбасшысы болып сайланып, Қанжығалы Бөгенбай батыр ұрыс туын көтерді. Осы бірігудің арқасында қазақ жасағы 1727 жылы Бұланты мен Білеуті өзені бойындағы “Қара сиыр” деген жерде қалмақ жасағына ойсырата соққы беріп, алғашқы жеңіске жетті. Міне содан бері ол жер “Қалмаққырылған” деген атпен тарихта мәңгі қалған болатын.

Сонымен қатар архиалогиялық ескерткіштер бойынша Ордабасы қорық аумағында ежелден келе жатқан (шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 2000 жылдар) некрополь орналасқан. Және де бұдан екі жарым мың жылдай уақыт бұрын жерленген сақ тайпаларының 300-ге жуық қорған бейіттерінің бар екені мәлім болды . Археологтардың пайымдауынша, біздің дәуірімізге дейінгі өмір сүрген сақ тайпалары өздерінің ұлы көсемдерімен ұлы адамдарын осы өңірге әкеліп жерлеп отырған екен. Сондай ақ, гранит тастарға салынған бедер – суреттер петроглифтер де кездеседі. Міне осындай архиалогиялық ескерткіштер жиынтығы орналасқан «Ордабасы»  тауы  ежелден  ақ  қасиетті  мекен  екендігін дәлелдейді.

Араға бірнеше ғасыр уақыт салып, Қзақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан кейін 1993 жылдың 26 – 28 мамыр күндері Ордабасы тауында қазақтың Ұлы тұлғалары Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді, және 1726 жылғы ұлы жиынды мәңгі есте сақтау мақсатында Қазақстан Республикасыны тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен «Еске алу» күндері болып өтті. Еске алу күндеріне ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевпен бірге арнайы қонақ ретінде Өзбекстан Президенті И. Каримов, және Қырғызстан Президенті А. Ақаев шақырылған болатын. Үш туысқан ел басшылары қазақ халқының қасиетті жеріндегі “Бірліктөбеге” көтеріліп мәңгілік достық меморандумына қол қойды. Сонымен қатар болашақта еліміздің бірлігі мен жеріміздің тұтастығын сақтап қалуда зор үлес қосқан : Төле, Қазыбек, Әитеке билердің құрметіне ескерткіш кешен орнатылсын деген ниетпен кешеннің орны белгіленіп, сол жерге белгі тас қойылған болатын. Нәтижесінде 1997 жылдың 19 қыркүйегінде «Бірлік» монументальды ескерткішінің құрылысы аяқталып, ашылу салтанатына байланысты болған мерекелік жиынға қатысқан Президент Н. Назарбаев тұрғызылған монументтің мән – маңызына айрықша баға берді. Ескерткіштің  жобасын  жасаған  белгілі  сәулетші  Ғ. Садырбаев .

Ордабасы қорығының  жалпы аумағы – 1134 га, оның ішінде 10 гектар жерге сәндік және жеміс ағаштары қондырылған. Қазіргі таңда қорықта 25 адам қызмет атқарады.

Сонымен қатар бүгінге дейін  «Ордабасы» ұлттық тарихи – мәдени қорық қорында негізгі 112 жәдігер сақтаулы. Олардың 17 ашық аспан астында және 95 жәдігер жабық  мұражай  ішінде  орналасқан.

Ел өткенін құрметтемесе, болашағына нақты қадам баса алмайды. Өткен қилы кезеңдерде айшықты даналығымен халқымыздың жүрегінен мәңгілік орын алған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің рухы бүгінгі біздің тыныс – тіршілігімізбен біте қайнасып жатыр. Қасиетті де киелі Ордабасы қашанда халқымыздың ұлттық мақтанышы болып қала береді.