АУДАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

«Азаматтарға арналған үкімет» жылжымайтын мүлікті тіркеу бойынша 2 млн-нан астам өтініш тіркеді

«Азаматтарға арналған үкімет» бір жылда жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметі бойынша 2 млн 30 мыңнан астам өтініш тіркеді. Естеріңізге сала кетейік, жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметі Әділет министрлігінің құзіретінен мемлекеттік корпорацияға 2018 жылдың 30 шілдесінде берілген болатын.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Нұр-сұлтан және Алматы қалаларының, сондай-ақ Алматы мен Қарағанды облыстарының тұрғындары жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметтерін ең белсенді алушылар болып отыр. Атап айтсақ, 2018 жылдың 30 шілдесінен бастап 2019 жылдың 31 шілдесіне дейін Алматы қаласы мен Алматы облысында 228 мыңнан астам өтініш тіркелген, елорда тұрғындарынан 209 мыңнан астам және Қарағанды облысынан 157 мыңнан астам өтініш келіп түскен.

Ал Қызылорда (58 мыңнан астам өтініш), Атырау (62 мыңнан астам өтініш) және Маңғыстау (73 мыңнан астам өтініш) облыстарында жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметіне деген сұраныс төмен.

Айта кетейік, көрсеткіштерді есептеу кезінде құқықтың пайда болуы, деректердің өзгеруі, ауыртпалықтарға және екінші деңгейдегі банктермен келісім шартқа отыру бойынша өтініштер ескерілді.

«Бүгінде жылжымайтын мүлікті қысқа мерзімде рәсімдеуге болады. Бас-аяғы 3 жұмыс күні ішінде мүлігіңіздің тіркелгені туралы мөртабасы бар қажетті құжат қолыңызда болады. Дегенмен, біз азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында бұл қызметті одан әрі оңтайландырып, алдағы уақытта тіркеу уақытын 1 күнге дейін қысқартуды жоспарлап отырмыз», – дейді мемлекеттік корпорация төрайымы Әсемгүл Балташева.

Айта кету керек, жылжымайтын мүлікті тіркеуге өтінішті «Азаматтарға арналған үкімет» және нотариустар арқылы беруге болады

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Түркістан облысы филиалының баспасөз қызметі.

28.08.2019

Алгоритмді жеңілдету – уақытты үнемдеу

«БЖЗҚ» АҚ қызмет көрсетуді одан әрі жетілдіруде. Енді Қор сайтында негізгі төлем түрлері бойынша ұсынылатын құжаттарды алдын ала тексеруге болады.

enpf.kz сайтында «Электрондық қызметтер» бөлімінде салымшылар мен төлем алушыларға ыңғайлы болу үшін қажетті құжаттарды пошта байланысы арқылы Қорға ұсынылуы мүмкін төлем түрлеріне сәйкестігін тексеру мүмкіндігі бар.

Сайтта құжаттарды тексеру қызметін келесі тұлғалар ала алады:

– ерікті зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ зейнетақы төлемдеріне құқығы барлар;

– мерзімсіз уақытқа тағайындалған 1,2 топтардағы мүгедектігі барлар;

– Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға қоңыс аударғандар;

– қайтыс болған салымшы / алушының зейнетақы жинақтарының мұрагерлері.

Құжаттарды алдын ала онлайн-тексеру «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына ХҚО арқылы жасына байланысты төлемдерді алуға құжаттарды ұсынған кезде және жерлеуге төлемдер алу кезінде жүзеге асырылмайды, себебі мұндай құжаттар Қорға жеке жүгінген кезде беріледі.

Құжаттарды алдын-ала тексеру үшін бірнеше қарапайым қадамды орындау керек:

– сканерді баптау;

– форматы – A4 қағазын пайдалану;

– құжаттарды jpg/tif форматында сканерлеу және сақтау;

– көп парақты құжаттар бір файлда сақталуы тиіс;

– түсі бойынша сканерлеген кезде, суреттің сапасы 300 dpi форматында қолданылуы тиіс, себебі бұл формат құжаттардың анықтығы мен оқылуын қамтамасыз етеді.

Ұсынылатын құжаттар келесі шарттарға сәйкес келуі керек:

– зейнетақы төлемдерінің түрі бойынша, сканерленген құжаттардың толық пакеті зейнетақы төлемдерінің түріне және оларды БЖЗҚ-ға ұсыну әдісіне байланысты құжаттардың тізбесіне сәйкес ұсынылуы тиіс;

– зейнетақы төлемдерінің түрлері бойынша барлық құжаттарды  түрлі түсті сканерлеу қажет (құжаттың түпнұсқасы талап етілген жағдайда құжаттың түпнұсқасын сканерлеу қажет, бұл ретте-шетелдік паспорттың/азаматтығы жоқ адамның куәлігінің/Қазақстан Республикасы азаматының паспортының түпнұсқасынан белгілері бар сканерленген беттерді ұсынуға жол беріледі);

– түрлі түсті сканерленген әрбір көшірменің өлшемі 2 МБ-тан аспауы тиіс.

Зейнетақылық төлем түріне және БЖЗҚ-ға өтініш беру әдісіне байланысты құжаттар тізімі «Алушыларға қызметтер» бөлімінде қолжетімді.

Бұл қызметті алу үшін сіз https://www.enpf.kz/ru/elektronnye-servisy/checkdoc.php сілтемесіне өтуіңіз керек.

Аталған қызмет түрі уақытты үнемдейді және барлық қажетті құжаттарды түзетуге/толықтыруға мүмкіндік беріп, қойылған талаптарға сай болуға септігін тигізеді.

16.08.2019

Біз БЖЗҚ кеңсесі жоқ шалғай ауданда тұрамыз. Енді барлық қызметтерді Қазпошта бөлімшелерінен алуға болатыны жайлы естідім. Бұл ақпарат қаншалықты рас?

Біз БЖЗҚ кеңсесі жоқ шалғай ауданда тұрамыз. Енді барлық қызметтерді Қазпошта бөлімшелерінен алуға болатыны жайлы естідім. Бұл ақпарат қаншалықты рас?

Дұрыс ақпарат. 2019 жылдың 15 сәуірінен бастап еліміздің шалғай елді мекендерін зейнетақы қызметтерімен қамту мақсатында «БЖЗҚ» АҚ және «Қазпошта» АҚ Қор салымшылары мен алушыларына қызмет көрсету бойынша бірлескен жобаны іске қосты. Бүгінгі күні 94 елді мекен тұрғындары Ұлттық пошта байланыс операторы арқылы келесі қызмет түрлерін ала алады:

  • салымшының (алушының) қосымша деректемелерін (жеке куәлігінің нөмірі, телефон нөмірі, электрондық және пошталық мекенжайы) өзгерту/толықтыру туралы өтініш беру).
  • ақпараттандыру тәсілін өзгерту (анықтау) туралы келісімге қол қою (оның ішінде «БЖЗҚ» АҚ қызметтеріне электрондық форматта қол жеткізу үшін).

«Қазпошта» АҚ арқылы қызмет көрсетуге Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының елді мекендері қосылған.

Сіздің елді мекеніңіз біздің қызметтер көрсетілетін тізімде бар/жоғы жайлы Қор сайтынан біле аласыз  https://www.enpf.kz/ru/services/kazpost/index.php

БЖЗҚ кеңселері жоқ шалғай елді мекендер мен аудандар үшін «Казпошта» АҚ-да «Мобильді кеңсе» көшпелі қызмет көрсету бөлімі сәтті жұмыс істейді, ол online режимінде барлық қызметтерді ұсынады.

«Мобильді кеңсе» – ол барлық қажетті техникамен және спутниктік байланыспен жабдықталған заманауи жоғары технологиялық микроавтобус. Бұл жылжымалы дербес қызмет көрсету орталығы барлық қызметтерді ұсынады және кеңседен еш кем емес: мұнда операторлар үшін екі автоматтандырылған жұмыс орындарымен жабдықталған жұмыс бөлімі, азаматтар үшін отыратын орындар және күтушілер үшін қосымша қарастырылған үш орынды орындықтар бар. Бір келгенде «Мобильді кеңсе» қызметкерлері орта есеппен 60-қа жуық салымшыға қызмет көрсетеді.

«Мобильді кеңсе» арқылы Қор бөлімшелерінде көрсетілетін қызметтер түрін алуға болады. Атап айтқанда – жеке зейнетақы шотын ашу, ақпараттандыру тәсілін өзгерту, шоттан үзінді көшірме алу немесе зейнетақы жинақтарын сақтандыру компаниясына аударуға өтініш беру.

Шалғай аудандарға көлік алдын-ала жоспарланған кесте бойынша жол жүреді. Барлық бағыттар жергілікті атқарушы органдармен келісіліп, тұрғындар мамандардың келуіне дейін хабардар болады. Сондықтан сіз жергілікті атқарушы органға елді-мекеніңізді сапар кестесіне қосу туралы өтінішпен хабарласыңыз.

 

16.08.2019

Мен 2-ші топтағы мүгедекпін. Өзімді қызықтыратын сұрақтар бойынша жеке кеңес алғым келеді. Осы ретте қызметкерлер үйге келіп, маған қызмет көрсете алады ма?

Мен 2-ші топтағы мүгедекпін. Өзімді қызықтыратын сұрақтар бойынша жеке кеңес алғым келеді. Осы ретте қызметкерлер үйге келіп, маған қызмет көрсете алады ма?

Иә, әрине. 1 және 2 топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар адамдар үйлерінде кеңес ала алады. Осы мақсатта Қорда «Мобильді агент» қызметі бар – ол денсаулығына байланысты кеңсеге өз бетімен бара алмайтын адамдарға баратын қызметкер. Осы қызмет түріне ие болу үшін сайтта өтінім қалдырып немесе 1418 нөміріне қоңырау шалу керек.

Сіздің қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету үшін Қор қызметкерлері алдын-ала қоңырау шалып, келетін күнін және уақытын хабарлайды. Сондай-ақ, әр қызметкерде қызметтік куәлігі болады, сондықтан күмән туындаса, сіз 1418 нөмірі арқылы Қордың байланыс орталығына хабарласып, осындай маманның шынымен БЖЗҚ-да қызмет жасайтынын біле аласыз.

«Мобильді агент» сапалы жұмыс істеу үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталған: ноутбук, USB-модем, құжаттарды сканерлеуге, шығаруға арналған портативті көпсалалы құрылғы және т.б. Мұның бәрі салымшыларға БЖЗҚ-ның барлық қызметтер түрін алуға мүмкіндік береді: кеңседен тыс мамандар үзінді көшірме мен келісімшарт көшірмесін береді. Сондай-ақ, кеңес беріп, үзінді көшірме салынған конвертті күтпейтіндей, кез келген уақытта смартфон немесе компьютер арқылы өзінің жеке кабинетіне кіріп, барлық қажетті ақпаратты көре алатындай хабардар ету тәсілі туралы қосымша келісімдер жасайды.

16.08.2019

Қазақстанда зейнетақы жарналарының сақталуының қандай кепілдіктері бар?

Қазақстан Республикасының «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында  көрсетілгендей мемлекет жинақталған зейнетақы қаражатының сақталуын қамтамасыз етуді  2003 жылы қолға алды. Сол уақыттан бастап мемлекет жеке зейнетақы шоттарындағы қаражатты қорғауды өз міндеттемесіне алды. Бұл іс жүзінде жасалған жарналар көлемінде ғана емес, сонымен қатар инфляцияны ескере отырып жүзеге асырылады. Егер зейнеткерлік демалысқа шығу уақытында жинақ инфляцияға қарағанда төмен болса, онда бұл айырмашылық республикалық бюджет есебінен өтеледі. Бұл механизм қаржы дағдарысы салдарынан зейнетақы активтерінің табыстылығы төмендеген кезде 2009 жылдан бері белсенді түрде жұмыс істеп келеді.

Қаржы нарықтарындағы ахуалға байланысты зейнетақы активтерін инвестициялаудың кірістілігі инфляция деңгейінен жоғары немесе төмен болуы мүмкін. Осыған байланысты іс жүзінде жасалған жарналар мен нақты жинақ көлемі арасында айырмашылық бар. Демек, қызметкер зейнетке шықса, жинақталған зейнетақы жүйесіндегі барлық кезең үшін инфляция деңгейіне байланысты өзінің жинақталған зейнетақы қаражатының табыстылығын есептейді. Инвестициялық кіріс инфляция деңгейінен асып кетсе, онда салымшыға мемлекеттік кепілдік төленбейді. Мемлекет тарапынан кепілдік табысы инфляция деңгейінен төмен болатын тұлғаларға ғана беріледі.

Мемлекеттік кепілдік зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар салымшыларға төленеді. Бұл құқыққа: зейнеткерлік жасқа толған адамдар, мүгедектігі мерзімсіз уақытқа тағайындалған І және ІІ топтағы мүгедектер, ҚР аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен азаматтар, сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ие болады. Мемлекеттік кепілдік алуға құқығы бар салымшы қайтыс болған жағдайда, қаражат мұрагерлерге аударылады. Бұл үшін өтініш пен жеке куәліктің көшірмесінен басқа мұрагерлерге қайтыс болу және мұраға құқық туралы нотариалды куәландырылған куәліктерді ұсынулары қажет.

 

16.08.2019

Жұмыс беруші салымдарды аудармай, уақытынан кешіктіріп жатса оған қандай шара қолданылады?

Жақын уақыттан бері кенші болып жұмыс істеймін. Маған түсіндіргендей, жұмыс беруші ай сайын 10% міндетті зейнетақы жарналарымен қоса,  5% міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын өз есебінен аударуға тиіс екен. Салымдардың дер кезінде аударылғанын қалай қадағалуға болады? Жұмыс беруші салымдарды аудармай, уақытынан кешіктіріп жатса оған қандай шара қолданылады?

Әрине, зейнетақы шотының, міндетті және міндетті кәсіби зейнетақы жарналарының жай-күйін әркез тексеруге болады. Осыған орай, БЖЗҚ сізге барлық жағдайларды жасап отыр. Мысалы, БЖЗҚ-ның кез келген кеңсесіне баруыңызға болады. Онда шоттың жай-күйін біліп, сондай-ақ, ақпарат алу тәсілін таңдау туралы қосымша келісім жасауға болады: жылына бір рет әдеттегі пошта хаты арқылы немесе сіз таңдаған кезеңділікпен көрсетілген мекенжайға электрондық хат жіберу арқылы. Интернет арқылы ақпарат алу ең ыңғайлы болып табылады. Жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасы арқылы шотыңызды тексеруіңізге болады. Осы тәсілді пайдалану арқылы жеке шотыңызды кез келген ыңғайлы уақытта қадағалай аласыз. Егер сізде электрондық цифрлық қолтаңба болса, онда үзінді көшірмеңізді тексеріп, Қорға бармай-ақ ақпарат алу тәсілін таңдай аласыз.

Енді міндетті кәсіби зейнетақы жарналары (МКЗЖ) ұғымына түсініктеме бере кетейік. МКЗЖ жұмыс берушінің өз пайдасы есебінен жұмысшы пайдасына аударылатын 5% қосымша жарнасы болып табылады. Қосымша жарна аудару себебі, кеншілер қауіпті, денсаулыққа зиянды еңбек жағдайларында, өндірістік орындарда жұмыс істейтін мамандықтар тізіміне кіреді. Денсаулыққа зиянды, өмірге қауіпті ортада жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін қосымша зейнетақы жарналары аударылады.

Егер жұмыс беруші Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіпте және мерзімде арнаулы салық режимі қолданылатын шаруашылық субъектісі болмаса, табыстарды төлеу айынан кейінгі айдың 25-нен кешіктірілмей МКЗЖ төленіп отыруы тиіс. МКЗЖ уақытылы аударылуын салық органдары қадағалайды. Ал егер жұмыс беруші дер кезінде Сіздің зейнетақы шотыңызға қаражат аудармаса, салық органдары жұмыс берушіден әрбір кешіктірілген күн үшін есептелген сыйақы сомасымен бірге БЖЗҚ-ғы шотыңызға ай сайынғы салымды аудартады.

 

16.08.2019

Менің жалақы мөлшерім аса көп емес, демек БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын төлемеуіме болады ма?

Жоқ. ҚР барлық азаматтары ай сайынғы зейнетақы жарналарын төлеп, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға міндетті. Зейнетақы жарналарының жиілігі жинақ көлеміне ғана байланысты емес, сонымен қатар жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі өтілге де байланысты. Жүйедегі өтіл базалық зейнетақыға тікелей әсер етеді. Зейнетке шығуға әлі уақыт бар болса да, банктерден несие алған кезде ай сайынғы зейнетақы жарналары маңызды көрсеткіш болып табылады. Бұл сіз үшін жүйеге белсенді қатысудың тағы бір ынталандырушы көрінісі.

Қазақстан Республикасның «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Занының 24 бабында тек белгілі санаттағы тұлғалардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылатыны туралы жазылған:

1) Заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған жеке тұлғалар (еркектер 63 жасқа толғанда, әйелдер 58 жасқа толған кезде. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап – әйелдер 58,5 жасқа толғанда, одан әрі жыл сайын жарты жылға ұлғайып, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 63 жасқа толғанда);

2)  егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар жеке тұлғалар босатылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеу осы тармақшада көрсетілген адамдардың өтініші бойынша жүзеге асырылады;

3) әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ, арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап жойылған адамдар;

4)  еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар;

5) салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар босатылады.

Бұл тізімге кірмейтіндердің барлығы зейнетақы жарналарын міндетті түрде төлейді, сол арқылы өзінің жеке зейнетақы капиталын қалыптастырады.

 

16.08.2019

2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі

2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 9,99 трлн теңгені құрады.

Салымшылар мен алушылардың зейнетақы активтерінің табыстылығы 2018 жылдың шілде мен 2019 жылдың маусымы аралығында (өткен 12 ай ішінде) 9,4 пайызға жетті. Дәл осы кезеңде инфляция деңгейі 5,4 пайызды көрсетті.

2019 жылдың басынан бері есептелген инвестициялық табыстың жалпы сомасы 285,2 млрд теңгеден асты.

Зейнетақы активтері бойынша алынған инвестициялық табыстың құрылымы мынадай:

– бағалы қағаздар, орналастырылған салымдар және «кері РЕПО» операциялары

бойынша сыйақы түріндегі табыстар 330,57 млрд теңге;

– бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан орын алған шығындар (31,79) млрд теңге;

– шетелдік валютаны қайта бағалаудан орын алған шығындар (24,10) млрд теңге;

– сыртқы басқарудан түскен табыстар 6,68 млрд теңге;

– басқа да шығындар 3,85 млрд теңгені құрады.

2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліндегі борыштық қаржы құралдарының өтелуі бойынша орташа табыстылық жылына 7,0 пайызды құрады. Оның ішінде теңгеге номиналданғандары бойынша орташа табыстылық – жылдық 8,5 пайыз, ал шетелдік валютада – жылдық 3,7 пайызды құрады.

Қордың зейнетақы активтері портфелінің негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздарына (40,31 пайыз) тиесілі. Бұл табысы ең тұрақты қаржы құралдарының бірі. Есепті күнге қарай теңгеге номиналданған ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарының өтелуі бойынша орташа табыстылық жылдық 7,5 пайызды, ал АҚШ долларында – жылдық 4,5 пайызды құрады.

Шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарының ағымдағы құны 2019 жылдың 1 шілдесіне 1 446,22 млрд теңгені құрап, жыл басынан бері 21,34 пайызға артты. Олардың портфельдегі үлесі 14,47 пайызды құрады. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфелінде шетел мемлекеттерінің МБҚ өтеуге орташа алынған кірістілігі есепті күнге 3,2 пайызды құрады.

Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік ұйымдарының 2019 жылдың 1 шілдесіндегі облигациялары зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелінің 13,71 пайызын құрады. Есепті күнге ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының теңгемен номиналданған облигациялары бойынша өтеуге орташа алынған кірістілік жылдық 10,2 пайызды, АҚШ долларымен – жылдық 5,0 пайызды құрады.

Екінші деңгейлі қазақстандық банктердің қаржы құралдары былайша келтірілген: портфельдің 12,69 пайызы облигацияларға орналастырылған, олардың орташа алынған кірістілігі ұлттық валютада жылдық 10 пайызды және АҚШ долларында 6,4 пайызды құрады; депозиттердің үлесі орташа алынған кірістілікпен жылдық 9,4% пайызды құрап, 2,66 пайызға жетті.

БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдары номиналданған валюталар шеңберіндегі қаржы құралдарының инвестициялық портфелі былайша көрініс тапты: ұлттық валютадағы инвестициялар – 68,23 пайыз, АҚШ долларында – 31,36 пайыз, басқа валюталарда – зейнетақы активтері портфелінің 0,42 пайызын құрады.

Қордың сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтері портфелінің құрылымдық үлестірілімі БЖЗҚ Инвестициялық декларациясына толығымен сәйкес келеді.

БЖЗҚ ресми сайтында зейнетақы активтерін басқару бойынша инвестициялық портфель туралы толық ақпарат жарияланған. Ол мына сілтеме бойынша қолжетімді:

https://www.enpf.kz/upload/medialibrary/f65/f657f047351a31b5e726c10056d5da2c.pdf

Инвестициялық қызмет туралы толық есеп салымшылардың зейнетақы жинақтары қандай нарықтық баға бойынша қандай бағалы қағаздарға және қанша мөлшерде инвестицияланғаны жайындағы мағлұматтардан тұрады.0

08.08.2019

Бірыңғай жиынтық төлем- Жартыжылдық қорытындысы

2019 жылдың басынан бастап Қазақстан заңнамасында жаңа жаңалық – Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді. Оны енгізудің басты себебі – бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың қызметін тіркеуді жеңілдету.

Бүгінгі күні бұл төлем 4 міндетті төлемді бір реттік төлеммен алмастырады. Олар:

–  жеке табыс салығы;

–  БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарнасы;

–  мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына міндетті әлеуметтік аударым (МӘСҚ);

–  әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына әлеуметтік жарна (ӘМСҚ).

БЖТ төлеушілер – кәсіпкерлік қызметті жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз жүзеге асыратын, бір уақытта келесі шарттарға жауап беретін тұлғалар: бірыңғай жиынтық төлемді төлеген; жалданған қызметкердің еңбегін пайдаланбайтын, салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға қызмет көрсететін және акцизделетін тауарларды қоспағанда, өздері өндіретін жеке қосалқы шаруашылықтардың ауылшаруашылық өнімдерін сатумен айналысатын тұлғалар болып табылады.

Сауда және ойын-сауық орталықтарының (СОО) аумағында қызмет атқаратын (белгілі жұмыстарды орындайтын) жеке тұлғалар; жеке практикамен айналысатын адамдар, тұрғын емес үй-жайларды жалға берушілер, жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден өткен азаматтар, сондай-ақ, оралмандарды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар БЖТ төлеушілер ретінде есептелмейді.

Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес БЖТ төлеушілері болып табылатын жеке тұлғалар үшін БЖЗҚ-ға өз пайдасына төлеуге жататын, міндетті зейнетақы жарналары 2019 жылы төмендегідей:

  • республикалық және облыстық маңызға ие қалаларда, астанада – 2525 теңге
  • өзге елді-мекендерде – 1262 теңге.

Төлем жасаушыларға бұл соманы өз бетімен 4 төлемге бөлудің қажеті жоқ, ол бюджетке түскеннен кейін  тағайындалуы бойынша автоматты түрде бөлінеді.

Бірыңғай жиынтық төлем сомасы «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ-мен келесі шамаларға бөлінеді:

10% – жеке табыс салығы (ЖТС);

20% – әлеуметтік аударымдар (ӘА);

30% – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ);

40% – міндетті медициналық сақтандыруға аударымдар (ММСА).

Бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшері алынған табыстың мөлшеріне тәуелді емес және қосымша есептеулерді (кірістер, шығыстар, шегерімдер, пайда) талап етпейді.

Табыс алынған әр ай үшін бірыңғай жиынтық төлемді төлеу қажет.

Бірыңғай жиынтық төлем режиміне түсетін азаматтардың барлық төлемдерді жеңілдетілген шарттарда төлеуге және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, БЖТ артықшылықтарына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу және сомасы мен түрлері бойынша шектеусіз медициналық қызметтерге қол жеткізу, ММСА енгізілгеннен кейін медициналық мекемені таңдау құқығына ие болу жатады. Жүйеге қатысушының сондай-ақ, еңбек ету қабілетінен, жұмысынан, асыраушысынан айырылған, жүктілік пен босану, бала асырап алған, бала күтімі жағдайында да әлеуметтік төлемдерді алуға құқығы бар.

БЖТ төлеушілері болып табылатын қазақстандықтар үшін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу арқылы жүйеге қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақы төлемін алу басты артықшылықтардың бірі болып табылады. БЖЗҚ-да өзінің зейнетақы жинақтарын толықтырудан басқа БЖТ төлеушілері үшін енді зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақы төлемін алу мүмкіндігі пайда болды.

Осылайша төлемнің осы түрі енгізілген күннен бастап өткен бірінші жартыжылдықта 121 977 жеке тұлға БЖТ арқылы БЖЗҚ-ға жалпы сомасы 112 млн теңге көлемінде міндетті зейнетақы жарналарын төледі.

Бірыңғай жиынтық төлемнің тағы бір артықшылығы мемлекет кепілдік берген әлеуметтік көмек түріндегі  минималды жәрдемақыға айтарлықтай қаржылық өсімнің қосылуы, сонымен қатар азаматтардың табысын растау арқылы несиені төлеу қабілеттілігінің жоғарылауы болып табылады. Яғни, БЖТ-ні төлеуші енді тұрақты төлемдер арқылы төлем қабілеттілігін растап, банктен ресми түрде несие ала алады.

БЖТ екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жалпы сомамен төленуге жатады (мысалы, «Қазпошта» АҚ арқылы). Төлемді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының банктік шотына аудару керек. Бұдан әрі Мемлекеттік корпорация төлемді жеке табыс салығы (ЖТС) және әлеуметтік төлемдер түріндегі төлемдерге бөледі, содан кейін ЖТС аймақ бюджетіне, ал әлеуметтік төлемдерді БЖЗҚ, ӘСМҚ және ММСА аударады.

БЖТ төлеушілер салық есептілігін ұсынбайды. Қызметтің басталуын тіркеу (хабарлау) және қызметті тоқтата тұру (тоқтату) туралы өтініш талап етілмейді. Жеке тұлға төлем жүргізген күннен бастап бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып есептеледі. Егер жеке тұлға төлемді тоқтатса, онда ол БЖТ-ның төлемшісі болып есептелмейді.

08.08.2019

«БЖЗҚ» АҚ 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысын жариялады

2019 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша БЖЗҚ қызметінің негізгі көрсеткіштері сенімді оң динамиканы көрсетеді: 2019 жылдың 1 шілдесіне қарай зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 9,99 трлн. теңгені құрап, жыл басынан бері 7% – ға немесе 615 млрд.теңгеге ұлғайды.

2019 жылдың бірінші жартыжылдығында жинақталған зейнетақы қаражатының өзгеруі 464,8 млрд.теңге мөлшерінде зейнетақы жарналарының,  107,6 млрд.теңге мөлшеріндегі зейнетақы төлемдерінің, сондай-ақ, 257,5 млрд.теңге көлеміндегі инвестициялық кірістің түсулерімен байланысты.

01.07.2019 ж. қарай міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары 9,8 трлн. теңгені, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен – 220,0 млрд.теңгені, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен – 1,9 млрд. теңгені құрады.

2019 жылдың 1 шілдесіне қарай МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны (техникалық шоттарды қоспағанда) 10,3 млн. шотты құрап, жыл басынан бастап 1,2%-ға немесе 119,3 мың шотқа өсті (жүйеден шыққан қатысушылар бойынша шоттардың жабылуын ескере отырып).

Бұл ретте МЗЖ бойынша жеке зейнетақы шоттарының саны (техникалық шоттарды есепке алмағанда) жыл басынан бастап 1%-ға немесе 100 мың шотқа (жүйеден шыққан қатысушылар бойынша шоттардың жабылуын ескере отырып) ұлғайып, 9,7 млн.шотты құрады.

Техникалық (сәйкестендірілмеген) шоттар саны есептік кезеңде 216,3 мыңнан 201,8 мың шотқа дейін 7%-ға азайды.

2019 жылдың бірінші жартыжылдығында БЖЗҚ-да 155 821 салымшы үшін жеке зейнетақы шоттары ашылды. Алғаш рет БЖЗҚ-да шот ашқандардың 22%-ы 20 жасқа дейінгі топты құрады, 36,2% – 21-ден 30 жасты, 18,3%- 31-ден 40 жасты, 13,6%- 41-ден 50 жасқа дейінгі, 9,9% – 51 жастан жоғары топтарды құрады.

2019 жылдың бірінші жартыжылдығындағы зейнетақы төлемдерінің жалпы сомасы 107,6 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте жасына байланысты төлемдер 41 млрд.теңгені құрап, сақтандыру ұйымдарына 30 млрд. теңге аударылды, 21 млрд. теңге ҚР шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төленді. Салыстыру үшін – өткен жылдың осы кезеңінде зейнетақы төлемдерінің жалпы сомасы 100,9 млрд.теңгені құрады.

2019 жылдың бірінші жартыжылдығында БЖЗҚ салымшыларының жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс 257,5 млрд. теңгені құрады.  Соңғы 12 айда зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляция 5,4% болғанда 9,4% құрады. Осылайша зейнетақы активтері соңғы 12 айда 4% мөлшерінде нақты оң кірістілікке ие.

«БЖЗҚ» АҚ салымшылар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. 01.01.2017 ж. – 01.07.2019 ж. аралығында Қор қызметкерлері 59,8 мың көшпелі тұсаукесерлер өткізіп, оған 1,8 млн. адам (немесе елдің жұмыспен қамтылған халқының 21%) қатысты.

2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Қор кеңселерінде күн сайын Қазақстан бойынша 13 мыңнан астам қызмет көрсетілді.

2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Қор қызметінің 80,5%-ы электронды форматта (он-лайн) жүргізілді.

2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Қор әртүрлі байланыс арналары арқылы келіп түскен 300 мыңға жуық салымшылардың (алушылардың) өтініштерін қабылдап, өңдеді

08.08.2019