АУДАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА БОЛДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Қ.ТҮЙМЕБАЕВ Ордабасы ауданында жұмыс барысымен іссапарда болды. Жұмыс сапарын Бадам ауыл округіндегі «Ордабасы нан» ЖШС-інен бастады. Бұл кәсіпорын заманауи үлгідегі түрік технологиясын пайдаланып, сапалы ұн өндіруде. Қазіргі таңда тәулігіне 450 тонна өнім өндіретін алып диірмен тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын 97 адамды жұмыспен қамтыған. Олардың барлығының жергілікті тұрғындар екенін айта кеткен жөн. Содан кейін қонақтар «Миграж-Б» ЖШС-інің ірі қара мал бордақылау кешеніне ат басын бұрды. Мұнда бір мезетте 200 өгізше бордақыланады. 3 адам жұмыспен қамтылған, олардың айлық жалақысы 50 мың теңгені құрайды. Серіктестікте жылына 70 тонна ет өндіру жоспарланған.
Облыс басшысы Темірландағы жеке кәсіпкер Е.ӨТЕЕВТІҢ жылыжайындағы жұмыс барысымен танысты. 6 жүздік жерде қияр өсіріп отырған кәсіпкерге табыс тілеп, ісін өркендете беруге тілек білдірді. Сондай-ақ, осы қоныстағы «Өрлеу» бағдарламасының негізінде кәсіптерін өркендетіп отырған жандардың жұмыс барысын көрді. Мұндағылар түрлі жиһаз, халықтық өрнектегі бұйымдарды жасаумен айналысады екен. Олар орта есеппен 200-300 мың теңге көлемінде жеңілдікті несие алып, кәсібін дөңгелетуде. Өңір басшысы кәсіптерін жалғастыра беруді тапсырды.
Темірландағы әрқайсысы екі отбасына арналып салынған 14 тұрғын үйді пайдалануға беру мәртебесі облыс басшысына бұйырды. Жансейіт Қансейітұлы мемлекеттің, Елбасының халыққа мол қамқорлығын айта келіп, бұл жұмыстардың жалғасын табатынын еске салды. Содан кейін қуанышқа кенелген жандарға жап-жаңа үйлердің кілтін табыстады.
Сыпатаев ауылында ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталып, оны пайдалануға тапсыру салтанатында Ж.ТҮЙМЕБАЕВ құттықтау сөз сөйледі. Осыдан кейін қоныстағы көшелердің жөнделетінін айтты.
Төрткүлдегі «Нұр-Агро» ЖШС-інің мақта өңдеу зауыты — ірі кәсіпорын. Мұнда 300 адам жұмыспен қамтылған. 14 өндірістік құрылғыда жылына 30000 тонна мақта өңделеді. Осында өңделген мақта талшықтары Чехияға, Беларусь пен Молдоваға шығарылады. Облыс басшысы кәсіпорынды аралап көріп, бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Өңір басшысының іссапарында облыстық мәслихат хатшысы Қ.БАЛАБИЕВ, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ө.МЕЛДЕХАНОВ бірге жүрді.
Осымен облыс басшысының Ордабасы ауданына іссапары аяқталды.
“Ордабасы оттары”

05.12.2017

ЖАС АҚЫНДАР ЖЫР ДОДАСЫНА ТҮСТІ

Аудандық орталық кітапханада Нұралы Нысанбайұлының 160 жыл мерейтойына орай «Дастаншыл дарын» атты оқушылар арасында байқау өтті. Нұралы Нысанбайұлының шығармаларын насихаттап, ақынның өмірі мен еңбектерін тануға деген қызығушылықтарын арттыру, ұлттық поэзия ізін жалғар өскелең ұрпақтың шығармашылық өнеріне қолдау көрсету мақсатында өткен іс-шараны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ. Жылқыбай ашып берді. Сондай-ақ, тілдерді дамыту бөлімінің  қызметкері Медеубекова Жұпар, «Ордабасы оттары»  газетінің тілшісі Батырәлі Жүрсінбек, Орталық кітапхана меңгерушісі   Асан   Гүлзада жас ақындарымызға төрелік етті.
Сайысқа қатысқан ең белсенді 5 ақынымыз жүлделі орын алды, атап айтсақ:
Бас жүлде – Кенбаев  Азамат, І орын –  Тілеулес Сайлаубекұлы, ІІ орын –  Убайдулла Зауре, ІІІ орын  – Өміртай Нұртай, ынталандыру сыйлығына –  Рахымжан Ізбасар ие болды.  Оқушылардың ой өрісін кеңейтіп, шығармашылығына шабыт беретін  байқауды аудандық орталықтандырылған  кітапханалар жүйесінің директоры Р. Жәнібек   қорытындылап, жас ақындарымызға сый-сияпат жасады.

27.11.2017

ЫҚЫЛАСТЕМІР МЕН ТЕСПЕ АУЫЛЫНА ГАЗ ҚҰБЫРЫ ТАРТЫЛУДА

Бүгінгі таңда Ордабасы ауданы тұрғындарының 6,9 пайызы немесе үш елді мекен (Бөржар ауыл округіне қарасты Қайнар, Ынтымақ, Ұялыжар елді мекендері) табиғи газбен қамтылған. Қосымша Бадам елді мекенінің бір бөлігіне (305 абонент) кәсіпкерлер есебінен табиғи газ тартылған. Биыл Ықыластемір және Теспе ауылдарына газ құбырлары жүргізілуде.
2015 жылы облыстық бюджет есебінен “Бейнеу-Шымкент” магистральды газ құбырының 1393 шақырымында №19 “Темірлан” АГТС және АГТС-тан Ордабасы ауданының Темірлан елді мекені арқылы Арыс қаласына дейін тартылатын газ құбырының құрылысы басталды.
Қазіргі таңда АГТС қондырғыларын қысымдау жұмыстары жүргізілді, жұмыстар аяқталуға жақын, газды қыздыру блогы жақын арада нысан басына жеткізіліп орнату жұмыстары жүзеге асады. Бекітілген өндірістік кестеге сәйкес газды қыздыру блогы орнатылғаннан кейін, нысан қабылданады.
№19 «Темірлан» АГТС-і іске қосылған соң, кезең – кезеңімен Қажымұхан ауыл округінің 7 елді мекеніне, Шұбар ауыл округінің 6 елді мекеніне, Қараспан ауыл округінің 14 елді мекеніне, Шұбарсу ауылына, Жеңіс ауыл округінің 2 елді мекеніне, Бөген ауыл округінің 2 ауылына және Бөржар ауыл округінің 3 ауылына (Бірлік, Жамбыл, Қалаш) газ құбыры тартылып, тұрғындар көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.

23.11.2017

МАЛ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛМАСЫН!

Ордабасы аудандық прокуратурасының аға прокуроры Батырбек Арынтаевтың, аудандық ветеринария бөлімі басшысының м.а. Мұрат Тоғызбайдың қатысуымен Төрткөл, Қарақұм, Жеңіс, Бадам, Бөржар Қараспан ауыл округтерінде «Мал ұрлығына тосқауыл!» жобасы аясында тұрғындармен кездесу өтіп, қылмыстың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жиын барысында малдың бірдейлендірілуіне, паспортталуына, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына ендірілуіне қатысты мол мағлұмат беріліп, туындаған сұрақтар талқыланды.
Сонымен қатар, жаңадан күшіне енген «Прокуратура туралы» заңының және қылмыстық процестік кодекстің талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының оңтайландырылғаны түсіндірілді.
Аудандық прокуратурасымен жүргізіліп жатқан «Өз аймағыңның дамуына үлесіңді қос» жобасы аясында Messenger «WhatsApp» (телефон номері 87073781808) бойынша барлық құқық бұзушылық деректері бойынша аудан тұрғындарынан хабарламалар (текстік хабарлама, фото және видео материалдар) қабылданатыны хабарланды.
Мал ұрлығын болдырмау мақсатында ортақ бақташы жалдау мәселесі, малды қараусыз қалдырудыңың соңы неге соқтыратыны кеңінен әңгіме болып, заңда белгіленген жазалар да атап өтілді.

22.11.2017

АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АРЫСТАН

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Халықаралық студенттер күні» мерекесіне орай жастардың арасында мәдениеттілік пен әдептілікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған кеште жастарды мерекемен құттықтап, жыл бойы түрлі салаларда өзіндік үлес қосып жүрген 20 көшбасшы жасқа 15 номинация бойынша «Үздік жастар премиясын» табыстады.
Мерекелік шарада Ордабасылық Арыстан Омар “Үздік жас меценат” номинациясымен марапатталды. Арыстан туған ауылындағы көмекке мұқтаж мүгедектерге, жалғызілікті қарттарға әрдайым материалдық көмек көрсетіп, демеушілік жасап, алғысқа бөленіп жүр.
Төрткүл ауылы жастарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауыл орталығында Арыстанның бастамасымен «Жастар аллеясы» және кіші футбол алаңы ашылып, пайдалануға берілді. Ауылдық мәдениет үйінің бір бөлмесін ауыл жастарына күреспен айналысу үшін ыңғайластырып, жеке қаржысына спорт кілемшесін алып берді.


/Сурет Ә.Әссандидің парақшасынан алынды/

22.11.2017

ҚАЖЫМҰҚАН МҰҢАЙТПАСҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

Дәстүрлі Қажымұхан Мұңайтпасұлы атындағы халықаралық турнир өтті. Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадионның жеңіл атлетика спорт кешеніне жиналған 100-ден астам палуан өз арасындағы ең мықтысын анықтады.
Қазақтың даңқты балуаны Қажымұхан Мұңайтпасұлы кезінде 48 мемлекетте күресіп, алтын медаль иеленген екен. Жетпістен асқанша жауырыны жерге тимеген батыр бабаға құрмет ретінде қазақ күресімен айналысатын әрбір спортшы алдымен осы турнирге қатысып, мықтылығын дәлелдеуді дәстүрге айналдырған.
Бүгінгі додаға қатысу үшін Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның таңдаулы спортшылары өтініш білдірген. Сонымен қатар, «Қазақстан барысына» қатысып, жүлде алған бес балуан да боз кілемде белдесті. Олардың арасында Ұлан Рысқұл, Мұхит Тұрсынов, Жұманазар Ерсұлтанов сынды атақты спортшылар да бар. Жарыстың ашылуында сөз алған «Нұр отан» партиясының Шымкент қалалық филлиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың қазақ күресінің айнымас бренді екенін атап өтті. Жарты ғасырдан астам тарихы бар бұл турнирдың қазақ күресін дамытуға мол үлес қосып келетінін де тілге тиек етті. “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы”, профессор Ерғали Мухитдинұлы, ОҚО Қазақ күресі федерациясының президенті Полат Қырықбаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев, Ордабасы ауданының әкімі Рашид Қайыпжанов жарысқа қатысушы балуандарға бабы мен бағының қатар шабуына тілектестік білдірді.

Халықаралық турнир өте тартысты өтті. Екі күндік доданың үздіктері анықталып, түйе палуан жүлдесі қарағандылық палуан Ержан Шынкеевке бұйырды. Аудан әкімі Рашид Қайыпжанов түйе палуанға көліктің кілтін табыстады.

22.11.2017

АТҚАРЫЛАТЫН ШАРУА АЗ ЕМЕС

Аудан әкімдігінің кезекті көшпелі актив мәжілісі Төрткөл ауыл округінде өтті.
14397 тұрғыны бар ауыл округінің жалпы жер көлемі – 22402 га. Оның 21178 гектары – ауыл шаруашылығы мақсатында, 10331 гектары – суармалы жер, 10847 гектары – жайылымдық. Төрткөл ауыл округінің әкімі Өтеміс Мұхтарханның мәлімдеуінше, төрткөлдік шаруалар биыл 4737 га. – мақта, 500 га. – бақша, 600 га. – көкөніс, 300 га. –
күнбағыс, 30 га.- картоп, 1600 га. – жүгері, 300 га. бидай егіп, өнім алған. «Агроөнеркәсіп кешенін 2017-2020 жылдарға дамыту бағдарламасы» аясында 2017 жылы 300 гектарға тамшылатып және жаңбырлатып суғару әдісі енгізілген, 20 гектарға қарқынды бау егу жұмыстары басталған. 8 ауылшаруашылығы кооперациясы құрылып, 15 дана техника жаңартылған. «Алтын асық» бағдарламасымен – асыл тұқымды 52 қошқар, “Сыбаға” бағдарламасымен 12 ірі қара мал алынған. 2017 жылға 10-15 басқа арналған 35 мал бордақылау алаңдарын ашу жоспарланып, 36 мал бордақылау алаңы іске қосылды, жоспар 102 пайызға орындалды. “Жұмыспен қамту 2020 жол картасы” бағдарламасымен 5 азамат 15 млн. 100 мың теңге несие алып кәсібін бастаған, 31 азамат өз қаражаты есебінен мал бордақылауда.
Ауыл округі әкімінің есепті баяндамасынан соң аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Фатима Тәшімова, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Олжас Көпжасаров, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Ақмұратов, аудандық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуаныш Ысқақов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арсен Ахметов салалары бойынша талдау жасап, ауыл округіндегі кенжелеген тірліктерге тоқталды.
Аудан әкімі Рашид Қайыпжанов тұрғындар тарапынан түсен өтініш-тілектерді тыңдай келе ауыл әкіміне:
– Істің бітуі – оның ұйымдастырылуына байланысты. Міндетіңіз – елге қызмет ету. Сондықтан, бірінші кезекте елдің мұқтаждығын шешуге, сапалы жолмен, таза ауыз сумен, жарықпен қамтамасыз етуге кұш салыңыз. Атқарылған жұмыс бар, әйтсе де, атқарылатыны да аз емес, – деп жиынды қортындылады.

22.11.2017

“СӨЗДЕН ІСКЕ КӨШЕТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ…”

Аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев аудандағы қоғамдық ұйым жетекшілерімен, мәдениет, білім, медицина саласының өкілдерімен, ардагерлермен алқалы жиын өткізіп, Елбасы Н.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” стратегиялық мақаласындағы міндеттемелердің ауданда орындалу жайын талқылады. Жиын барысында еңбек ардагерлері Қойшыбай Әріпбаев, Лесбек Жүсіп, Тұран Әбдіқайымұлы аудан тарихына тоқталып, жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеуде атқарылуы тиіс жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар, аудан орталығындағы Дәулеталыұлы Бегалы ата мешітінің бас имамы Бастарбек Әшірбай да стратегиялық мақаладағы міндеттемелерге қатысты пікірін білдіріп, ұсынысын жеткізді.
Басқосуды қорытындылаған Азат Әбдіғалиұлы ендігі кезекте сөзден іске көшетін уақыттың келгенін айтты. Сонымен қатар, мемлекет дамуының бұл сатысында да жиынға қатысушылардың жұдырықтай жұмылып, еңбек ететініне сенім білдірді.

22.11.2017

“МӘСЕЛЕ ЗАҢ АЯСЫНДА ШЕШІЛУІ ТИІС…”

Алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, бүгін аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Үсенбаев тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.
Темірлан ауылының тұрғыны Абибулла Сирбаев баспанасы орналасқан көшедегі заңсыз құрылысқа шағымданса, Әбдіхашім Сәтпай “Батсу” негізгі мектебі орналасқан көшені жарықтандыруды өтінді. Бибіжан Нұрманова коммуналдық тұрғын үйге кезекте тұратынын, алайда әлі күнге баспанаға қол жеткізе алмай келетінін жеткізді.
Ғалымжан Қарабайұлы жеке қабылдау барысында көтерілген мәселелердің заң аясында зерделеніп, шешілетінін айтты.

22.11.2017

“ПАРАСЫЗ БОЛАШАҚҚА – БІРГЕ!”

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамасымен, «Парасыз болашаққа. Бірге!» республикалық акциясы аясында Ордабасы ауданында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ құрылған. Мобильді топ мүшелері: аудан әкімі аппаратының персоналды басқару (кадр қызметі) бөлімінің бас инспекторы Б.Дәнебек, аудан әкімі аппаратының заң бөлімінің бас маманы Д.Өтебаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Г.Жолдасова, «Жастар ресурстары орталығы» КММ директоры М.Сайлыбаев, «Нұр Отан» партиясының Ордабасы аудандық филиалының кеңесшісі А.Ерімбетова Шұбарсу ауыл округіне барып тұрғындармен кездесті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында анонимді 70 сауалнама толтырылды.
Мобильді топ жұмысының басты мақсаты – мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көрінісіне “мүлдем төзбеушілік” ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету.

20.11.2017