28
12 / 2017

БІРГЕ ШАТТАНЫП, ҚУАНЫШЫН БӨЛІСТІ 

Бүгін Ордабасы ауданының бүлдіршіндері Жаңа жыл мерекесіне арналған шырша маңына жиналып, “шытырман” оқиғаға куә болды. Алдар көсе мен Қожанасыр, қоян, түлкі, қасқыр, мыстан кемпір мен сайқымазақ балаларды ертегілер әлеміне саяхаттатты. Мұнда Трансфомерлер би билеп, қар баласы Олав түрлі ойын ұйымдастырды.
Мерекелік кешке қатысқан аудан әкімі Рашид Қайыпжанов оқушыларды құттықтап:
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Кез-келген халыққа бәрінен бұрын асқақ рух керек» дейді. Асқақ рух ол – Сендердің Отанға деген адалдықтарыңнан, ұлтжандылық қасиет пен ұлттық намыстан түзіледі. Ата-бабаларымыздың армандап кеткен егемендігін иеленген, 26 жылда дамыған мемлекетке айналған Қазақстанның келешегі – Сендерсіңдер! Бүгінгі күн бүлдіршіндер үшін ерекше мереке. Өйткені Сендердің кіршіксіз көңілдерің бұл күні ғажайыптың боларына сенеді.
Сендер тау суындай таусылмас қайратқа да, сыр суындай сарқылмас жігерге де, гүлдей жайқалған ғұмырға да лайықтысыңдар! Баршаларыңа зор денсаулық, ұзақ, мәнді ғұмыр тілеймін! Оқуда озат, елдің қамын жейтін азамат болып өсіңдер, – деп ізгі ниетін жеткізді.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Баймахан Сәдуахасов та:
– Бала – болашағымыз! Ал, болашағымыз жарқын болуы үшін бүгін балдырғандарымыз бақытты болуы керек. Тәуелсіз Қазақстанның тұлғалы азаматтары болатындарыңа сенеміз, – деп жүрекжарды тілегін арнады.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұран Әбдіқайымұлы көпшілікке бата берді. Сонымен қатар, мерекелік шара аясында бүлдіршіндерге сый-сияпат тапсырылды. Аудан әкімі балалармен бірге шыршаны айналып, әндерін тыңдады, олармен бірге шаттанып, қуанышын бөлісті.