АУДАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ 2018 ЖЫЛДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР БОЙЫНША ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 2018 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында қорытынды есеп берді.
Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-Түрік Университетінің мәжіліс залында өткен жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, облыстық мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері және көкейдегі сауалдарын қоюға келген облыс тұрғындары қатысты. Мұнан бөлек, әкімнің жылдық есебін 5 мыңнан астам адам селекторлық режимде және әлеуметтік желілерде тікелей эфирде тыңдады.
Баяндамасында Жансейіт Қансейітұлы «Түркістан облысы халқының әл-ауқатын арттыратын экономикалық жүйеміздің даму бағыты қандай болмақ? Әл-ауқатты арттыру тұрғындарға қызмет жасайтын инфрақұрылымды қалай дамытамыз? Өркениет заманында Түркістан облысында адам капиталын заманауи үлгіде қалай  қалыптастырамыз?» деген сұрақтар төңірегінде ой қозғады. Өткен жылы тарихи шешім қабылданып, Түркістан облысы құрылғанын, бұл басқосудың облыстың жаңа орталығы – Түркістан қаласында тұңғыш рет өтіп жатқанын атап өтті. Сонымен бірге,  Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының бөлініп, Келес пен Жетісай аудандарының құрылуы ел әлеуетін көтеру үшін  маңызды болғанын жеткізді.
Өңір басшысы Түркістан облысы экономикасының негізгі сүйреуші салалары өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және туризм екеніне тоқталып, осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.
Баяндамадан кейінгі жарыссөзге шыққан азаматтар Түркістанда мектептерді көбейту, жас мамандарға пәтер беру, Түркістанның жасыл белдеуін молайту жөніндегі ұсыныстарын айта келе,  әкім есебін оң бағалады.
Мәжіліс барысында залдан сұрақ қоюшы азаматтарға да кезек берілді. Тұрғындардың дені коммуналды шаруашылық, транспорт, тұрғын үй алу, жұмыспен қамту, жол салу және өзге де мәселелер төңірегінде сұрақтарын қойды. Әрбір сұрақты мұқият тыңдап, жауап берген Ж.Түймебаев тұрғындардың ұсыныстары мен шағымдары назарға алынатынын айтты.
«Елбасымыздың Түркістан өңіріне деген қолдауын жақсы білесіздер. Қазір ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. «Не шықса да Оңтүстіктен шығады» деген тәмсілге ұқсас сөз бар. Өңіріміздің шынайы өмірімен етене таныс адам ол сөзді облыс халқының еңбекқорлығы мен тапқырлығына деген ризашылықпен, сүйіспеншілікпен айтады. Осы жасампаздық қуатты дұрыс арнаға бұра білсек, Түркістан облысын бірге түлететін боламыз», – деді әкім.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
16.02.2019

ТҮРКІСТАН: КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРДЫ ҚОЛДАЙТЫН «ҚОЛҒАБЫС» ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Түркістан облысындағы денсаулық сақтау саласында үш маңызды мәселе 100 пайыз шешімін тауып отыр. Оның біріншісі халық саны 800-ге дейінгі адамды құрайтын 62 елді мекенге модульдік медициналық пункт орнатылып, медпунктерге қажеттілік мәселесі толық шешілді. Екінші облыс тұрғындарының түгелімен электрондық денсаулық паспорты жасалды. Үшінші медициналық ұйымдарды компьютермен қамтамасыз ету 100 пайызға жетті. Бұл туралы бүгін 2018 жылдың қорытындысы бойынша халық алдында есеп берген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.

Аймақ басшысы жалпы өңірдегі денсаулық сақтау саласында материалдық-техникалық базаны жарақтау, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және цифрландыру бағытында атқарылған бірқатар жұмыстарға да тоқталды. Атап айтқанда, Кентау, Сайрам, Сарыағаш аудандарында 3 инсульт орталығы ашылып, облыстық жедел жәрдем қызметі 37 санитарлық автокөлікпен жабдықталды.

Сондай-ақ, облыс басшысы Жастар жылында Елбасы отбасы институты мен құндылықтарын дамытуға ерекше назар аударғанын атап өтті. Осы орайда, биыл өңірдегі жалғыз балалар үйі “Отбасы үйі” форматына көшіп, жетімдер үйі толығымен жабылатыны белгілі болды.

«Дәстүрлі отбасы құндылықтары сақталған Түркістан облысындағы көпбалалы отбасылар ұлттық демографияға айтулы үлес қосып келеді. Қазір облыста 130 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Олардың ішінде 16 500 отбасыға 27 немесе 100 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Биыл көпбалалы отбасыларындағы жұмыссыз ата-аналардың жұмыс табуына, балаларға еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін қажетті техникалық және кәсіби білім беру мақсатында арнаулы көмек көрсетуді көздейтін “Қолғабыс” жобалар кешенін жүзеге асырамыз. Атап айтқанда, 2019 жылы облыста “Еңбек және нәтижелі жұмыспен қамту” бағдарламасы шеңберінде 3,3 млрд теңгеге 3700-ден астам балаға техникалық және кәсіби білім гранты беріледі. Оның ішінде көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға басымдық беріледі», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Облыстағы азаматтарды әлеуметтік тұрғыда демеу үшін атқарылған жұмыстар мұнымен шектелмейді. Мәселен, «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында өткен жылы 69 682 адам қамтылып, жылдық жоспар 10,1 пайызға артығымен орындалған. Атап айтқанда, 1 160 адам 6,2 млрд. теңгеге жеңілдетілген пайызбен шағын несие алса, 44 097 азамат жұмысқа орналасты. Қысқа мерзімді кәсіби оқуға 5 440 адам жолданып, 4 117 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 4 529 адам жолданып, оның 2 818-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жастар практикасына 4305 адам жолданды. Ауылдық жерлерде бірінші кезекте қажет мамандықтарды оқыту мақсатында «Әр ауылға өз шебері» жобасы іске асырылуда. 2558 азамат 24 біліктілік негізінде оқуға жолданды. Жалпы жыл басынан 31 000 жаңа жұмыс орны ашылды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

16.02.2019

ТҮРКІСТАН: ЖАЛПЫ ӨҢІРЛІК ӨНІМ 1 ТРЛН. 103,9 МЛРД. ТЕҢГЕНІ ҚҰРАДЫ

Түркістан облысында жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн. 103,9 млрд. теңгені құрап, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 103,9 % құрады. Көптеген кәсіпорындардың қуатын арттырып, технологиялық процесті модернизациялаудың арқасында өнеркәсіп секторының орнықты дамуына қол жеткізділді. Бұл жөнінде облыс басшысы Жансейіт Түймебаев халық алдындағы кезекті жылдық есеп беру жиынында мәлімдеді.

«2018 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 453,8 млрд. теңгені құрап, 43,1 млрд. теңгеге өскен. Өңдеу өнеркәсібі де дамып келеді. Мұнда 236,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 13,7 млрд теңгеге артты. Индустрияландыру картасы аясында 2018 жылы 10 жоба іске асырылып, 800-ден аса жұмыс орны ашылды. Биыл индустрияландыру картасы аясында инвестициялық құны 11,9 млрд.теңгені құрайтын 15 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Былтыр облыстың инвестициялық климатын жақсарту үшін Елбасы Жарлығымен Түркістан қаласында 1338 гектарда «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 130 804. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада екінші орында.

Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы 2018 жылы 6 млрд. теңгеге 1 292 жоба қаржыландырып, 1 403 жұмыс орны ашылған болатын. Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 4,5 млрд. теңге бөлініп, 456 жоба қолдау тапты. Былтыр облысқа 288,1 млрд. теңге инвестиция тартылды. Инвесторларға «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін «TURKISTAN INVEST» компаниясы құрылып,  қазір 1 млрд. 147 млн. АҚШ долларын құрайтын, 14 000-нан астам жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін 24 ірі инвестициялық жоба қолдау табуда. Сондай-ақ, Түркістанда алғашқы рет «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік Форум өтті. Атқарылған шаралардың нәтижесінде жеке инвестиция көлемі 166 млрд. теңгеге жетіп, өсім 114,2% құрады.

Бұдан өзге, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде өзге облыстармен салыстырғанда көш ілгері. Өткен жылы 542,8 млрд теңгенің өнімі ауыл шаруашылығы саласында өндіріліп, өсім 105,3 пайызды құраған. Экспорттың көлемі 180,9 млн. АҚШ долларға жетіп, 20,2 млн. долларға артты.  Оның ішінде, былтыр Қазақстандағы ет экспортының 54 пайыздық үлесі Түркістан облысына тиесілі болып, республикада 1-орынға шықты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

16.02.2019

Ең төменгі жалақы көрсеткіші айлық есептік көрсеткішіне ауыстырылды

Ордабасы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы, шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимiн қолдану шартындағы ең төменгі жалақы көрсеткіштері айлық есептік көрсеткіштеріне (АЕК) ауыстырылды.
Осылайша, Салық кодексінің 683-баптың 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, арнаулы салық режимі үшін салықтық кезеңдегі кірісі:
ü патент негізінде – айлық есептік көрсеткіштің 3 528 еселенген мөлшерінен;
ü оңайлатылған декларация негізінде – айлық есептік көрсеткіштің 24 038 еселенген мөлшерінен;
ü тіркелген шегерімді пайдаланумен – айлық есептік көрсеткіштің 144 184 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.
Сонымен қатар, Салық кодексінің 687-баптың 2-тармағына сәйкес, егер есепті кезеңнің қорытындылары бойынша жұмыскерлердiң орташа айлық жалақысы айлық есептік көрсеткіштің дара кәсiпкерлерде – кемiнде 23 еселенген, заңды тұлғаларда кемiнде 29 еселенген мөлшерін құраса, осы баптың 1-тармағына сәйкес салықтық кезең үшін есептелген салық сомасы жұмыскерлердiң орташа тiзiмдiк саны негiзге алына отырып, әрбiр жұмыскер үшiн салық сомасының 1,5 пайызы мөлшерiндегi сомаға азайтылу жағына қарай түзетiлуге жатады.
Ал, Салық кодексінің 694-баптың 3-тармағына сәйкес, тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші салық салынатын кірісті салық салынатын кірісті айқындау кезінде шегерімге жатқызылуға тиіс жұмыскердің кірістері бойынша жұмыс берушінің есепті салықтық кезеңде есепке жазылған шығыстарының 1 еселенген мөлшеріне азайтуға құқығы бар және көзделген азайтуды салық төлеуші, егер осындай салық төлеуші жұмыскерлерінiң есепті салықтық кезең үшін орташа айлық жалақысы айлық есептік көрсеткіштің 47 еселенген мөлшерінен асқан жағдайда жүргізуге құқылы.

Ордабасы ауданы бойынша

Мемлекеттік кірістер басқармасы

15.02.2019

2019 жыл аралығында онлайн БКМ көшу бойынша

ҚР Қаржы министрлігінің 27.11.2018 жылғы «Салық төлеушілер Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асырғанда ақшалай есеп айырысулар кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданатын қызмет түрлерін бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы № 206 бұйрығына өзгеріс және толықтырулар енгізу туралы» №1029 бұйрығына сәйкес, 2019 жыл аралығында ақшалай есеп айырысулар кезінде онлайн БКМ қолдану міндеті туындайтын қызмет түрлері ұлғайтылды.
Яғни, 2019 жылдың әр тоқсаны сайын онлайн БКМ қолдануға 633 қызмет түрлері қосылады:
– 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап 323 қызмет түрлері бойынша;
– 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап 86 қызмет түрлері бойынша;
– 2019 жылдың 1 қазанына бастап 224 қызмет түрлері бойынша.
Атап айтқанда, 2019 жылдың 1-сәуірінен бастап автомобильдер мен жеңіл автомобильдерді жалға алу және жалға беру, жеке меншік немесе жалданатын жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару, такси қызметі, жылжымайтын мүлікті сатып алу және сату, халықаралық саясат, ғимараттар құрылысы, автобуспен тасымалдау, газет басып шығару, жиһаз жасау, балмұздақ өндіру, нан өндіру; ұннан жасалған кондитерлік жаңа піскен өнімдерді, торттарды және тәтті тоқаштарды өндіру, баспа қызметі, жарнамалық қызмет, тұрмыстық электрониканы жөндеу, компьютерлер мен байланыс жабдықтарын жөндеу, жиһаздарды және үйге қажетті заттарды жөндеу, аяқ киімдерді жөндеу, тұрғын үй ғимараттарының құрылысы, терминалдардың қызметі, химиялық тазалау және бояу, сылақ жұмыстары және басқа да қызметтерді жүзеге асырғанда ақшалай есеп айырысулар кезінде онлайн БКМ қолдануға міндет туындайды.
Бұл ретте, БКМ қолдану тәртібі Салық кодексінің 166 бабымен реттелетініне назар аударамыз.

Ордабасы ауданы бойынша

Мемлекеттік кірістер басқармасы

15.02.2019

Бірыңғай жиынтық төлем

Ордабасы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 26 желтоқсандағы № 203-VI Қазақстан Республикасының Заңымен 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлемнің енгізілуі қарастырылғанын хабарлайды.
Салық кодексінің 774-бабына сәйкес, бір мезгілде мынадай шарттарға сай келетін:
1) бірыңғай жиынтық төлемді төлеген;
2) жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
3) тек қана жеке тұлғаларға қызмет көрсететін және (немесе) акциздік өнімдерді қоспағанда, өзінің жеке қосалқы шаруашылығында өндірген ауыл шаруашылығы өнiмiн тек жеке тұлғаларға ғана өткізетін, дара кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар бірыңғай жиынтық төлемді (бұдан әрі – БЖТ) төлеушілері деп танылады.
Осыған байланысты, басқа жеке тұлғаларға қызмет атқаратын және (немесе) жеке қосалқы шаруашылық өнімдерді өткізетін жеке тұлғалар БЖТ төлейді. Мысалы, егер заңды тұлғаға және (немесе) дара кәсіпкерге қызмет көрсетілсе, осындай қызметті көрсететін жеке тұлғаның – БЖТ қолдануға құқығы жоқ.
Сонымен қатар, БЖТ төлеушілері болып мыналар танылмайды:
1) коммерциялық жылжымайтын мүлiк объектiлерi аумағында, кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылатын, оның iшiнде меншік құқығындағы, жалдау, пайдалану, сенiмгерлiк басқару сауда объектілерін қоса алғанда, қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар;
2) тұрғын үйді қоспағанда, мүлікті жалға (мүлiктiк жалдау) беретін тұлғалар;
3) жеке практикамен айналысатын адамдар;
4) оралмандарды қоспағанда, шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар;
5) жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуі бар адамдар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер ретінде танылмайды.
Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген немесе жеке практикамен айналысатын тұлғалар және стационарлық орындар арқылы қызмет атқаратын (коммерциялық объектілер – сауда объектілері, базарлар және т.б), (тұрғын үйді қоспағанда) мүлікті жалға беретін тұлғалар БЖТ төлеушілері бола алмайды.
Осыдан басқа, БЖТ төлеушінің табыс мөлшері күнтiзбелiк жыл үшiн республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарындағы айлық есептік көрсеткіштің 1 175 еселенген мөлшерінен аспауы тиiс (2019 ж. – 2 966 875 теңге).
Жеке тұлғалар, бірыңғай жиынтық төлем жасалған күннен бастап мұндай төлем жүргізілген айдың соңғы күніне дейін БЖТ төлеушілер деп танылады.
БЖТ жеке табыс салығының және әлеуметтік төлемдердің төленуге жататын сомалары қосылады.
БЖТ мөлшері келесідей: 1 АЕК – республикалық және облыстық маңызы бар қалалар, астана үшін және 0,5 АЕК – басқа елді мекендер үшін.
Бюджет пен қорлар арасында төлемдердің бөлінуі ыңғайлы болу үшін, бiрыңғай жиынтық төлем банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының шотына аудару жолымен бір төлем тапсырмасымен жалпы сомамен төленуге жатады, ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БЖТ-ді төмендегіше бөледі:
• жеке табыс салығы (бюджетке 10%);
• әлеуметтік төлемдер (ӘСМҚ-на 20 %);
• зейнетақы аударымдары (БЖЗҚ-на 30 %);
• МӘМС –ға аударымдарына (ӘМСҚ-на 40 %).
Салық кодексінің 317-бабына сәйкес, бiрыңғай жиынтық төлемдi төлеушi Салық кодексімен белгіленген қызмет түрлерiн жүзеге асырудан алған (алуға жататын) кірістер бойынша жеке табыс салығы және әлеуметтік төлемдер бойынша салықтық есептілікті ұсынбайды.
Сәйкесінше, Кәсіпкерлік кодексінің 35-бабына да өзгерістер енгізіліп, Салық кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші деп танылған жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы.

Ордабасы ауданы бойынша

Мемлекеттік кірістер басқармасы

15.02.2019

104309 «Елдi мекендердің жерлерiне алынатын жер салығын қоспағанда, жер салығы» бюджеттік сыныптама коды алып тасталынды

Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2018 жылғы 19 желтоқсандағы № 1093 «Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң кейбiр бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығына сәйкес Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасынан 104 309 «Елдi мекендердің жерлерiне алынатын жер салығын қоспағанда, жер салығы» бюджеттік сыныптама коды алып тасталынды.
Яғни, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жер салығы бойынша барлық төлемдер «Елдi мекендер жерлерiне салынатын жер салығы» 104302 БСК түседі.
Қазіргі уақытта 104302 және 104309 БСК бойынша бет есептерін біріктіруі аяқталып, 104309 БСК-ын алып тастау бөлігінде 700.00 және 701.01 салық есептілік нысандарына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуіне байланысты, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 12 ақпандағы № 166 «Салық есептілігі нысандарын және оны жасау ережелерін бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізгенше 700.00, 701.01 салық есептілік нысандары бекітілген толтыру ережелеріне сәйкес толтырылады, бұл ретте жер салықтарының сомаларын біріктіру арқылы 104302 БСК жатқызу техникалық жағынан қарастырылған.

Ордабасы ауданы бойынша

Мемлекеттік кірістер басқармасы

15.02.2019

Ордабасы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында  семинар-кеңес өткізілді

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерімен ағымдағы  жылдың ақпан айының 8 –не Ордабасы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында  салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға арналған семинарлар өткізілді.
Семинарда Департаменттің Түсіндіру жұмыс басқармасының басшысы Ә. Лесов, Экспорттық бақылау басқармасының басшысы С.Жапашов, Мемлекеттік қызмет көрсетулер басқармасының бөлім басшысы М. Көкенов және Жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының бас маманы Д.Жүнісбековпен салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың назарына салық, кеден және басқа да бірқатар заңнамалармен көзделген қазіргі таңда көкейтесті және өзекті сұрақтар жеткізілді, оның ішінде, ағымдағы жылдан бастап ақшалай есеп айырысулар кезінде онлайн БКМ қолдану міндеті туындайтын қызмет түрлері, біріңғай жиынтық төлем, рақымшылық және интернет арқылы тауарлармен электрондық сауда жасайтын салық төлеушілерге арналған жеңілдіктер, салықтарды электронды түрде төлеу бойынша қарастырылған мүмкіндіктер, электрондық шот-фактура жазу міндеттері туралы, мемлекеттік қызметтерді электронды форматта алу мүмкіншілігі туралы, дара кәсіпкерлерді тіркеу және қызметін тоқтату мәселелері және тауарларды таңбалау мен «Виртуалдық қойма» модуліне қатысты өзгерістер мен толықтырулар туралы айтылды.
Семинар барысында, салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарына Департамент қызметкерлерімен жауап берілді.
Сонымен қатар, басқарма қызметкерлерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлықты алдын алу мақсатында арнайы кездесу өткізілді.
Семинарлар облыстың басқа да аудандары мен қалаларында жалғастырылады.

 

15.02.2019

ҚАМҚОРЛЫҚ ПЕН МЕЙІРІМ МАҢЫЗДЫ

Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Аңсарбек Абдикулов аудандық әйелдер кеңесі, әжелер алқасы, ата-аналар комитеті өкілдерімен бас қосты. Жиын барысында әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларды қолдау, ұрпақ тәрбиесі, көпбалалы аналарды толғандырған мәселелер төңірегінде ұсыныстар талқыланды. Әжелер алқасының төрайымы Айгүл Сейітқызы, Қажымұқан ауыл округі әйелдер кеңесінің төрайымы Перизат Жүніс, аудандық ата-аналар комитетінің төрайымы Шәркүл Әзімбаева бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру жолдарын тілге тиек етті.
Ордабасы ауданы бойынша қазіргі таңда асыраушысы жоқ санатында жәрдемақы алушылар – 1158 отбасы. “Алтын”, “Күміс” алқа иегерлері – 3822. Көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы алушылар – 4643 отбасы.

15.02.2019

“АУҒАНДА ҚАЛҒАН ЖАСТЫҚ ШАҚ…”

15 ақпан – Отан алдындағы борышына адал азаматтарға тағзым ететін ерекше күн. Бүл күні Кеңес Одағы әскерлері Ауған жерінен шығарылды.
Сол кездегі солақай саясаттың салдарынан бейбіт заманда жігіттер қолына қару алып, Ауған жеріндегі соғысқа аттанғаны баршамыздың есімізде. Ауған соғысына Ордабасы ауданынан 93 сарбаз қатысып, төрт жерлесіміз майдан алаңында опат болды. Қан кешкен майдангерлеріміз жалындаған жастық шағын сол Ауған жерінде жоғалтты. Олардың ерліктерін елі ұмытқан жоқ.
Бүгін Ордабасы ауданында ауған соғысының ардагерлері бас қосты. Ардагерлер саябағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, өмірден озған қаруластарын еске алды. 
Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы айтулы күннің маңызына тоқталып: 
– Сіздердің бейбіт өмірдегі елеулі еңбектеріңіз, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі қоғамдық жұмыстарыңыз мақтауға тұрарлық.Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының нәтижесінде мемлекетімізде тұрақтылық пен бейбітшілік, ынтымақ пен береке орнап, халықтың ертеңгі күнге деген сенімі артып келеді, – деді. 
Аудандық “Ел бірлігі” қоғамдық қорының төрағасы Гайдар Дәнешов, Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ералхан Бектай сол зұлмат күндердің қайта оралмауы үшін жастарды тәрбиелеуде әр азамат өз үлесін қосуы қажеттігін айтып өтті. 
Жиын соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концертіне ұласты.

15.02.2019