21
12 / 2017

ТАҒЫ 175 БАЛА – БАЛАБАҚШАМЕН, 37 АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдығы қарсаңында Ордабасы ауданында екі бірдей балабақша ашылып, ауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі.
Бадам ауыл округіндегі – “Заңғар-тау”, Темірлан ауылындағы “Ел-мерей” бөбекжай балабақшаларының тұсаукесеріне қатысқан аудан әкімі Рашид Қайыпжанов көпшілікті Тәуелсіздік мерекесімен құттықтай отырып:
– Бүгінге дейін ауданымызда 15 – мемлекеттік, 26 жекеменшік балабақша, 19 мектептің жанында шағын орталықтар мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиемен айналысатын. Олардың қатары бүгін тағы екі нысанмен толықты. Бұл дегеніміз, тағы 175 бала – балабақшамен, 37 адам жұмыс орнымен қамтылды деген сөз, – деді.
Бүгінде ауданда дайындық тобында 2740 бала тәрбиеленеді. Балабақшалар мен 19 мектептің жанындағы шағын орталықтарда 6533 бала тәрбиеленеді. Бұл аудандағы бүлдіршіндердің 83 пайызын құрайды.