АУДАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Жаңа жылда – жаңа төлемдер

Жаңа жыл жақындағанда жақсы жаңалық күтетін әдетіміз. Соның бірі — жәрдемақы, зейнетақы сынды әлеуметтік төлемдердің артуы. Еліміздің 2018–2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде қалыптастырылған «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасына сәйкес, алдағы жылдың алғашқы күнінен бастап біршама заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.
Тарқатып айтсақ, тағайындалған зейнетақы төлемдерін, соның ішінде әскери қызметте болғандардың төлемдерін 8 пайызға арттыру жоспарланған.
1-қаңтардан бастап:
айлық есептік көрсеткіш (АЕК) = 2 405 теңге
ең төменгі зейнетақы мөлшері = 33745 теңге
мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі = 15274 теңге

05.12.2017

ЖЫЛУ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ЖҰМЫСЫ – ҚАЛЫПТЫ

Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Рашид Қайыпжанов аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жылыту жұмыстарының деңгейін көрді.
Алдымен “Шолпан” балабақшасына ат басын бұрған Рашид Үсіпханұлы ғимараттың ескіргеніне ерекше назар аударып, балабақша меңгерушісіне атқарылуы тиіс жұмыстардың тізбесімен арнайы ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, 4 топқа бөлінген 80-нен астам тәрбиеленушілердің оқу, ойын және жатын бөлмелерінің жылуын күнделікті қатаң бақылауда ұстап, назардан тыс қалдырмауды ескертті.
Аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты жаттығу бөлмелерінің жылытылуы ойдан шыққанымен, мұндағы тазалыққа көңілі толмаған аудан әкімі бөлім басшысына кемшіліктерді жойып, жас спортшыларға тиісті жағдай жасау қажеттігін есіне салды:
– Ең алдымен жаттығу залдарын талапқа сәйкестендірген абзал. Спортшыларымыздың жетістіктері жетерлік. Егер олардың еркін жаттығуына жағдай жасасақ, алатын биігі асқақтай түсері анық. Бұл жастардың спортқа қызығушылығын да арттыратынын ескеру керек, – деді Рашид Үсіпханұлы өз сөзінде.

05.12.2017

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТКЕ АРНАЛДЫ

Тәуелсіз еліміздің қалыптасуынан бастап Мемлекет ретінде дамудың даңғыл жолына түскенге дейінгі атқарылған жұмыстардың барлығы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елбасы осы уақыт аралығында Қазақстанды бүкіл әлемге танытып, көпұлтты халықты игілікті істерге біріктірді. Осылайша, дінаралық келісім мен этносаралық татулықты серік еткен бейбіт елдің басшысы ретінде әлемдік деңгейдегі тарихи тұлғаға айналды.
Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай, Ордабасы ауданында мерекелік жиын өтті. Орталық алаңда мерекеге орай жәрмеңке ұйымдастырылды.
Мәдениет үйіндегі салтанатты шараны аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев ашып, ордабасылықтарға аудан әкімінің құттықтауын жеткізді. Ауданымыздың алтын құрсақты аналары осы күні “Алтын” мен “Күмістен” алқа тағынды.
Әр салада тиянақты тірлігімен ерекшеленген азаматтар Алғыс хатпен марапатталды.
Салтанатты жиын аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұйымдастырған концертке ұласты.

05.12.2017

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА БОЛДЫ

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Қ.ТҮЙМЕБАЕВ Ордабасы ауданында жұмыс барысымен іссапарда болды. Жұмыс сапарын Бадам ауыл округіндегі «Ордабасы нан» ЖШС-інен бастады. Бұл кәсіпорын заманауи үлгідегі түрік технологиясын пайдаланып, сапалы ұн өндіруде. Қазіргі таңда тәулігіне 450 тонна өнім өндіретін алып диірмен тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын 97 адамды жұмыспен қамтыған. Олардың барлығының жергілікті тұрғындар екенін айта кеткен жөн. Содан кейін қонақтар «Миграж-Б» ЖШС-інің ірі қара мал бордақылау кешеніне ат басын бұрды. Мұнда бір мезетте 200 өгізше бордақыланады. 3 адам жұмыспен қамтылған, олардың айлық жалақысы 50 мың теңгені құрайды. Серіктестікте жылына 70 тонна ет өндіру жоспарланған.
Облыс басшысы Темірландағы жеке кәсіпкер Е.ӨТЕЕВТІҢ жылыжайындағы жұмыс барысымен танысты. 6 жүздік жерде қияр өсіріп отырған кәсіпкерге табыс тілеп, ісін өркендете беруге тілек білдірді. Сондай-ақ, осы қоныстағы «Өрлеу» бағдарламасының негізінде кәсіптерін өркендетіп отырған жандардың жұмыс барысын көрді. Мұндағылар түрлі жиһаз, халықтық өрнектегі бұйымдарды жасаумен айналысады екен. Олар орта есеппен 200-300 мың теңге көлемінде жеңілдікті несие алып, кәсібін дөңгелетуде. Өңір басшысы кәсіптерін жалғастыра беруді тапсырды.
Темірландағы әрқайсысы екі отбасына арналып салынған 14 тұрғын үйді пайдалануға беру мәртебесі облыс басшысына бұйырды. Жансейіт Қансейітұлы мемлекеттің, Елбасының халыққа мол қамқорлығын айта келіп, бұл жұмыстардың жалғасын табатынын еске салды. Содан кейін қуанышқа кенелген жандарға жап-жаңа үйлердің кілтін табыстады.
Сыпатаев ауылында ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталып, оны пайдалануға тапсыру салтанатында Ж.ТҮЙМЕБАЕВ құттықтау сөз сөйледі. Осыдан кейін қоныстағы көшелердің жөнделетінін айтты.
Төрткүлдегі «Нұр-Агро» ЖШС-інің мақта өңдеу зауыты — ірі кәсіпорын. Мұнда 300 адам жұмыспен қамтылған. 14 өндірістік құрылғыда жылына 30000 тонна мақта өңделеді. Осында өңделген мақта талшықтары Чехияға, Беларусь пен Молдоваға шығарылады. Облыс басшысы кәсіпорынды аралап көріп, бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Өңір басшысының іссапарында облыстық мәслихат хатшысы Қ.БАЛАБИЕВ, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ө.МЕЛДЕХАНОВ бірге жүрді.
Осымен облыс басшысының Ордабасы ауданына іссапары аяқталды.
“Ордабасы оттары”

05.12.2017

ЖАС АҚЫНДАР ЖЫР ДОДАСЫНА ТҮСТІ

Аудандық орталық кітапханада Нұралы Нысанбайұлының 160 жыл мерейтойына орай «Дастаншыл дарын» атты оқушылар арасында байқау өтті. Нұралы Нысанбайұлының шығармаларын насихаттап, ақынның өмірі мен еңбектерін тануға деген қызығушылықтарын арттыру, ұлттық поэзия ізін жалғар өскелең ұрпақтың шығармашылық өнеріне қолдау көрсету мақсатында өткен іс-шараны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ. Жылқыбай ашып берді. Сондай-ақ, тілдерді дамыту бөлімінің  қызметкері Медеубекова Жұпар, «Ордабасы оттары»  газетінің тілшісі Батырәлі Жүрсінбек, Орталық кітапхана меңгерушісі   Асан   Гүлзада жас ақындарымызға төрелік етті.
Сайысқа қатысқан ең белсенді 5 ақынымыз жүлделі орын алды, атап айтсақ:
Бас жүлде – Кенбаев  Азамат, І орын –  Тілеулес Сайлаубекұлы, ІІ орын –  Убайдулла Зауре, ІІІ орын  – Өміртай Нұртай, ынталандыру сыйлығына –  Рахымжан Ізбасар ие болды.  Оқушылардың ой өрісін кеңейтіп, шығармашылығына шабыт беретін  байқауды аудандық орталықтандырылған  кітапханалар жүйесінің директоры Р. Жәнібек   қорытындылап, жас ақындарымызға сый-сияпат жасады.

27.11.2017

ЫҚЫЛАСТЕМІР МЕН ТЕСПЕ АУЫЛЫНА ГАЗ ҚҰБЫРЫ ТАРТЫЛУДА

Бүгінгі таңда Ордабасы ауданы тұрғындарының 6,9 пайызы немесе үш елді мекен (Бөржар ауыл округіне қарасты Қайнар, Ынтымақ, Ұялыжар елді мекендері) табиғи газбен қамтылған. Қосымша Бадам елді мекенінің бір бөлігіне (305 абонент) кәсіпкерлер есебінен табиғи газ тартылған. Биыл Ықыластемір және Теспе ауылдарына газ құбырлары жүргізілуде.
2015 жылы облыстық бюджет есебінен “Бейнеу-Шымкент” магистральды газ құбырының 1393 шақырымында №19 “Темірлан” АГТС және АГТС-тан Ордабасы ауданының Темірлан елді мекені арқылы Арыс қаласына дейін тартылатын газ құбырының құрылысы басталды.
Қазіргі таңда АГТС қондырғыларын қысымдау жұмыстары жүргізілді, жұмыстар аяқталуға жақын, газды қыздыру блогы жақын арада нысан басына жеткізіліп орнату жұмыстары жүзеге асады. Бекітілген өндірістік кестеге сәйкес газды қыздыру блогы орнатылғаннан кейін, нысан қабылданады.
№19 «Темірлан» АГТС-і іске қосылған соң, кезең – кезеңімен Қажымұхан ауыл округінің 7 елді мекеніне, Шұбар ауыл округінің 6 елді мекеніне, Қараспан ауыл округінің 14 елді мекеніне, Шұбарсу ауылына, Жеңіс ауыл округінің 2 елді мекеніне, Бөген ауыл округінің 2 ауылына және Бөржар ауыл округінің 3 ауылына (Бірлік, Жамбыл, Қалаш) газ құбыры тартылып, тұрғындар көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.

23.11.2017

МАЛ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛМАСЫН!

Ордабасы аудандық прокуратурасының аға прокуроры Батырбек Арынтаевтың, аудандық ветеринария бөлімі басшысының м.а. Мұрат Тоғызбайдың қатысуымен Төрткөл, Қарақұм, Жеңіс, Бадам, Бөржар Қараспан ауыл округтерінде «Мал ұрлығына тосқауыл!» жобасы аясында тұрғындармен кездесу өтіп, қылмыстың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жиын барысында малдың бірдейлендірілуіне, паспортталуына, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына ендірілуіне қатысты мол мағлұмат беріліп, туындаған сұрақтар талқыланды.
Сонымен қатар, жаңадан күшіне енген «Прокуратура туралы» заңының және қылмыстық процестік кодекстің талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының оңтайландырылғаны түсіндірілді.
Аудандық прокуратурасымен жүргізіліп жатқан «Өз аймағыңның дамуына үлесіңді қос» жобасы аясында Messenger «WhatsApp» (телефон номері 87073781808) бойынша барлық құқық бұзушылық деректері бойынша аудан тұрғындарынан хабарламалар (текстік хабарлама, фото және видео материалдар) қабылданатыны хабарланды.
Мал ұрлығын болдырмау мақсатында ортақ бақташы жалдау мәселесі, малды қараусыз қалдырудыңың соңы неге соқтыратыны кеңінен әңгіме болып, заңда белгіленген жазалар да атап өтілді.

22.11.2017

АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АРЫСТАН

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Халықаралық студенттер күні» мерекесіне орай жастардың арасында мәдениеттілік пен әдептілікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған кеште жастарды мерекемен құттықтап, жыл бойы түрлі салаларда өзіндік үлес қосып жүрген 20 көшбасшы жасқа 15 номинация бойынша «Үздік жастар премиясын» табыстады.
Мерекелік шарада Ордабасылық Арыстан Омар “Үздік жас меценат” номинациясымен марапатталды. Арыстан туған ауылындағы көмекке мұқтаж мүгедектерге, жалғызілікті қарттарға әрдайым материалдық көмек көрсетіп, демеушілік жасап, алғысқа бөленіп жүр.
Төрткүл ауылы жастарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауыл орталығында Арыстанның бастамасымен «Жастар аллеясы» және кіші футбол алаңы ашылып, пайдалануға берілді. Ауылдық мәдениет үйінің бір бөлмесін ауыл жастарына күреспен айналысу үшін ыңғайластырып, жеке қаржысына спорт кілемшесін алып берді.


/Сурет Ә.Әссандидің парақшасынан алынды/

22.11.2017