АУДАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Зейнетақы қоры салымшыларының шотындағы инвестициялық табыс күн сайын есептеледі

2018 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) салымшыларының шоттарына 847,1 млрд теңге көлемінде зейнетақы жарналары түсті. Бұл 2017 жылдың сәйкес көрсеткішімен салыстырғанда 92,7 млрд теңгеге, яғни 12 пайызға жоғары. Салымшылар мен алушылардың шоттарына үлестірілген таза инвестициялық табыс 917,1 млрд теңгеге жетті. Ол 2017 жылғы көрсеткішпен (550,5 млрд теңге) салыстырғанда 67 пайызға жоғары. Яғни, 2018 жылы 1 теңге жарнаға 1 теңге инвестициялық табыс есептелді. Бұл Қор құрылғаннан бергі рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды «БЖЗҚ» АҚ баспасөз қызметі.   

    2018 жылы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы 11,27 пайыз болса, осы кезеңде инфляция деңгейі 5,3 пайызға жеткен. Яғни, бір жыл ішінде зейнетақы активтері бойынша нақты, таза табыстылық – 5,97 пайызды құрады. Салыстырып қарайтын болсақ, 2017 жылы зейнетақы активтерінің табыстылығы 7,92 пайыз, ал инфляция деңгейі 7,1 пайыз болған.

    Жалпы зейнетақы активтерінің өсімі шамамен 21 пайыз болды. Зейнетақы активтері жарналардан, төлемдерден және инвестициялық табыстан құралады.

    Зейнетақы жинақтарының нақты табыстылығы 2019 жылдың алғашқы айларында да инфляция деңгейінен 6,1 пайыздық тармаққа жоғары болып отыр: соңғы 12 ай ішінде (2018 жылдың ақпаны мен 2019 жылдың қаңтары аралығында) зейнетақы активтерінің табыстылығы 11,3 пайыз болса, осы кезеңде инфляция деңгейі 5,2 пайызды көрсетті.

    2019 жылдың алғашқы айында салымшылар мен алушылардың шоттарына үлестірілген таза инвестициялық табыс 15,4 млрд теңге болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,6 млрд теңгеге (немесе 57%-ға) жоғары. Инвестициялық табыс салымшылар мен алушылардың шоттарына күн сайын есептеледі. Оның көлемі шоттағы жинақ ақшаның сомасына және оған түсетін жарналардың мөлшері мен шотқа тұрақты аударылуына тәуелді.   

    Инвестициялық табысты есептеу шартты зейнетақы бірлігінің (ШЗБ) құнына байланысты. Әрбір жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары теңгеде және осы шартты зейнетақы бірлігінде есепке алынады. Зейнетақы шотына түскен әрбір зейнетақы жарнасының сомасын Қордағы шартты зейнетақы бірлігіне бөлу арқылы ШЗБ саны есептеп шығарылады.

    Мысалы, Сіздің жеке зейнетақы шотыңызға 10 000 теңге көлемінде зейнетақы жарнасы келіп түсті делік. 2019 жылдың 20 ақпанына қарай ШЗБ құны – 748теңге дейтін болсақ, Сіздің шотыңызға есептелетін ШЗБ саны 13,4 бірлік болады(10 000 теңге/ 748 теңге).

    2019 жылдың 21 ақпанындағы жағдай бойынша ШЗБ құны 750 теңге болды делік. Бұл ретте шотқа есептелген инвестициялық табыс ескерілді. Енді осы күнгі ШЗБ санын есептеп шығару керек. Сіздің шотыңызға есептелген ШЗБ саны ШЗБ-ның ағымдағы құны негізінде былайша қайта бағаланады: 13,4 ШЗБ * 750 теңге = 10 050 теңге. Осылайша Сіздің зейнетақы жинақтарыңыз 2019 жылдың 21 ақпанына қарай 10 050 теңге болады. Бұл ретте зейнетақы жинақтары инвестициялық табыстан (50 теңге) және есептелген жарналардан (10 000 теңге) құралады.   

    Сонымен зейнетақы жинақтары инвестициялық табысты есептеуге байланысты көбейді. Соның арқасында ШЗБ құны 2 теңгеге артты (750 теңге – 748 теңге). Зейнетақы жинақтары мен инвестициялық табыстың мөлшері жарналардың сомасы мен аударылу кезеңіне тәуелді. Сондықтан жарналарды жеке зейнетақы шотына уақытылы және толық көлемде аудару өте маңызды мәселе.

27.03.2019

“ЕЛБАСЫ ЕСІМІН ЕЛОРДАҒА БЕРУДІ ҚОЛДАЙМЫЗ”

  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің өсуі жолында кәсіпкерлікті дамытудың қаншалықты маңызды екенін назардан тыс қалдырған емес.​ Соның нәтижесінде Біз де,​ кәсіпкерлер,​ мемлекет тарапынан тиісті​ қолдауларға тұрақты қол жеткізіп келеміз.

Мен Ұялыжар ауылындағы 17 гектарға тамшылатып суғару әдісімен бау өсіруді қолға алдым.​ Бүгінде​ бау қарқынды өсіп, алғашқы жемісін беріп те үлгерді.​ Жобаның жалпы құны 172 млн.552 мың теңге. Оның 109 млн.895 мың теңгесі “ҚазАгроФинанс” Акционерлік қоғамы арқылы игерілді . Жеке қаржымыз 62 млн.676 мың теңгені құрады. Бауда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтыдық.
Кәсіпкерліктің дамуы ол -​ жұмыс орындарының ашылуы,​ әлеуметтік мәселелердің шешілуі,​ әрі табыстың артып,​ елдің ахуалының жақсаруы.
Біз,​ “Александровский сад” ЖШС ұжымы Елбасы есімінің Астанаға берілуін толық қолдаймыз.​ Әрі,​ Нұрсұлтан Әбішұлының ел алдындағы ерен еңбегіне басымызды иеміз.
Бахтияр Тағаев,
“Александровский сад” ЖШС бас директоры.​

21.03.2019

НҰР-СҰЛТАН: ОРДАБАСЫЛЫҚ ЖҰМЫСШЫЛАР ҚОЛДАЙДЫ

«Тәуелсіз Қазақстанның екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елордамыздың атын оның бас сәулетшісі, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен атауды ұсынды. Бұл өзекті уақытта, өз шешімін тапқан ой болды.​
Кәсіпорынымыз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгі есте сақтауға бағытталған бастамалардың түгелін қолдайды. Бас қаламыздың жаңа атауы жаңа жеңістер мен жетістіктерге жетелейді.
М. Тағаев,
“Ордабасы құс” ЖШС директоры

21.03.2019

«Бөрте милка» кәсіпорнының жұмысшылары елорданың​ Нұр-Сұлтан атанғанын қолдайды

Қазақстанның тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарудағы өкілеттілігін тоқтату жөнінде қабылдаған шешімі мен үшін күтпеген жағдай болды. Ширек ғасырдан астам уақыт мемлекетті басқарған Елбасының кеше ғана тәуелсіздік алған Қазақстанды бүкіл әлемге танытып, дамыған елу елмен терезесін теңестірудегі сіңірген еңбегі орасан зор.
Әрине, бұл өмірде ешнәрсе де мәңгілік емес. Алдыңғы толқынды кейінгі толқын ұрпақ алмастыратыны табиғи заңдылық. Сол үшін Президенттің билік тізгінін өз қалауымен тапсыруы Елбасының көрегенділігінен туған шешім деп қабылдадым.
Мемлекет басшысының ел дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Қандай жақсылық болса да оның бастауында Елбасы тұр. Ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етудегі еңбегінен бөлек, сыртқы саясатта да Президенттің салмағы ауыр. Халықаралық ахуалдар Елбасының бітімгерлігімен шешілгені аян. Оған Сириядағы, Украинадағы жағдайларды мысалға келтірсек жетіп жатыр.
«Бөрте милка» кәсіпорнының жұмысшылары елорданың Нұр-Сұлтан атанғанын қолдайды. Бұл – елбасының ел үшін жасаған еңбегін бағалау деп ойлаймыз.

Нұралы ӘБІШ,
облыстық мәслихат депутаты,
«Бөрте Милка» ЖШС директоры.

21.03.2019

ҚАЗАҚСТАН ЖОЛЫ – ЕЛБАСЫ ЖОЛЫ

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – тек қазақ елі үшін ғана емес, әлемнің тарихындағы кемеңгер тұлға. Елбасы жер-жаһанға көпұлтты, сан түрлі конфессия өкілдерінің бір шаңырақтың астында бір мемлекеттің мүддесі жолында бейбіт өмір сүре алатынын паш етіп, Қазақстанды мойындатты.

Мемлекет басшысының бастамасымен тәуелсіздік жылдарында экономикалық, саяси, әлеуметтік өрлеу жүзеге асырылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегенділігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті.

Бүгінде Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісін зерделеген жаһан жұртшылығы «Қазақстандық жол» және «Назарбаев моделі» деп баға береді. Мемлекет басшысының бастамалары мен идеялары көптеген саясаткерлерге үлкен мектеп, тағылым бола білді.

Қазақстан жолы бұл – Елбасы жолы! Біз, Ордабасылықтар, мемлекетіміз үшін баға жетпес еңбегі бар Елбасы есімінің Астана қаласына берілуін қолдаймыз!

Тұран Әбдіқайымұлы,

Ордабасы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы

21.03.2019

Зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат беру қызметі көрсетілетін 60 мемлекеттік қызметтің ішінде үздіктердің бірі болып танылды

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырысы бойынша «САНДЖ» зерттеу компаниясының мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына жүргізген қоғамдық мониторинг нәтижесінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірістерін ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» қызметі үздік бестіктің қатарына енді.

Мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасына қатысты қоғамдық мониторинг 2018 жылдың тамыз-қазан айлары аралығында өткізілді. Зерттеу барысында Қазақстанның барлық өңірлерінде 10 000 қызмет алушы арасында сауалнамалық сұрау жүргізілді. Бұл ретте көрсетілетін 60 мемлекеттік қызмет  негізге алынды.

Мониторинг аясында қызмет алушылар арасында сауалнамалық сұрау жүргізіліп, қызмет көрсетуші мен қызмет алушылардан тиянақты сұхбаттар алынды. Сонымен қатар «Құпия сатып алушы» әдісі бойынша бақылау жүргізіліп, бірқатар фокус-топтық талқылаулар ұйымдастырылды.

Зерттеу жүргізудегі мақсат – қызмет алушылардың көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттанушылық деңгейін бағалау. Бұл ретте ақпараттың қолжетімділігі, қызмет көрсету мерзімінің сақталуы, қызмет көрсету деңгейі (сыпайылық, біліктілік, қызметкерлердің шапшаңдығы), құжаттардың дұрыс рәсімделуі, шарттардың ыңғайлылығы ескерілді.

Зерттеу қорытындысы бойынша БЖЗҚ салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат беру қызметіне баға беру барысы ақпараттың сапасы мен қолжетімділігі, жеделдігі мен құзыреттілігі бойынша жоғары нәтижелер көрсетті: сауалнамаға жауап берушілердің 80,4 пайызы қызметтер бойынша ақпараттың ашықтығына және қолжетімділігіне риза. Бұл ретте жауап берушілердің 82,9 пайызының пікірінше ақпараттар ашық және шынайы. Жауап берушілердің 88,3 пайызының қызметтердің көрсетілу мерзіміне және 92,1 пайызының құжаттардың жиналу және әзірлеу мерзіміне көңілдері толады.

Сауалнамаға қатысушылардың 79,8 пайызы қызмет көрсетушінің мамандарының біліктілігін жоғары бағаласа, 80,7 пайызы үшін қызметкерлердің сыпайылығы, әдептілігі қанағаттанарлық деңгейде болды. Сонымен қатар қызметкерлерінің шапшаңдығын сауалнамаға жауап берушілердің 81,3 пайызы атап өтсе, 80,4  пайызы қызмет көрсетушіге сенеді.

Көрсетілетін қызметтерді барынша әділ бағалау үшін «Құпия сатып алушы» әдісі де қолданылды.  Ол БЖЗҚ филиалында және Астана қаласында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірінде жүзеге асырылды. Құпия сатып алушы көрсетілетін қызметтердің сапасын үш өлшем бойынша бағалауы тиіс болды. Олар: 1) ақпаратты сайттан іздеу, 2) ақпаратты стендтен іздеу, 3) байланыс орталығына қоңырау шалу.

Құпия сатып алушы БЖЗҚ-ның https://www.enpf.kz сайтын жоғары бағалады. Ол сайттың интерфейсін, онда байланыс орталығының телефон нөмірі бар екендігін, бір бөлімнен екінші бөлімге тез ауысуға болатындығын және ақпараттардың орыс және қазақ тілдерінде қолжетімді екендігін атап өтті. Қордың байланыс орталығы жұмысының сапасына да жоғары балл берілді. Өйткені, Қор маманы байланысқа тез шығып, қойылған сұрақтардың барлығына нақты және толыққанды жауап берген.

БЖЗҚ-ның Астана қаласындағы филиалына барған кезде де қызмет көрсетуші қызметкерлердің жұмысына Құпия сатып алушының көңілі толды.

«Операция бөлімінің қызметкері менің барлық сұрақтарыма жауап берді және тіпті зейнетақы жарналарының түсуіне қатысты ақпаратты поштама жіберуді ұсынды. Ол сонымен қатар БЖЗҚ ұялы қосымшасының бар екендігін айтып, тіркелуге көмектесті. БЖЗҚ ұялы қосымшасы мен БЖЗҚ сайтындағы Жеке кабинет өте ыңғайлы. Зейнетақы жарналарының түсуін үнемі қадағалап отыруға мүмкіндік бар».

Бұл зерттеудің негізгі нәтижелері тұрғындардың «БЖЗҚ» АҚ қызмет көрсету сапасына көңілдері толатындығын көрсетті. Ал бұл Қорды қызмет көрсету сапасын одан әрі жетілдіруге ынталандыра түседі.

Мониторинг нәтижесі бойынша толық есепті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сайтынан мына сілтеме бойынша:   https://nationalbank.kz/?docid=3525&switch=kazakh көре аласыз.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz

20.03.2019

«Е-нотариат» жүйесі мен БЖЗҚ ақпараттық жүйесінің өзара ықпалдастығы жүзеге асырылды

«БЖЗҚ» АҚ «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес салымшы (алушы) қайтыс болған жағдайда нотариустарға және шетелдік консулдық мекемелерге, олардың өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша жеке зейнетақы шотының және онда қаражаттың бар болуы туралы анықтама береді.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) мен Қазақстан Республикасы нотариустарының өзара іс-қимылын оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, Республикалық нотариаттық палата, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы («ҰАТ» АҚ) және БЖЗҚ арасында «Е-нотариат» Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесі мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ақпараттық жүйесінің өзара іс-қимылы туралы Шарт жасалды. Бұл шара «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында реттелген болатын.

Енді аталған Шарт аясында нотариустар өздерінің өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша (мұрагерлер өтініш берген жағдайда) қайтыс болған салымшылардың (алушылардың) Қорда жеке зейнетақы шотының және онда ақшаның болуы туралы БЖЗҚ-ға «Е-нотариат» Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесі арқылы онлайн тәртібінде (БЖЗҚ-ға хат жүзінде сауалдар жолдамастан) сауалдар жолдай алады.

Қор өз кезегінде салымшылар мен алушылар Қазақстан Республикасының нотариустары куәландырған немесе растаған құжаттарды ұсынған жағдайда «Е-нотариат» Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесіне сауал жолдап, салымшылар мен алушылардың Қорға ұсынған құжаттарына қатысты жасалған нотариалдық әрекеттер бойынша ресми растау құжатын алады.

Бұл қызмет нотариустарға жүгінген мұрагерлердің уақытын үнемдейді және қағаздық құжатайналымын жояды.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz

20.03.2019

ПРЕМЬЕР-МИНИСТР А. МАМИН ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫН КҮШЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары аясында салынып жатқан бірқатар нысанды аралады, сондай-ақ облыс орталығындағы жаңа ғимараттар салынатын жерлердің жұмыс жоспарларымен танысты.

Премьер-Министр Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығындағы облыс әкімдігі нысандарын, басқармалар мен департаменттердің ғимараттары салынатын алаңдарды тексерді. Осы айда іргетасын қалап, 2020 жылдың сәуір айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. А. Маминге құрылыс жұмыстарын отандық өндірістің қажетті материалдар көлемімен қамтамасыз ету үшін өңірде фибробетон (еск. – ауқымды ғимараттар құрылысына қолданылатын материал) шығаратын жаңа зауыт салу көзделгені баяндалды.

Бұдан өзге, А. Мамин медиа орталықтың, конгресс-холдың, спорт кешенінің құрылыс барысын тексерді. Мұнда ғимараттардың іргетасын қалау жұмыстары басталды. Ұсынылған нысандар жақсы функционалдылығымен, сыйымдылығымен ерекшеленеді және сәулет өнерінің қазіргі стандарттарына сай келеді.

Салынып жатқан әкімшілік нысандарды тексеруді аяқтаған соң, А. Мамин Президент тапсырмаларын уақытылы орындауға барлық жағдай жасалғанын атап өтіп, құрылыс жұмыстарын күшейтуді және қажет болған жағдайда құрылысшыларды қосымша тартуды тапсырды.

А. Мамин «Түркістан — жаңа қала» шағын ауданын аралау кезінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы тұрғын үй құрылысының басталуымен танысты. Жоба біртіндеп іске асырылады: 2019 жылы 44 үй, 2020 жылы — 52 үй пайдалануға беріледі. Жалпы, 2 977 пәтер «7–20–25» бағдарламасы бойынша, сондай-ақ облыс әкімдігі жоспарлап отырған несиелік тұрғын үйдің жаңа бағдарламасы бойынша қолжетімді болады. Бұл көп балалы отбасылардың баспана мәселесін шешуге ықпал етеді. Премьер-Министр баспана құрылысы көлемдерін кеңейту келешегін зерделеу және қолайлы өмір сүруді қамтамасыз етуге заманауи технологияларды енгізу қажеттігін атады.

Айта кету керек, жалпы өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі биылғы қаңтар–ақпан айларында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,3 есеге артқан.

Сонымен қатар, Премьер-Министр әлеуметтік инфрақұрылымның салынып жатқан нысандарын, оның ішінде білім және ғылым саласындағы нысандарды тексерді. Сапар кезінде Оқушылар сарайының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың құрылыс алаңдары қаралды.

Түркі дүниесінің рухани-мәдени орталығы ретінде Түркістан қаласын дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу мақсатында А. Мамин қаланың тарихи-мәдени орталығын аралады. Қожа Ахмет Яссауи мұражайы, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының визит-орталығы, «Ұлы дала елі» орталығы салынып жатқан жерлерде болды. Бұдан өзге, Премьер-Министрге Түркістан қалашығын абаттандырудың тұжырымдамалық бас жоспары таныстырылды.

 

Премьер-Министр жұмыс сапары барысында туристік инфрақұрылымды құру жұмыстарының жоспарларымен танысып, құрылыс жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Түркістанда туризмді дамыту, оның ішінде ішкі туризмді дамыту мақсатында музыкалық субұрқақ, амфитеатр, аттракциондары бар қалалық саябақ салу көзделген.

 

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі

16.03.2019

Жаңа босанған 63 мың ана сәбилерінің алғашқы құжатын проактив әдісімен алды

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2017 жылдың желтоқсанында үш мемлекеттік қызметті бір ғана смс хабарламаның көмегімен алуға болатын проактив қағидасын енгізген болатын.

Пилоттық жоба іске қосылғалы бері жаңа босанған жүз мыңнан астам анаға смс құттықтау жолданып, проактив тәсілімен баланың туу туралы куәлігін алу ұсынылды. Олардың 63 330 бір мемлекеттік қызметке тапсырыс беріп, сәбилерінің алғашқы құжатын онлайн өтініш беріп алды.

Айта кетейік, пилоттық жоба шеңберінде нәрестелі болған әйелдер смс хабарламаға жауап беру арқылы баланың туу туралы куәлігін рәсімдеп, жәрдемақы алуға өтініш жолдап, баланы балабақша кезегіне қоя алады.

«Енді ғана босанған әйелдерге халыққа қызмет көрсету орталығына бірнеше рет барудың қажеті жоқ. Бұрын аналар бесігіндегі баласынқалдырып, не оларды құндақтап ХҚО-ға келіп жүретін. Цифрландыру заманында проактив әдісі арқылы барлығын онлайн жүйелер арқылы жүзеге асыруға болады. Оны пайдалану үшін аналар босанбас бұрын мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс», – дейді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов.

Бүгінде проактив әдісі телеграм қосымшасындағы арнайы бот арқылы да қолжетімді. Мобильді базаға тіркелген азаматшалар ұялы телефонының көмегімен өздері де жоғарыда аталған үш қызметке тапсырыс бере алады. 2018 жылдың қыркүйегінде іске қосылған бот қызметіне 5,5 мыңға жуық әйел жүгінген, олардың 4 842 балаларының туу куәлігін рәсімдеген.

 «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ

                                                                                             баспасөз қызметі

12.03.2019