17
06 / 2019

Кәсіпкерлік қызметін тоқтата тұрған дара кәсіпкерлердің назарына

Салық органдарының жұмыс барысында салық төлеуші өтініш негізінде өз кәсіпкерлік қызметін белгілі бір кезеңге тоқтата тұрады да, соңында тоқтатылған мерзімнің аяқталу кезеңі және өзінің кәсіпкерлік қызметімен байланысты салық міндеттемелері, соның ішінде салықтық есептілікті ұсыну міндеттемелері туралы ұмытып кететін жағдайлар жиі кезедеседі.

Соның салдарынан дара кәсіпкердің банктік шоттары бойынша шығыс операциялары салық органдары хабарламаларының орындалмауы себебіне байланысты тоқтатылады.

Соған байланысты салық органдары салық төлеушi (салық агенті) Салық кодексінде белгіленген мерзiмде салықтық есептiлiкті ұсынбаған жағдайда дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның банктік шоттары (корреспонденттікті қоспағанда) бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқылы екендігін назарларыңызға жеткіземіз (Салық кодексінің 118-бабы 1-тармағының 1-тармақшасы) .

Жоғарыда мазмұндалғандардан егер дара кәсіпкер кәсіпкерлік қызметін тоқтата тұрған кезеңі аяқталғаннан кейін салық заңнамасымен белгіленген мерзім ішінде салықтық есептілікті ұсынбаса, салық органы салық төлеушіге салықтық есептілікті ұсынбағаны жайлы хабарлама жолдайды (Салық кодексінің 114-бабы 2-тармағының 5-тармақшасы).

Сонымен бірге егер дара кәсіпкер электрондық салық төлеуші болып саналса аталған хабарлама электронды түрде жолданады, ал егер дара кәсіпкер электрондық салық төлеуші болып табылмаса, онда хабарлама жеке кәсіпкер орналасқан жері бойынша жолданатындығын ескерете кету қажет (Салық кодексінің 115 бабы).

Дара кәсіпкер салықтық есептіліктің ұсынылмауы туралы хабарламаны хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде орындауы тиіс (Салық кодексінің 115-бабы 5-тармақшасы).

Егер салық төлеушімен аталған хабарлама жоғарыда көрсетілген мерзім ішінде салықтық есептілікті ұсыну арқылы орындалмаса салық органы салық төлеушінің шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiм шығарады. Ол екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым оны алған күннен бастап күшiне енедi (Салық кодексінің 118-бабының 3-тармағы).

Содан кейін, шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiм шығарған салық органы банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру себептерi жойылған күннен кейiнгi бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiмнiң күшiн жояды, яғни салықтық есептілік ұсынылғаннан кейін.

 

Ордабасы ауданы бойынша

Мемлекеттік кірістер басқармасы