06
11 / 2019

БЖЗҚ-дан берілген зейнетақы туралы шартты қалай қалпына келтіруге болады?

          Осыдан екі апта бұрын Талдықорған қаласынан Алматы қаласына көшу барысында БЖЗҚ-дан берілген зейнетақы туралы шартты жоғалтып алдым. Оны қалай қалпына келтіруге болады? Оған енді жаңа мекенжайымды енгізуім керек пе?

Қазіргі уақытта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың орнына жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу туралы  өтініштің көшірмесі (телнұсқасы) беріледі. Оны алудың екі жолы қарастырылған:

1) Қордың жергілікті бөлімшесіне жеке басыңызды куәландыратын құжатпен өзіңіз келіп ЖЗШ ашу жөніндегі өтініштің көшірмесін алуға өтініш білдіресіз. Қор бөлімшелерінің мекенжайлары оның ресми сайтында көрсетілген.

2) Қордың enpf.kz ресми сайтының «Жеке кабинет» бөлімі арқылы «ЖЗШ шоттар жөнінде анықтама алу/ЖЗШ шотын ашу туралы өтініш/жаңа редакциядағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт» нысанынан  электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) өзекті кілті арқылы алуға болады. Сонымен қатар өтініштің көшірмесін Қор сайтының «Жеке кабинет» бөлімі арқылы логин және құпия сөздің (пароль) көмегімен де алуға болады. Қазір логиннің орнына жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) пайдаланылады.

Мекенжайдың өзгеруіне қатысты айтарымыз, салымшы Қордың өз міндеттемелерін орындауына әсер ететін барлық өзгерістер жайлы Қорға он жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.

Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндеттемелерін орындауына әсер ететін өзгерістер: БЖЗҚ дерекқорында көрсетілген мекенжайдың, электрондық поштаның (e-mail), ұялы телефонның нөмірі, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініште көрсетілген банк деректемелерінің өзгеруі.

Өзгерістер туралы Қорға жеке басын куәландырушы құжатпен барғанда; пошта байланысы немесе электрондық пошта (жеке басын куәландырушы құжаттың көшірмесін қоса отырып, тегін, есімін, әкесінің атын (бар болса) туған күнін, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) көрсетеді) арқылы хабарлай алады. Не болмаса электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып (ЭЦҚ) www.enpf.kz сайтының Жеке кабинеті және «Электрондық қызмет көрсету» бөлімі арқылы өзгерте алады.