06
11 / 2019

БЖЗҚ маған зейнетақы қалай төлейтінін білгім келеді?

          Менің зейнетке шыққаныма екі жыл болды. Таяуда жұмыс берушімнің зейнетақы қорындағы шотыма міндетті зейнетақы жарналарын аударғаны туралы құжат тауып алдым. Енді Қордағы бұл жинақ ақшаны қалай алуға болады?

2018 жылдың қазанында зейнетақы қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында зейнетақы төлемдерін «Бір терезе» қағидасы бойынша жүзеге асыру үшін Композиттік қызмет іске қосылды. Соған сәйкес зейнет жасына толған азаматтар мемлекеттік зейнетақылар (ортақ және базалық зейнетақы) мен зейнетақы қорындағы жинақтары есебінен берілетін төлемдерді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімдейді. Бұған дейін жинақ ақшасы есебінен төлемдерді алу үшін Қорға жүгінетін.

Сіз бюджеттен алатын зейнетақыларыңызды рәсімдеп, Қор төлемдері бойынша өтініш жасамағансыз. Енді БЖЗҚ төлемдерін алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгініп, өтініш беруіңіз керек. Оған қоса жеке басыңызды куәландыратын құжаттың көшірмесі мен салыстыру үшін түпнұсқасын және банк шотыңыз туралы мәлімет ұсынасыз. Сонда зейнетақы жинақтарыңыз есебінен төлемдерді мемлекеттен алатын зейнетақымен бір мезгілде алып отыратын боласыз.