12
03 / 2019

Қазақстанға келетін шетелдіктер миграциялық ХҚО арқылы тіркеуге тұра алады

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының миграциялық ХҚО-сы арқылы көрсетілетін қызметтер саны толыға түсті. Енді Қазақстан Республикасына уақытша келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар көші-қон қызметтері орталығының қызметіне жүгіне алады. Бұған дейін бұл қызмет тек ҚР ІІМ көші-қон комитеті тарапынан көрсетілетін. 

18 ақпаннан бастап көрсетіле бастаған жаңа қызмет түрін пайдалану үшін шетелдік азаматтың өзімен бірге келесі құжаттары болуы тиіс:

  • ҚР аймағына кіруге визасы бар шетелдіктің не азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын жарамды құжаты;
  • Шекараны кесіп өткені туралы белгісі бар көші-қон карточкасы;
  • Еркін түрде жазылған қолдаухат.

Қызмет алушылар ҚР аймағына 6 айдан артық мерзімге келетін болса, қосымша толтырылған 2 мекенжайға келу парағын, келу парағына толтырылған статистикалық есепке алу талоны мен 3,5*4,5 көлеміндегі бір фотосурет тапсыруы керек.

Миграциялық ХҚО арқылы шетелдіктер бір күннің ішінде тіркеуге тұра алады. Мұндай орталық мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі еш кедергісіз алуға мүмкіндік береді, жемқорлық әрекетіне жол бермейді.

Жаңадан қосылған қызметтен бөлек, мұнда шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат беретін құжатты алып, ҚР аумағына уақытша келетіндер жеке сәйкестендіру нөмірін рәсімдей алады.  Естеріңізге сала кетейік, еліміздің 13 қаласында көші-қон қызметтерінің орталығы жұмыс істейді. Тағы төрт (Павлодар, Өскемен, Тараз, Түркістан обл.)  Миграциялық ХҚО жыл соңына дейін ашылатын болады.

«Азаматтарға арналған үкімет»

мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ