19
01 / 2018

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ – ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары С.АХМЕТОВ пен Ф.ҚАРАТАЕВ жұмыс сапарымен Ордабасы ауданына келді. Олар алдымен «Ордабасы құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс сою бөлімінің жұмысымен танысты. Жылына 8 мың тоннадан астам үндік етін өндіруші бұл кәсіпорында бүгінгі таңда 420 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Серіктестіктің бас директоры М.ТАҒАЕВ жұмыс үдерісі туралы кеңінен әңгімеледі. Мұнда қазіргі таңда “Дәмді ет” маркасымен 80-нен астам өнім түрі шығарылуда. Өнім ішкі нарықпен қатар, Ресей, Қырғызстан мемлекеттеріне саудалануда. Кәсіпорын басшысы Өзбекстан мемлекетімен келісім-шарт жасасу да жоспарда бар екенін атап өтті. Мәжіліс депутаттары “Александровский сад” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарқынды бауына да ат басын бұрды. Мұнда 17 гектарға тамшылатып суғару әдісімен 2016 жылы алма ағаштары егілген. Серіктестік директоры Б.Тағаев былтыр тағы 2 гектарға жаңғақ еккендерін тілге тиек етті. Сонымен қатар, алма бауының алғашқы жемісін алып та үлгергенін атап өтті. 
Сондай-ақ, аудан қонақтары Темірландағы Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайына кіріп, дала батыры Қажымұқан Мұңайтпасовтың өміріментанысты. Естелік кітапқа қолтаңбаларын қалдырды. Жұмыс сапары аудан әкімшілігінде тұрғындармен өткен жиынға ұласты. Жиналысты аудан әкімі Р.ҚАЙЫПЖАНОВ ашып, жүргізді. Халық қалаулылары өздерінің атқарып жүрген қызметтері жөнінде жан-жақты әңгімелеп, қатысушылардың бірқатар сұрақтарына жауап берді.