АУДАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ҚАЖЫМҰҚАН МҰҢАЙТПАСҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

Дәстүрлі Қажымұхан Мұңайтпасұлы атындағы халықаралық турнир өтті. Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадионның жеңіл атлетика спорт кешеніне жиналған 100-ден астам палуан өз арасындағы ең мықтысын анықтады.
Қазақтың даңқты балуаны Қажымұхан Мұңайтпасұлы кезінде 48 мемлекетте күресіп, алтын медаль иеленген екен. Жетпістен асқанша жауырыны жерге тимеген батыр бабаға құрмет ретінде қазақ күресімен айналысатын әрбір спортшы алдымен осы турнирге қатысып, мықтылығын дәлелдеуді дәстүрге айналдырған.
Бүгінгі додаға қатысу үшін Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның таңдаулы спортшылары өтініш білдірген. Сонымен қатар, «Қазақстан барысына» қатысып, жүлде алған бес балуан да боз кілемде белдесті. Олардың арасында Ұлан Рысқұл, Мұхит Тұрсынов, Жұманазар Ерсұлтанов сынды атақты спортшылар да бар. Жарыстың ашылуында сөз алған «Нұр отан» партиясының Шымкент қалалық филлиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың қазақ күресінің айнымас бренді екенін атап өтті. Жарты ғасырдан астам тарихы бар бұл турнирдың қазақ күресін дамытуға мол үлес қосып келетінін де тілге тиек етті. “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы”, профессор Ерғали Мухитдинұлы, ОҚО Қазақ күресі федерациясының президенті Полат Қырықбаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев, Ордабасы ауданының әкімі Рашид Қайыпжанов жарысқа қатысушы балуандарға бабы мен бағының қатар шабуына тілектестік білдірді.

Халықаралық турнир өте тартысты өтті. Екі күндік доданың үздіктері анықталып, түйе палуан жүлдесі қарағандылық палуан Ержан Шынкеевке бұйырды. Аудан әкімі Рашид Қайыпжанов түйе палуанға көліктің кілтін табыстады.

22.11.2017

АТҚАРЫЛАТЫН ШАРУА АЗ ЕМЕС

Аудан әкімдігінің кезекті көшпелі актив мәжілісі Төрткөл ауыл округінде өтті.
14397 тұрғыны бар ауыл округінің жалпы жер көлемі – 22402 га. Оның 21178 гектары – ауыл шаруашылығы мақсатында, 10331 гектары – суармалы жер, 10847 гектары – жайылымдық. Төрткөл ауыл округінің әкімі Өтеміс Мұхтарханның мәлімдеуінше, төрткөлдік шаруалар биыл 4737 га. – мақта, 500 га. – бақша, 600 га. – көкөніс, 300 га. –
күнбағыс, 30 га.- картоп, 1600 га. – жүгері, 300 га. бидай егіп, өнім алған. «Агроөнеркәсіп кешенін 2017-2020 жылдарға дамыту бағдарламасы» аясында 2017 жылы 300 гектарға тамшылатып және жаңбырлатып суғару әдісі енгізілген, 20 гектарға қарқынды бау егу жұмыстары басталған. 8 ауылшаруашылығы кооперациясы құрылып, 15 дана техника жаңартылған. «Алтын асық» бағдарламасымен – асыл тұқымды 52 қошқар, “Сыбаға” бағдарламасымен 12 ірі қара мал алынған. 2017 жылға 10-15 басқа арналған 35 мал бордақылау алаңдарын ашу жоспарланып, 36 мал бордақылау алаңы іске қосылды, жоспар 102 пайызға орындалды. “Жұмыспен қамту 2020 жол картасы” бағдарламасымен 5 азамат 15 млн. 100 мың теңге несие алып кәсібін бастаған, 31 азамат өз қаражаты есебінен мал бордақылауда.
Ауыл округі әкімінің есепті баяндамасынан соң аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Фатима Тәшімова, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Олжас Көпжасаров, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Ақмұратов, аудандық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуаныш Ысқақов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арсен Ахметов салалары бойынша талдау жасап, ауыл округіндегі кенжелеген тірліктерге тоқталды.
Аудан әкімі Рашид Қайыпжанов тұрғындар тарапынан түсен өтініш-тілектерді тыңдай келе ауыл әкіміне:
– Істің бітуі – оның ұйымдастырылуына байланысты. Міндетіңіз – елге қызмет ету. Сондықтан, бірінші кезекте елдің мұқтаждығын шешуге, сапалы жолмен, таза ауыз сумен, жарықпен қамтамасыз етуге кұш салыңыз. Атқарылған жұмыс бар, әйтсе де, атқарылатыны да аз емес, – деп жиынды қортындылады.

22.11.2017

“СӨЗДЕН ІСКЕ КӨШЕТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ…”

Аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев аудандағы қоғамдық ұйым жетекшілерімен, мәдениет, білім, медицина саласының өкілдерімен, ардагерлермен алқалы жиын өткізіп, Елбасы Н.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” стратегиялық мақаласындағы міндеттемелердің ауданда орындалу жайын талқылады. Жиын барысында еңбек ардагерлері Қойшыбай Әріпбаев, Лесбек Жүсіп, Тұран Әбдіқайымұлы аудан тарихына тоқталып, жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеуде атқарылуы тиіс жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар, аудан орталығындағы Дәулеталыұлы Бегалы ата мешітінің бас имамы Бастарбек Әшірбай да стратегиялық мақаладағы міндеттемелерге қатысты пікірін білдіріп, ұсынысын жеткізді.
Басқосуды қорытындылаған Азат Әбдіғалиұлы ендігі кезекте сөзден іске көшетін уақыттың келгенін айтты. Сонымен қатар, мемлекет дамуының бұл сатысында да жиынға қатысушылардың жұдырықтай жұмылып, еңбек ететініне сенім білдірді.

22.11.2017

“МӘСЕЛЕ ЗАҢ АЯСЫНДА ШЕШІЛУІ ТИІС…”

Алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, бүгін аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Үсенбаев тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.
Темірлан ауылының тұрғыны Абибулла Сирбаев баспанасы орналасқан көшедегі заңсыз құрылысқа шағымданса, Әбдіхашім Сәтпай “Батсу” негізгі мектебі орналасқан көшені жарықтандыруды өтінді. Бибіжан Нұрманова коммуналдық тұрғын үйге кезекте тұратынын, алайда әлі күнге баспанаға қол жеткізе алмай келетінін жеткізді.
Ғалымжан Қарабайұлы жеке қабылдау барысында көтерілген мәселелердің заң аясында зерделеніп, шешілетінін айтты.

22.11.2017

“ПАРАСЫЗ БОЛАШАҚҚА – БІРГЕ!”

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамасымен, «Парасыз болашаққа. Бірге!» республикалық акциясы аясында Ордабасы ауданында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ құрылған. Мобильді топ мүшелері: аудан әкімі аппаратының персоналды басқару (кадр қызметі) бөлімінің бас инспекторы Б.Дәнебек, аудан әкімі аппаратының заң бөлімінің бас маманы Д.Өтебаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Г.Жолдасова, «Жастар ресурстары орталығы» КММ директоры М.Сайлыбаев, «Нұр Отан» партиясының Ордабасы аудандық филиалының кеңесшісі А.Ерімбетова Шұбарсу ауыл округіне барып тұрғындармен кездесті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында анонимді 70 сауалнама толтырылды.
Мобильді топ жұмысының басты мақсаты – мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көрінісіне “мүлдем төзбеушілік” ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету.

20.11.2017

ӘР СЕНБІДЕ – ЖӘРМЕҢКЕ

Бүгін Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Ауыл округтерінен жеткен шаруалар өнімдерін тұрғындарға қолжетімді бағада ұсынды. Мәселен, картоп бағасы 70-90 теңгені, қырыққабаттың бағасы 40-50 теңгені, пияздың бағасы 60 теңгені, асқабақтың бағасы 40 теңгені құрады. Ал, қой еті тұтынушыларға 1200 теңгеден сатылды.
Аудан әкімі Рашид Қайыпжанов мұндай жәрмеңкенің орталық алаңда әр сенбіде өтетінін мәлімдеді. Мақсат – аудандағы өндірілетін өнімдердің аудан тұрғындарына қолжетімділігін арттыру.
– Биылғы жылы аудан бойынша 7 мың тоннадан астам картоп, 59 мың тоннадан астам көкөніс, 50 мың тоннаға жуық бақша өнімдері жиналды. Жыл басынан бері 282 мал бордақылау алаңы, 60 шағын жанұялық сүт аулалары іске қосылды. Ауданда мал мен құс еті өндірісі 2017 жылдың тоғыз айында 16 996 тоннаға жетті. 34 426 тонна сүт, 7869 мың дана жұмыртқа өндірілді. Осы өнімдермен біз ЕҢ алдымен аудан тұрғындарын қамтамасыз етуіміз қажет, – деді аудан басшысы Рашид Үсіпханұлы өз сөзінде.

20.11.2017

ЖАС АҚЫНДАР ЖЫР ДОДАСЫНА ТҮСТІ

Елбасы Н.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” стратегиялық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту, білім бөлімдерінің, «Жастар ресурстық орталығының», «Нұр Отан» пар­тиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен, аудандық мәдениет Үйінде «Тәуелсіз Қазақстаным!» тақырыбымен аудандық жас ақындар бай­қауы өтті.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, бағы шапқандар жеңіс тұғырынан көрінді. Нәтижесінде, «Ордабасы оттары» газетінің тілшісі Батырәлі ЖҮРСІНБЕК бас жүлдеге қол жеткізсе, Ө.Тұр­ман­жанов, М.Исламқұлов, Амангелді атындағы жалпы орта мектеп­тердің 10-11 сынып оқушылары: Аяжан ҚАЛЖАНҒА – 1, Қанатбек ЕСЕНГЕЛДИЕВКЕ – 2, Сұлтанмахмұт ТӨРЕШКЕ 3 орын берілді. Жүлдегерлерге сый-сияпат жасалды. Барлық үміткерге аудандық «Жастар ресурстық орталығының» Алғыс хаты тапсырылды.

20.11.2017

АУЫЛ ЖАСТАРЫНА ТАРТУ ЖАСАДЫ

Ордабасы ауданы, Қажымұқан ауылында жабық кіші футбол алаңының құрылысы бітіп, пайдалануға берілді. «Ұлытау» спорт кеше­нінің ашу­лы салтанатында ауыл азаматы Ораз Үндемесов, бап­кер, Қазақстан Респу­бли­касы­ның еңбек сіңірген жаттық­тырушысы Ба­қытжан Ибрагимов, «Ордабасы от­тары» газетінің редакторы Нүридін Шәмшіұлы құттықтау сөз сөйлеп, ізгі ниетін жеткізді. Еркін күрестен Қазақстаның 4 дүркін чемпионы, бірнеше халықа­ра­лық біріншіліктің жеңім­пазы, Лондон оли­м­пиа­дасының және әлем чем­пионатының қол жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, Шым­кент қалалық жеңіл атлетика және велоспорт мектебінің дирек­торы Нұрлан Айт­беков, Қазақ күресінің май­талманы, Қазақстан Бары­сының қола, күміс жүл­дегері Жұманазар Ерсұл­танов кешеннің лентасын қиды.
Футбол алаңшасын салдыр­ған Алтай Оңғар­бай­ұлы – еркін күрестен спорт шебері.
— Мұнда күш атасы Қажымұқан Мұ­ңайт­пасұлы өмір сүрген, жерленген. Қа­сиетті мекен. Қазір ауылдағы екі баланың бірі күрес­пен айналысады. 90-ға таяу спорт шебері бар. Дегенмен, қазір елімізде кіші футбол кеңінен қанат жаюда. Ауыл жастары көшеде бос жүр­месін, әрі жас фут­болшылар осы елден шық­сын деген мақ­сатпен осы ғимаратты сал­дық, – деді Алтай өз сөзінде.
Кешеннің ашылу салтанатына орай ұйымдастырылған доп додасына 19 команда қатысып, қайнар­лықтар — бірінші, Отырар ауданы, Темір ауылы­ның командасы — екінші, төрткүлдіктер — үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздарға сый-сияпат тапсырылды.

20.11.2017

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ОРДАБАСЫДА

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков Ордабасы ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар нысандарды аралады. Алдымен Шұбар ауылындағы №18 колледжге ат басын бұрып, тыныс-тіршілігін көрді. Аталмыш оқу орны 1959 жылдан бері шәкірттерді кәсіптік білімге баулып келеді. Бүгінгі таңда мұнда 371 жеткіншек білім алуды. Оларға 50 инженер-педагог білім береді. Оқу ғимаратынан соң Ұласбек Сәдібекұлы колледж жатақханасымен, техникалық базасымен танысты.
Екінші нысан – Береке ауылындағы 200 орындық мектеп құрылысы. Мұндағы жұмыс қарқынды жүруде. “MD Constructon Ltd” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өкілі құрылыстың кестеге сәйкес жүргізіліп келетінін алға тартты. Тапсырылуы 2018 жылға жоспарланған мектепке облыстық және аудандық бюджеттен қаржы бөлінген. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Аққойлы ауылындағы “Аққойлы мешіт-медресесі” тарих және сәулет ескерткешіне бұрылып, бүгінгі ахуалын көрді.
Сондай-ақ, Ынталы ауылында орналасқан Қ.Бектаев атындағы мектеп-интернатына барып, ондағы оқушылардың жағдайымен танысты.
Сапар қорытындысында, Ұласбек Сәдібеков аудан активімен кездесіп, алқалы жиын өткізді. Аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” стратегиялық мақаласындағы басымдықтарды жүзеге асыру бойынша ауданда атқарылған жұмыс барысын баяндады.
ОҚО Қазақстан халқы ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов, облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов, облыстық дін істері басқармасының басшысы Самат Сапарбаев, облыстық тілдерді дамыту және құжаттама басқармасының басшысы Бастар Есқараев, облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірхан, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысының орынбасары Мадияр Әліпов сөз алып, аудандағы кезегін күткен күрмеулі мәселелер жайын тілге тиек етті.
Жиынды аудан әкімі Рашид Қайыпжанов қортындылап, облыс әкімінің орынбасары мен басқарма басшылары тарапынан айтылған сын-ескертпелердің назарға алынып, жұмыс жүргізілетінін жеткізді.

 

09.11.2017

ТМД елдерінің өкілдері Қазақстанның мемлекеттік қызмет көрсету бойынша тәжірибесін игеруге келді

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабпенбірге ұйымдастырған «Қазақстанның мемлекеттік қызметті дамыту саласындағы тәжірибесі. Инновациялық тәсілдер: сын-тегеуріндер мен шешімдер» атты халықаралық конференция барысында басқа елдерден келген қатысушылар Қазақстанның мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы тәжірибесімен танысып, инновациялық жобаларды мемлекеттік басқару секторына енгізу мүмкіндіктерін талқылады.

Конференцияның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің орынбасары Қайрат Балықбаев, Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың басқарушы комитет төрағасы Әлихан Бәйменов, Сингапурдағы мемлекеттік қызметті жетілдіру жөніндегі БҰҰ «Даму» бағдарламасы ғаламдық орталығының директорыМакс Эверест Филлипс және т.б. сөз сөйледі.

Спикерлердің айтуынша, қазір Қазақстан UNDESA электрондық үкіметті дамыту индексі аясында 27-ші орында, яғни бұл үкіметтің халыққа мемлекеттік қызметтерді ұсыну тәртібін жеңілдетуге бағытталған белсенді жұмысының көрсеткіші.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтер бірнеше тәсіл бойынша көрсетіледі: электрондық үкімет порталы арқылы (700-ден астам қызметтер мен сервистер), Халыққа қызмет көрсету орталықтары (548 мемқызмет), Mgov мобильді қосымша (80-нен астам қызмет пен сервистер). Айта кетейік, халықаралық үкіметтік саммитте Mgov мобильдік үкіметтің үздік қосымшасы боп танылды. Мемкорпорацияға келсек, қазір 723 мемлекеттік қызметтің 548-і «Азаматтарға арналған үкіметтің 349 фронт-офистері арқылы ұсынылады. Және бұл көрсеткіш жылдан-жылға ұлғайып келеді (2011 жылы ХҚКО арқылы 51 мемқызмет ұсынылған). Қазір қызметтер толық циклмен көрсетілгендіктен, сұратылатын құжаттар мөлшері азайды. Ал қызметтер электронды түрге көшірілгендіктен, Мемлекеттік корпорацияға келушілер саны қысқарды.

ХҚКО-ның сапасын көтерген басты ерекшелік – түрлі органдардың құжаттарын «бір терезе» қағидаты бойынша дайындап беру. Мысалы, Әзірбайжан, Малайзия, Сингапур және тағы басқа елдердетүрлі органдардың құжат дайындаушы өкілдері бір ғимаратта болғанымен, бөлек бұрыштарда қызмет көрсетеді. Ал қазақстандықтар түрлі органның құжаттарын алу үшін әр бұрышқа барып кезек тұрмайды, «бір терезе» арқылы ХҚКО-ның кез-келген қызметкерінен ала алады.

Конференцияға қатысушы елдердің өкілдері Қазақстанның тәжірибесін зерттеу реформалар өткізу кезіндегі ақпараттық-сараптамалық жұмыстың базасын күшейтуге септігін тигізетініне, сонымен қатар мемқызметтерді көрсету саласында тәжірибе алмасу барысында тиімді диалог орнататынына сенімді.

Анықтама:

Іс-шараТәжірибешілдер альянсының ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) институттарының тиімді платформасы негізіндегі «тең теңімен» принципі бойынша жасалған серияларының жалғасы болды. Альянсты 2016 жылдың сәуірінде Астаналық хаб іске қосты. Нәтижесінде Қазақстан, Әзірбайжан, Грузияда  мемқызметтерді «бір терезе» принципі арқылы көрсету саласында үш зерттеу жасалды. 2017 жылдың мамыр айында Сингапурда өткен мемқызметтерді көрсетуді жетілдіру бойынша ғаламдық семинарда осы үш елдің тәжірибесі  ұсынылды. Бұл ғаламдық семинарды ұйымдастыруға Қазақстан өкілдігі мен Аймақтық хаб ат салысқан еді.

08.11.2017