30
01 / 2018

ТӨРТКҮЛДІКТЕРДІ ТОЛҒАНДЫРҒАН МӘСЕЛЕЛЕР

Төрткүл ауылында аудан әкімінің есепті жиналысы өтті. Алдымен ауыл округінің әкімі Өтеміс Мұхтархан атқарылған жұмыстары жөнінде баяндама жасап, жоспарларымен таныстырды. Аудан әкімі Рашид Қайыпжановтың есепті мәлімдемесінен соң, ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салды.
Ауыл округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Шалтайұлы Жүнісбай Төрткүлдегі мәдениет үйінің залына жылу жүйесі қосылса, іс-шараларды сол жерде өткізуге болар еді деген тілегін жеткізді. Көкарал ауылының тұрғыны Нұржанов Қайым ауылдағы медициналық бекетке жаңа ғимарат керек деді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Көкарал, Еңбекші болып екіге бөлініп кеткен. Бұл екі ауылдың шекарасы көшемен ғана бөлініп тұр. Құжат дайындауда қиындықтар туындауда. Сол себепті ауылға тек бір атау қалдырылса деген өтінішін жеткізді. Төрткүлдік Кәрібайұлы Аман: “Бұрыңғы Кеңес Одағындағы тік дренаждар істемейді. Сол себепті ауылшаруашылық жерлер сорлануда. Сорланудың салдарынан егін өнімі төмендеуде. Сондықтан тік дренаждарды іске қосу керек және көлденең дренаждарды механикалық тазалаудан өткізу керек”, – деп, аудан басшысынан осы мәселені бақылауына алуды сұранды.
Зейнеткер Тұрлыбеков Сейділлә бұрын Төрткүлде кәсіптік техникалық училище болғанын, сол жерде жеткіншектер оқып, білім алып, шаруашылыққа қажетті /слесарь, токарь, жүргізуші, механик т.б/ мамандық алып, жұмыс істегенін айта келе, жеке азаматтардың меншігіндегі екі көпқабатты тұрғын үйлерді сатып алып, кәсіптік техникалық училище ашу мүмкіндігі жөнінде сауал қойды. Қызылжар ауылының биі Тоқбергенов Кенже электр бағаналар мен желілердің тозғанын, трансформаторлардың күші жетпейтінін алға тартып, осы мәселеге көңіл бөлуді сұранды.
Рашид Үсіпханұлы айтылған өтініш-тілектердің назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылатынын мәлімдеді.
Тұрғындар қос әкімнің де тірлігіне ризашылығын жеткізіп, жұмыстарын қанағаттанарлық деп бағалады.