05
02 / 2018

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР БАҒАЛАНЫП, ЖАҢА МЕЖЕЛЕР БЕЛГІЛЕНДІ

Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Рашид Қайыпжанов 2017 жылы атқарылған жұмыстар мен 2018 жылға белгіленген міндеттер жөнінде Ордабасылықтар алдында есеп берді. Жиналысқа Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Әуелхан Тұрғынбеков арнайы қатысты.
Алғаш болып сөз алған аудан әкімі Рашид Үсіпханұлы былтырғы атқарылған тірліктерді тізбектеп, көпшілікті алға қойылған міндеттермен таныстырды.
Жалпы ауданның 2018 жылға арналған бюджет көлемі 16 млрд. 004 млн. теңге болып бекітілді.Ауылшаруашылық саласы бойынша аудан көлемінде жалпы өнім көлемін 36 млрд. теңгеге, егістік жерлердің көлемін 54 200 гектарға жеткізіп, қосымша 1000 гектарға ұлғайту, жылыжай көлемін қосымша 16 гектарға, қарқынды бау көлемін 187 гектарға ұлғайту, сондай-ақ «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша асыл тұқымды мал басын 6583 басқа арттыру межеленуде. Бөген ауыл округінен «Қарабала» шаруа қожалығымен, Бөржар ауыл округінен «Миграж Б» ЖШС-гі мал бордақылау алаңын 1000 басқа ұлғайтуды және Қарақұм ауыл округінен «Сәтті жол-1» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі ет өңдеу цехын іске қосуды жоспарлауда. Ағымдағы жылы 6 канал облыстық бюджет есебінен механикалық тазалаудан өткізіледі. Өнеркәсіп өнімінің көлемін 17 млрд. 934 млн. теңгеге жеткізіп, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индекісі 105 пайызға арттыру көзделуде. Қазақ-Түрік индустриялды аймақта орналасқан, индустрияландыру картасы аясында құны 7 млрд. 025 млн теңгені құрайтын 3 жобаны, 190 жаңа жұмыс орнымен іске қосылады деп күтілуде. Құрылыс саласында Теспе, Береке ауылдарынан 200 орындық, Шұбарсу ауылынан 600 орындық «Достық» жалпы орта мектептерінің құрылысын аяқтап, Арыстанды, Ордабасы ауылдарынан 200 орындық жалпы орта мектеп құрылыстары басталады. Коммуналдық сала бойынша Арыстанды, Боралдай, Жусансай ауылдарының ауыз су жүйесінің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
Ықыластемір және Теспе ауылдары табиғи газбен қамтылып, Темірлан ауылына табиғи газ құбырын тарту жұмыстары басталады. Өңірлерді дамыту бағдарламасымен аудандық бюджет есебінен жалпы 455 млн. 694 мың теңгеге аудан бойынша ішкі көшелерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Ауданның Құрметті азаматы Қойшыбай Әріпбаев аудан басшысының есебіне қанағаттанғанын айта келе, ауданда ет пен тері өнімдерін өңдейтін өндіріс орындарын ашылса деген өтінішін жеткізді. Ал, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Мәрия Зәйтүнқызы жас отбасылар мен жас мамандарға берілетін коммуналды үйлердің қатары артса деп ұсыныс айтты. Аудандық мәслихаттың депутаты Замира Маханова “Балапан” бағдарламасымен жұмыс жасап отырған балабақшаларға бөлінетін қаржы мәселесін көтерді.
Басқосуды қорытындылаған Әуелхан Елтайұлы ауданда тындырылған тірлік бар екенін, әйтсе мұнымен шектелмеу қажеттігін атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында нақтыланған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұрғындарды жұмылуға шақырды. Әсіресе кәсіпкерлік пен өндіріс саласын жетілдіру елді жетістікке жеткізетінін тілге тиек етті.