АУДАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

КЕЗЕКТІ МОНИТОРИНГ ЖҰМЫСТАРЫ ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ЖОЛДАРЫНА ЖҮРГІЗІЛДІ

Бүгін 12 қараша күні «Сапалы жол – Түркістан Адалдық алаңы» Жобалық кеңсесі аясында Ордабасы ауданында мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен салынған жергілікті жолдарға мониторингтік бақылау жұмыстары жүргізілді.

Автокөлік  жолдарының сапасын сараптау мақсатында  жүргізілген  қоғамдық бақылау жұмыстарына «Түркістан – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Е.Тұңғышбаев, аудан әкімінің орынбасары А.Оралбаев,  «Ұлттық жол активтері сапасы» орталығы Түркістан облысы бойынша филиалы мамандары, Ордабасы аудандық арнайы мониторингтік топ мүшесі Н.Көшбаев, аудандық «Nur otan» партиясы филиалының сектор меңгерушісі Г.Толыбаева, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Искаков, сектор меңгерушісі Ғ.Оспанқұл, ұйымдастыру инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Н.Амангелдиев және мердігер компания басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Мониторинг жұмысы аудан орталығының Темірлан ауылында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан жолдардың сапасына жүргізілді.

Жылжымалы жол зертханасы арқылы жаңадан салынған 4 көшеден, яғни Рахымбердиев, Төлеби, ПМК және  Ынтымақ көшелерінен сынама алынды.

Асфальт бетон кесінідісі алынған жолдар жамылғысының қалыңдығы сметалық құжатқа сай, сондай-ақ, тексеру жұмыстары жүргізілген барлық көшелердің жол жиегінде жарылулар, екі көшенің қосылған жерлерінде тегісіздік, үгітулер анықталған.

Нәтижесімен мердігер компания басшылығына жолдарды талапқа сай қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Жобалық кеңсенің негізгі мақсаты – автомобиль жолдарының сапасын арттыруға бағытталған.

Айта кетсек, алдағы уақытта Түркістан облысына қарасты барлық аудан/қалалардың жолдары бақылауға алынып, мониторингтік жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады.

13.11.2019

Хабарландыру

Үкіметтің Қаулысына (2019 жылғы 30 қыркүйектегі № 726) сәйкес «Тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамаларын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап қолданыстан алынады.

Сәйкесінше барлық мекемелерде: мектептер, ауруханалар, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықтары, елшіліктер мен консулдықтарда, трансұлттық компаниялар, халықаралық ұйымдарда – қандай да жағдай болмасын Қазақстан Республикасының азаматтарынан тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамалары талап етпеуге тиіс.

Талап етілген жағдайда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне 8/725 -33/5-94-75 телефоны бойынша хабарласуға болады.

08.11.2019

ТҰРҒЫНДАР БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫНЫҢ ИГЕРІЛУІН САЙТ АРҚЫЛЫ БАҚЫЛАЙ АЛАДЫ​ ​

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен өңірлерде «Ашық бюджеттің интерактивті картасы» Жобасы іске қосылды.
Жобаның мақсаты – мемлекеттік және жергілікті бюджеттің атқарылуы мен тиімді жұмсалуы жөніндегі ақпаратқа қолжетімділіктің төмендігін, олар бойынша ұсыныстар мен арыз-шағым беру кезінде бюрократиялық кедергілердің алдын алып, бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету.​
Аталған жобаның басты ерекшелігі – ашық ақпаратты, мобильділікті және тұрақты түрде бақылау жасау мүмкіндігінің болуы.
Карта нақты уақыт режимінде әлеуметтік нысандарды салу, жөндеу және күтуге бөлінген бюджет қаражаты туралы толық мәліметті көрсетеді.​
Карта мердігерлер, бөлінген қаржы, құрылыстың мерзімі, кепілді міндеттемелер, құрылыстың егжей-тегжейін, асфальт төсемінің қалыңдығы туралы да ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.​
Кез келген тұрғын осы процесстерді тәулік бойы бақылап, оларды құжаттамамен тексеріп, сәйкессіздіктер туындаған жағдайда, тиісті фотолар мен бейнематериалдарды тіркей отырып, мемлекеттік органға хабарлай алады.​
Егер жолдарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, немесе жол қанағаттанарлықсыз жағдайда және жөндеу жұмыстары ұзақ уақыт жүргізілмесе, азаматтар интерактивті карта сайтына кіріп​ (www.publicbudget.kz)​ ​ қала картасынан нысанды тауып, тиісті пікір қалдыру қажет.​
Картада жолдарды жөндеу және салу жөніндегі деректер ғана емес, мектептер, емханалар сияқты барлық әлеуметтік нысандарға бөлінген бюджеттік қаражат жөнінде толық мәліметтер көрсетілген.
Бұл мектептерде іріктеуге қатысты сауалдар, емханада медициналық қызмет көрсетудің сапасы, көшелерге салынған жол сапасы және құрылыс нысандарының сапасы немесе мемлекеттік органға шағым болуы мүмкін.​
Түскен арыз шағымдар бойынша тиісті мемлекеттік орган жауап береді, ал егер арыз-шағымдардың ішінде сыбайластық элементтері болған жағдайда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментімен назарға алынып, Заң аясында жұмыстар жүргізіледі.
Осылайша, азаматтардың облыста орналасқан әрбір мекемеге бөлінген қаражаттың игерілуіне қатысты толық ақпаратқа қол жеткізуге жағдай жасалған.
Айта кетейік, бүгінде аталған Картаға Ордабасы ауданындағы 77 мекеменің барлығы толықтай өз бюджеттерін жариялады.

06.11.2019

2019 жылдың 1 қазанына қарасты БЖЗҚ-ның негізгі көрсеткіштері

2019 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 10,4 трлн теңгені құрады. Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша жинақтар сомасы – 10,2 трлн теңге; міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша жинақтар сомасы – 233,6 млрд теңге және ерікті зейнетақы жарналары бойынша (ЕЗЖ) жинақтар сомасы – 1,9 млрд теңге болды.

Жыл басынан бері зейнетақы жинақтары 1,04 трлн теңгеге немесе 11 пайызға өсті. Бұл ретте зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша түсімдер – 714,3 млрд теңге; таза инвестициялық табыс көлемі – 481,9 млрд теңге және зейнетақы төлемдері – 154,2 млрд теңге болды.

Есепті кезеңде БЖЗҚ-да 308,5 мың жеке зейнетақы шоты ашылды. Оның ішінде 273,6 мың шот МЗЖ есебінен ашылғанын айта кеткен жөн. Ал бұл шоттардың 64 пайызын 30 жасқа дейінгі салымшылар ашқан. Қарастырылып отырған кезеңде ай сайынғы міндетті зейнетақы жарналарының орташа сомасы – 17 149 теңгеге жетті.

2019 жылдың 9 айы ішінде белсенді салымшылардың саны – 6,1 млн адам, олардың ішінде 6 және одан да көп жарна жасағандар – 4,6 млн адам болды.

(2018 жылы белсенді салымшылардың саны – 6,4 млн адам, олардың ішінде 6 жарнадан 12 жарнаға дейін аударғандар саны – 4,96 млн адам болған еді).

2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында салымшылар мен алушылардың шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 481,9 млрд теңгеден асты. Бұл ретте зейнетақы жинақтарының табыстылығы соңғы 12 ай ішінде 8,4 пайызды құрады. Бұл кезеңде инфляция деңгейі 5,3 пайызды көрсетті. Осылайша зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляциядан жоғары болып, нақты табыстылық оң сипатқа ие болып отыр.

Жыл басынан бері зейнетақы төлемдері 154,2 млрд теңгеге жетті. (Бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен 23,2 млрд теңгеге немесе 18 пайызға жоғары). Оның ішінде:

– зейнет жасына толуға байланысты – 51,0 млрд теңге;

– 1 және 2 топтарда мерзімсіз мүгедектігі бар жандарға – 1,3 млрд теңге;

– Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға кетуге байланысты – 35,1 млрд теңге;

– мұрагерлік бойынша – 20,2 млрд теңге;

– жерлеуге байланысты – 2,3 млрд теңге;

– басқа тұлғаларға – 0,1 млрд теңге;

– өмірді сақтандыру бойынша компанияға (ӨСК) – 44,1 млрд теңге төленді.

Кесте бойынша ай сайынғы төлемдердің орташа сомасы 21 022 теңгені құрады. Бұл ретте ең жоғары төлем 514 666 теңге болды.

МЗЖ бойынша зейнетақы жинақтарының орташа сомасы 1,1 млн теңгеге жетті. Оның ішінде жинақтардың орташа сомасы ерлерде – 1,2 млн теңге, ал әйелдерде – 0,92 млн теңгені құрады. Бұл ретте зейнетақы жарналарын Қорға 20 жыл бойы тұрақты аударып келген ер азаматтардың жинақ ақшасының орташа көлемі – 5,1 млн теңге, ал әйелдерде – 3,9 млн теңгеге жетті.

БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының маңыздылығы және зейнет жасы туралы ерте бастан ойлану керектігі туралы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Мысалы, 2019 жылдың 9 айы ішінде ел өңірлеріндегі түрлі кәсіпорындарда 25,5 мың көшпелі шара жүзеге асырылды. Бұл кездесулерге 738,5 мың адам қатысты.

Есепті кезеңде зейнетақы қызметтерін көрсету аясында барлығы 13,4 млн операция жүзеге асырылды. Олардың басым бөлігі, яғни 10,8 млн операция (немесе 80,7%) электрондық үлгіде орындалды. Есепті кезеңде БЖЗҚ кеңселерінде 2,5 млн қызмет көрсетілді. Қордың республикалық, облыстық маңызға ие қалаларда және аудан орталықтарында орналасқан 215 кеңсесінде күн сайын 14 мыңдай операция жүзеге асырылады. Бұдан басқа «Қазпошта» АҚ-тың 194 елдімекенде орналасқан бөлімшелерінде БЖЗҚ қызметтері ішінара қолжетімді.

БЖЗҚ-ның әр түрлі байланыс арналары (байланыс орталығы, әлеуметтік желілер, мессенджерлер және т. б.) арқылы ел азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша қойған 508,2 мың өтініші қаралып, өңделді.

Тұрғындарға арналған «Ашық есік күндері» және журналистер мен сарапшыларға арналған «Қаржы журналистикасы мектебі» шаралары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Олардан басқа БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңес сарапшыларымен үш ай сайын кездесу өткізіледі.

Қор сонымен қатар көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және жетілдіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Мысалы, Қор мамандарының күшімен әзірленген ұялы қосымша таяуда қайта жаңартылып, оны қолдану барынша ыңғайлы бола түсті. Еске саламыз, Қордың қазақ және орыс тілінде жұмыс істейтін ұялы қосымшасы арқылы жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алуға, сондай-ақ зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткіштерді, шарттардың деректемелерін, жаңалықтарды, Қор филиалдарының байланыс нөмірлері мен мекенжайларын көруге болады. Енді осы қызметтердің қатары жаңа мүмкіндіктермен толықты. Олар: болжамды зейнетақы калькуляторы, онлайн-бот және халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына өтініш жасауға мүмкіндік беретін қызметтер. Бұл ретте зейнетақы калькуляторы арқылы болашақ зейнетақыны есептеуге мүмкіндік берілсе, онлайн-бот арқылы жиі қойылатын сұрақтарға жауап алуға болады.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

06.11.2019

БЖЗҚ-дан оның шоты бойынша үзінді көшірме алу үшін қандай құжаттар тапсыру керек?

Менің атам кәрілік салдарынан ақыл-есін жоғалту ауруына шалдығып, ауруханада жатыр. Мен оның қамқоршысымын. БЖЗҚ-дан оның шоты бойынша үзінді көшірме алсам деп едім. Бұл үшін құжаттар тапсыру керек? 

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 26-бабына сәйкес психикалық аурулар немесе кемақылдылық салдарынан өз әрекетінің мәнін түсінбейтін немесе өзін басқара алмайтын азаматты сот іс-әрекетке қабілетсіз деп тануы мүмкін. Осыған байланысты оған қамқоршы тағайындалады. Ол іс-әрекетке қабілетсіз адамның атынан мәміле жасауға құқылы. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан салымшы мен алушының (инвестициялық табысты ескере отырып) зейнетақы жинақтары туралы ақпарат мына құжаттар ұсынылған жағдайда беріледі:

1) әрекет етуге қабілетсіз/әрекет ету қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамның жеке басын куәландырушы құжат (түпнұсқа);

2) заңды өкілдің жеке басын куәландырушы құжат (түпнұсқа);

3) заңды өкілдің мәртебесін растайтын құжат (түпнұсқа).

06.11.2019

Жеке зейнетақы шотымдағы қалдық ақша мен оның қозғалысы туралы анықтама кімдерге беріледі?

Мен банктен кредит алған едім. Қазір төлеу мерзімін өткізіп алдым. Банк сотқа арызданбақшы. Менің білгім келетіні, жеке зейнетақы шотымдағы қалдық ақша мен оның қозғалысы туралы анықтама кімдерге беріледі?

БЖЗҚ «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 57-бабына сәйкес зейнетақы жинақтарының құпия сақталуына кепілдік береді. Бұл ретте зейнетақы жинақтарының құпиясы салымшының өзіне және оның заң бойынша рәсімдеген жазбаша келісімі бойынша кез келген үшінші адамға ашылуы мүмкін.

Сонымен жеке зейнетақы шоттарындағы ақша сомасы және оның қозғалысы туралы анықтамалар:

1) анықтау және алдын ала тергеу органдарына – олардың жүргiзуіндегі қылмыстық iстер бойынша;

2) соттарға – сот ұйғарымының негiзiнде олардың жүргізуіндегі iстер бойынша;

3) сот орындаушыларына – сот орындаушысының прокурор санкциялаған

қаулысы негізінде олардың жүргізуіндегі атқарушылық құжаттар бойынша;

4) мемлекеттік кіріс органдарына – міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеуге, ұстап қалуға (есебіне жазуға) байланысты мәселелер бойынша;

5) уәкілетті органға – салымшының (алушының) өтінішіне байланысты не оның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының қызметіне тексеруді жүзеге асыруына байланысты туындаған мәселе бойынша;

6) прокурорға – оның қарауындағы материал бойынша өзінің құзыретi шегіндe тексеру жүргiзу туралы қаулы негiзiнде;

7) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға;

8) салымшының (алушының) өкілдеріне – нотариат куәландырған сенiмхат немесе сот шешімінің негiзiнде;

9) Мемлекеттік корпорацияға (Халыққа қызмет көрсету орталығы) – салымшының (алушының) өтініші негізінде мемлекеттік қызметтер көрсету үшін;

10) орталық атқарушы органға – салымшының (алушының) өтінішіне байланысты туындаған мәселе бойынша;

11) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы

қорының жыл сайынғы мiндеттi аудитiн жүргiзетiн аудиторлық ұйымдарға берілуі мүмкін.

Ал зейнетақы жинақтарының құпиясын құрайтын мәліметтерді жоғарыда аталған жағдайларды қоспағанда, жария етуге құқығы жоқтар жария еткені үшін жауапқа тартылады. Сонымен қатар қайтыс болған салымшылардың заң бойынша немесе өсиет бойынша мұрагерлері мұра қалдырушының зейнетақы шотының бар болуы, онда қанша ақша бар екендігі және оның қозғалысы туралы анықтаманы Қорға  жазбаша сауал жолдау арқылы алуға құқы бар. Бірақ бұл үшін оларда Мұрагерлік құқығы туралы куәлігі болуы керек. Бұдан басқа мұндай анықтама соттарға да олардың жүргізуіндегі мұрагерлік істер бойынша беріледі.

Тағы бір айта кететін жәйт, салымшы (алушы) қайтыс болған жағдайда жеке зейнетақы шотының бар-жоғы туралы, ондағы ақшаның қалдықтары мен қозғалысы туралы анықтамалар нотариустарға және шетелдiк консулдық мекемелерге олардың жүргізуіндегі мұрагерлiк iстер бойынша беріледi.

06.11.2019

БЖЗҚ-дан берілген зейнетақы туралы шартты қалай қалпына келтіруге болады?

          Осыдан екі апта бұрын Талдықорған қаласынан Алматы қаласына көшу барысында БЖЗҚ-дан берілген зейнетақы туралы шартты жоғалтып алдым. Оны қалай қалпына келтіруге болады? Оған енді жаңа мекенжайымды енгізуім керек пе?

Қазіргі уақытта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың орнына жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу туралы  өтініштің көшірмесі (телнұсқасы) беріледі. Оны алудың екі жолы қарастырылған:

1) Қордың жергілікті бөлімшесіне жеке басыңызды куәландыратын құжатпен өзіңіз келіп ЖЗШ ашу жөніндегі өтініштің көшірмесін алуға өтініш білдіресіз. Қор бөлімшелерінің мекенжайлары оның ресми сайтында көрсетілген.

2) Қордың enpf.kz ресми сайтының «Жеке кабинет» бөлімі арқылы «ЖЗШ шоттар жөнінде анықтама алу/ЖЗШ шотын ашу туралы өтініш/жаңа редакциядағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт» нысанынан  электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) өзекті кілті арқылы алуға болады. Сонымен қатар өтініштің көшірмесін Қор сайтының «Жеке кабинет» бөлімі арқылы логин және құпия сөздің (пароль) көмегімен де алуға болады. Қазір логиннің орнына жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) пайдаланылады.

Мекенжайдың өзгеруіне қатысты айтарымыз, салымшы Қордың өз міндеттемелерін орындауына әсер ететін барлық өзгерістер жайлы Қорға он жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.

Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндеттемелерін орындауына әсер ететін өзгерістер: БЖЗҚ дерекқорында көрсетілген мекенжайдың, электрондық поштаның (e-mail), ұялы телефонның нөмірі, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініште көрсетілген банк деректемелерінің өзгеруі.

Өзгерістер туралы Қорға жеке басын куәландырушы құжатпен барғанда; пошта байланысы немесе электрондық пошта (жеке басын куәландырушы құжаттың көшірмесін қоса отырып, тегін, есімін, әкесінің атын (бар болса) туған күнін, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) көрсетеді) арқылы хабарлай алады. Не болмаса электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып (ЭЦҚ) www.enpf.kz сайтының Жеке кабинеті және «Электрондық қызмет көрсету» бөлімі арқылы өзгерте алады.

 

06.11.2019

БЖЗҚ маған зейнетақы қалай төлейтінін білгім келеді?

          Менің зейнетке шыққаныма екі жыл болды. Таяуда жұмыс берушімнің зейнетақы қорындағы шотыма міндетті зейнетақы жарналарын аударғаны туралы құжат тауып алдым. Енді Қордағы бұл жинақ ақшаны қалай алуға болады?

2018 жылдың қазанында зейнетақы қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында зейнетақы төлемдерін «Бір терезе» қағидасы бойынша жүзеге асыру үшін Композиттік қызмет іске қосылды. Соған сәйкес зейнет жасына толған азаматтар мемлекеттік зейнетақылар (ортақ және базалық зейнетақы) мен зейнетақы қорындағы жинақтары есебінен берілетін төлемдерді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімдейді. Бұған дейін жинақ ақшасы есебінен төлемдерді алу үшін Қорға жүгінетін.

Сіз бюджеттен алатын зейнетақыларыңызды рәсімдеп, Қор төлемдері бойынша өтініш жасамағансыз. Енді БЖЗҚ төлемдерін алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгініп, өтініш беруіңіз керек. Оған қоса жеке басыңызды куәландыратын құжаттың көшірмесі мен салыстыру үшін түпнұсқасын және банк шотыңыз туралы мәлімет ұсынасыз. Сонда зейнетақы жинақтарыңыз есебінен төлемдерді мемлекеттен алатын зейнетақымен бір мезгілде алып отыратын боласыз.

 

06.11.2019

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақ ақшамды қалай алсам болады?

Менің ұлым он жылдан астам уақыттан бері    Ресейдің Челябинск қаласында тұрады. Қазір мен де Ресейге қоныс аударуды ойластырып жүрмін. Ендеше Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақ ақшамды қалай алсам болады?

Егер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ, Қор) міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен жинақтарыңыз болса, Қазақстан Республикасынан тысқары жерге қоныс аударуыңызға байланысты оларды толық мөлшерде алуыңызға құқыңыз бар. Бұл ретте Қорға құжаттарды тапсырудың мынадай тәсілдері ұсынылады:

– Қор бөлімшесіне тікелей келіп өтініш жасау;

– пошта байланысы;

– үшінші тұлға (сенім білдірілген тұлға) арқылы. Бұл ретте құжаттар сенім білдірілген тұлға Қор кеңсесіне келген жағдайда ғана қабылданады.

Есіңізде болсын, Сіз Қорға өтініш жасамай тұрып, шетелге тұрақты тұруға кетуіңізді ресми түрде рәсімдеп алуыңыз керек. Бұл зейнетақы заңнамасының талабы.

Егер шетелге біржола қоныс аударатындар жинақтарын алу үшін Қор бөлімшесіне өздері келіп өтініш жасаса:

1) БЖЗҚ ішкі құжатымен бекітілген нысан бойынша толтырылған өтінішті;

2) егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдік паспорттың көшірмесін және салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын (Ресей Федерациясы азаматының ішкі паспорты жарамайды);

3) алушының банк шоты туралы мәліметтерді ұсынады.

Өтініш сенім білдірілген тұлға арқылы ұсынылса, жоғарыда аталған құжаттарға қоса үшінші тұлға мына құжаттарды тапсырады:

1) нотариат куәландырған сенімхаттың түпнұсқасы немесе оның нотариат куәландырған көшірмесі;

2) үшінші тұлғаның жеке басын куәландырушы құжаттың көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы. Бұл ретте алушының жеке басын куәландырушы құжат нотариат арқылы куәландырылады.

Алушының өтініші пошта байланысы арқылы жолданған жағдайда, алушының жеке басын куәландырушы құжаттың көшірмесі мен өтініштегі қолы нотариат арқылы куәландырылады.

Зейнетақы қоры зейнетақы төлемдерін алушының өтінішінде көрсетілген банк шотына аударады. Егер алушының шоты Қазақстан аумағында жұмыс істейтін екінші деңгейдегі банкте/жекелеген банк операцияларын орындайтын ұйымда ашылса, зейнетақы төлемдері ұлттық валюта – теңгемен аударылады. Ал егер алушының шоты Қазақстан аумағынан тыс жердегі шетелдік банктерде ашылған болса, АҚШ долларымен, евро, фунт стерлинг немесе ресейлік рубльмен аударылады.

БЖЗҚ-ның www.enpf.kz веб-сайтында БЖЗҚ-ға ұсыну тәсіліне қарай құжаттар тізбесі (өзі келіп өтініш жасау, пошта байланысы/үшінші тұлға арқылы), оларды рәсімдеуге қатысты талаптар, өтініш бланкалары мен оларды төлем валютасының түріне қарай толтыру үлгілері, уәкілетті мемлекеттік органдардың түсіндірмелері орналастырылған және олар үнемі жаңартылып отырады.

Егер шетелдік паспортты алу барысында алушының жеке деректемелері, нақты: тегі, есімі, әкесінің аты (әкесі бар болса) немесе туған күні өзгеретін болса, Қорға жоғарыда аталған құжаттарға қоса төменде көрсетілген құжаттардың түспнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі ұсынылуы тиіс:

1) Қазақстан Республикасының уәкілетті органының анықтамасы;

2) шетелдік мемлекеттің уәкілетті органының анықтамасы;

3) тегі/есімі/әкесінің аты өзгергені туралы куәлік/анықтама;

4) некені қию/бұзу туралы куәлік.

Бұл құжаттар шетелдік құжаттарды рәсімдеу талаптарына сай жасалуы және жоғарыда аталған төрт деректеменің өзгергендігін растауы тиіс.

Еске саламыз, Минск және Кишинев конвенциясына сәйкес ТМД елдерінен келген құжаттар заңдастырусыз және апостиль мөрін қоюсыз қабылданады.

06.11.2019