30
01 / 2018

БӨГЕНДЕГІ ТІРЛІКТЕРГЕ БАҒА БЕРІЛДІ

Бөген ауылында өткен есепті мәжілісте тұрғындардан өткен жылы түскен өтініш-тілектері де сараланды. 2017 жылы есеп беру барысында жалпы ауыл тұрғындарынан 4 ұсыныс-пікір түсіп, оларды іске асыру іс-шаралар жоспары бекітілді. Кемер ауылына ауыз су құбырын тартуға аудандық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан 2018 жылға жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлуге сұраныс жасалды. Кемер ауылына бастауыш мектеп ашуға талдау жұмыстары жүргізілуде, қазіргі таңда мектеп оқушыларын тасмалдауға автобус бөлуге ұсыныс енгізілді.
Бөген аумағындағы “ЛБК” арнасының 2,6 шақырымы биыл механикалық тазалаудан өткізіледі. Бөген ауылынан күл қоқыс тастайтын полигонның сметалық құжаттары әзірленуде.
Бұл жолы ауыл тұрғындары ағын су, көшені жарықтандыру мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, ауылдық амбулаториялық емханаға тұрақты дәрігер бекітілсе деген тілегін жеткізді.
Аудан әкімі Рашид Қайыпжанов биылғы жылдың басты жаңалығы – ауыл округі әкімдері өз бюджеттерін өздері қалыптастыратынын, төленген салық ауылды көркейтуге, дамытуға бағытталатынын атап өтті.
– “Ауылына қарап азаматын таны” деген ұлағатты сөз бар. Көпшілікпен жасаған тірлік өнімді. Сондықтан, ауылдың ажарлануы өздеріңізге байланысты. Қаржыны қажет ететін мәселелерді шешуге біз де өз тарапымыздан ат салысамыз. Алайда ел ішіндегі бірлік, ынтымақ, ұйымшылдық – Сіздерге жүктелетін жауапкершілік, – деп, жиынды қорытындылады.