18
07 / 2019

Арыс қаласының ХҚО қызметкерлері ұжымдастарына алғыс айтты

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Арыс қаласы бойынша бөлімі орын алған төтенше жағдайдан кейін алғашқылардың бірі болып ғимаратын жөндеуден өткізіп, бүгінде өз жұмысын қалыпты тәртіпте қайта жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, апат кезінде бөлімнің 57 қызметкері отбасымен бірге көрші елдімекендерге эвакуацияланған болатын. Қиын жағдайға душар болған әріптестеріне басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның үлгісімен барлық облыстардағы корпорация филиалдарының қызметкерлері көмек қолын созып, бір күндік жалақыларын аударды. Қауіп басылған соң жерлестерімен бірге үйлеріне оралған ХҚО қызметкерлері жұмысын тоқтатпай, жергілікті әкімдікпен бірлесе штабтарда, далалық жағдайда аппаттан зардап шеккен арыстықтардың құжаттарын ретке келтіру үшін үздіксіз қызмет етті. Түркістандық әріптестеріне «Азаматтарға арналған үкіметтің» көрші облыстардағы филиалдарынан мобильді ХҚО-лар көмекке келіп, қолдау көрсетті.

«Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектен бөлек, әріптестеріміздің осындай қамқорлығынан үлкен қолдау сезіндік. Біз тағы да мықты команда екенімізді дәлелдедік. Нағыз ұжымдастар деген, міне, осындай болу керек. Оның ішінде әріптестеріне ерекше жанашырлық танытып, қомақты көмек көрсеткен Түркістан облысы бойынша филиал қызметкерлерін атап өткім келеді. Жиналған қаржының арқасында әр қызметкерге 300 мың теңгеге жуық материалдық ақшалай көмек көрсетілді. Бүгінде бөлім қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр», – деп «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Түркістан облысы бойынша филиал директоры Ержан Жеңісбеков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы әріптестеріне алғысын білдірді.

«Азаматтарға арналған үкімет»

мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ

Түркістан облысы бойынша филиалының

баспасөз қызметі