АУДАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Шалғай елді мекендердің тұрғындары мемлекеттік қызметтерді пошта арқылы алады

«Азаматтарға арналған үкімет» «Қазпочта» АҚ-мен бірлесіп, пилоттық жобаны іске қосты. Соның арқасында ХҚКО жоқ шалғай елді мекендердің тұрғындары мемлекеттік корпорацияның қызметтерін «Қазпочта» АҚ ауылдық бөлімшелерінде ала алады.

Әзірше 66 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның ішінде электрондық анықтамаларды беру, баланың туылуын тіркеу, баланың туылуы мен күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау, жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорттың телнұсқасын беру, запастағы офицерлерге әскери билеттер және олардың телнұсқаларын (әскери билеттің орнына уақытша куәліктер) беру және тағы да басқа қызметтер бар.

«Азаматтар арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, мемлекеттік корпорацияда шалғайдағы ауылдық округ тұрғындарының мемлекеттік қызметтерді еркін алуына ерекше назар аударылып келеді. Осылайша, 2012 жылдан бастап бүкіл Қазақстан бойынша 70 мобильдік ХҚКО жұмыс істейді, олар әкімдіктердің өтінімдері бойынша елді мекендерге шығып, қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері олар 7455 рет ауыл тұрғындарына барып, 335 736 қызмет көрсеткен.

Қазпочта бөлімшелері арқылы танымал мемлекеттік қызметтерді көрсетудің пилоттық жобасы – азаматтарға уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік беретін ыңғайлылыққа арналған тағы бір қадам. Пилоттық жоба алдымен Шығыс Қазақстан облысында екі ай бойы тестілеуден өтті, нәтижесінде оны Қазақстанның барлық аумағында қолдану туралы шешім қабылданды. «Пилоттық жобаны тестілеуде ШҚО почта байланысы бөлімшелерінде 233 құжат берілген. Одан бөлек, біздің жұмысымызға тұрғындар тарапынан жақсы пікірлер айтылып, оң бағалар берілгендіктен, біз оны еліміздің барлық аумағында жүргізуді шештік. Қазіргі таңда шалғай елді мекендердің тұрғындары почта байланысы бөлімшелері арқылы 1656 корпорация қызметін ала алады. Демек, енді бұл қызметтерді алу үшін, олар аудан орталықтарына барып әуре болмайтын болды», – деді Оспанов.

«Біз ауыл тұрғындарын тек почта қызметімен емес, сонымен қатар әр түрлі банк қызметтерімен, әрине, оның ішінде ХҚКО қызметімен де қамтамасыз ететін боламыз. Өйткені ауылда көбіне почта байланысы бөлімшелері ғана жұмыс істейді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді почта арқылы алу үшін, ауыл тұрғындары құжаттар пакетін ұсынулары, қызмет көрсетуге жазбаша түрде өтініш берулері және қажет болған жағдайда, мемлекеттік баж салығын төлеулері тиіс. Қазпочта операторы өтініштерді қабылдап, құжаттар пакетін қалыптастырады және оны жақын жердегі халыққа қызмет көрсету орталығына жөнелтеді. Онда ХҚКО инспекторы қызметті ресімдеп, курьер арқылы дайын құжаттарды жібереді», – деп қосты «Қазпошта» басшысы Сәкен Сәрсенов.

 

«Азаматтарға арналған үкімет»

коммерциялық емесакционерлік

қоғамының баспасөз қызметі

19.09.2017

3 СУ ҚОЙМАСЫ МЕН 72 АРНА ЕГІСТІККЕ СУ ЖЕТКІЗУДЕ

Ордабасы ауданының жалпы жер көлемі 265 561 гектарды құрайды. Оның 104 372 гектары жайылымға пайдаланылса, 75 323 гектарында егістік орналасқан. Аудан бойынша қазіргі таңда 5800 жер пайдаланушы бар. Егістіктерге 72 канал арқылы су жеткізілуде. Сонымен қатар, Ордабасы ауданында 3 су қоймасы орналасқан. Олар, республикалық меншіктегі «Бөген» су қоймасы және ауданның коммуналдық меншігіне қарасты «Бөржар» мен «Теспе» су қоймалары.
«Бөген» су қоймасы -1967 жылы пайдалануға берілген. Мақсаты – жер суару үшін пайдалану. Су қойманың жобалық көлемі 370 млн/м3, су айдынының ауданы – 63,0 км2, ең жоғары ұзындығы – 12,5 км, ең жоғары ені – 5,7 км, жаға жиегінің ұзындығы – 35,2 км. Қазіргі таңда, «Қазсушар» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының     Оңтүстік Қазақстан филиалының теңгерімінде.
Ордабасы ауданының коммуналдық меншігіндегі су қоймалары Бөржар ауыл округінде орналасқан. «Бөржар» су қоймасы – 1986 жылы пайдалануға берілген. Су қойманың көлемі – 3 млн/м3, су айдынының  алаңы – 36,0 га орташа  тереңдігі – 13,5 м, дамбасының ұзындығы мен ені – 80,93/12,0 м. Бүгінде бұл су қоймасы арқылы 694 га. жер суғарылуда («Ықыластемір» арығы – 521 га, «Жанай» арығы – 173 га). Ал, 1987 жылы пайдалануға берілген «Теспе» су қоймасы 304 га. жерді суландыруда («Мұсабек» арығы – 167 га, «Тоқболат» арығы – 120 га, «Сапақ» арығы – 17 га).

12.09.2017

ҰЛЫ ДАЛА КЕРУЕНІ” ОРДАБАСЫ ТАУЫНДА САПАРЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Бүгін Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасын, Астанадағы “Экспо-2017” халықаралық мамандандырылған көрмесін насихаттау мақсатында жолға шыққан «Ұлы Дала автокеруені» Ордабасы тауында ізгілікті сапарын қорытындылады. 6 күнге жалғасқан керуен жолы Қаратау мен Ұлытаудың арасын жалғап, Астанаға барып тірелген-ді.
Керуен делегациясын қарсы алған Ордабасы ауданының әкімі Р.Қайыпжанов:
– Өздеріңізге белгілі, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 85-ші қадамы «Мәңгілік ел» патриоттық актісін әзірлеуге арналды. Мәңгілік елге барар жол бүгінгідей іс-шаралардан бастау алмақ. «Ұлы дала автокеруенінің» ұымдастырушыларына шынайы алғысымды білдіре отырып, елдің дамуына қосар үлестеріңіз арта берсін, – деген тілегін жеткізді.
“Ұлы дала автокеруенінің” ұйымдастырушысы, облыстық мәслихаттың депутаты Д.Әбіш өз кезегінде бұл шараның мәнін салмақтай өтіп, демеу берген азаматтарға рахметін айтты. Ал, Бәйдібек ауданының тумасы, ақын-сазгер Н.Төлегенов көңілге түйгенін жырымен жеткізді.
Осылайша, Ордабасы ауданынан бастау алған Ұлы керуен Ордабасы биігінің мәресінде сапарын аяқтады.

07.09.2017

118 АЗАМАТ ОҚЫТЫЛЫП, СЕРТИФИКАТ ИЕЛЕНДІ

Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Р.Қайыпжанов Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының Ордабасы аудандық филиалында болып, жұмыс барысымен танысты.
Жыл басынан бері кәсіпкерлік палатасы мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы қызметкерлері құны 76 млн. 305 мың. теңгені құрайтын 36 жобаны сүйемелдеп, құжаттарын қаржыландыруға ұсынған. Сонымен қатар, 6 ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құруға ықпал етіп, 320 азаматқа 1240 қызмет түрін көрсеткен. “Бастау-бизнес” жобасы бойынша 118 үміткер оқытылып, арнайы сертификат иеленді. Бұл азаматтардың 15-і бүгінгі таңда несиеден бас тартып, өз қаржысымен кәсібін бастап үлгерген. Ал, 6 азаматтың бизнес-жобасы қазіргі таңда оң қортынды алып, қаржысын күтуде. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша 26 өтініш түссе, оның 25-і оң шешімін тапты.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік палатасының аудандық филиал директоры Н.Ақмұратов, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ф.Ташимова  аудан басшысын атқарылатын жұмыс жоспарларымен де таныстырды.
– Кәсіпкерлікті дамыту үшін ауданның мүмкіндігі мол. Енді сол мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін Сіздерден ұтымды ұсыныстар күтемін, – деді Рашид Қайыпжанұлы өз сөзінде.
Сондай-ақ, аудан әкімі осы ғимаратта жайғасқан аудандық ауылшаруашылық бөлімі мен жер қатынастары бөлімінің де жағдайымен танысты.

06.09.2017

ЕЛ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ, БЕСІГІҢДІ ТҮЗЕ

Аудандық Білім бөлімінің ұйымдастыруымен Кәусар гимназиясында «Отбасы құндылықтары және бала тәрбиесі» тақырыбында семинар өтті. Жиынға ұстаздар, психолог-мамандармен бірге ата-аналар да қатысты. Жиында жалпы жасөспірімдердің тәрбиесі мен тәртібі жөнінде Білім бөлімінің әдіскері Ұлтусын Мұратбек,  «Бала және отбасы» тақырыбында «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі» сектор меңгерушісі Нұрсұлтан Көшбаев, «Ұяда не көрсе –ұшқанда соны іледі» тақырыбында аудандық ата-аналар кеңесінің төрайымы Айымхан Рахиева,  кәмелетке толмағандармен жасалатын зорлық-зомбылық оқиғаларының алдын алу мәселелері жөнінде  аудандық Ішкі істер бөлімінің қызметкері Іңкәр Қошқарова баяндама жасады.
Жастардың тәрбиесі жан-жақты талқыға салынған алқалы жиында ата-аналардың, ұстаздардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, сұрақтарына жауап берілді.

06.09.2017

БІРДІҢ КЕСІРІ МЫҢҒА ТИМЕСІН…

Бүгін Ордабасы ауданы әкімінің кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Б.Әлішев сөз алып, ағымдағы жылы пайдалануға берілетін нысандар, олардың сапасы мен мерзімдік кестеге сәйкестігі, бюджет есебінен әзірленетін жобалық-сметалық құжаттамалардың қазіргі таңдағы жай-күйі, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін бюджетке  ұсынылған жобалар, құрылысы аяқталған әлеуметтік нысандардың құжаттандырылуы жөнінде баяндады.
Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы І.Ақберді саласындағы атқарылған шаруалар  туралы есеп беріп, шешімін күткен мәселелерді тілге тиек етті. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін уақытша қоса атқарушы Ғ.Оспанқұл аудандағы табиғи газ тарту бойынша бүгінде тындырылған тірліктер бойынша, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйелерін қалпына келтіру, санитарлық тазалық жөнінде баяндама жасады.
Аудан әкімі Р.Қайыпжанов есепте аталған кемшіліктер бойынша ауыл әкімдерінің уәжін тыңдап, жұмысты ширатуды тапсырды:
– Есеп берген бөлім басшыларының келтірген кемшіліктерінде ауыл әкімдерінің де үлесі бар. Жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыру сіздердің тікелей міндеттеріңіз, құрметті әкімдер. Бір адамның немқұрайлығы бүкіл ауданның жұмысына кедергі келтіретінін ұмытпаңыздар, – деді аудан басшысы өз сөзінде. Жиналыс қорытындысымен аудан әкімінің орынбасарларына, ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеліп, орындалу мерзімі бекітілді.

06.09.2017

МӘСЕЛЕЛЕР ЗЕРДЕЛЕНІП, ЗАҢ АЯСЫНДА ШЕШІЛЕДІ

Алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, бүгін Ордабасы ауданының әкімі Р.Қайыпжанов тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.
Әкімнің қабылдауында Амангелді ауылының тұрғыны Ж.Патсабеков “Бозшымыр” арнасының жағасын бекіту жұмыстарын пысықтауды сұранса, бадамдық А.Нұрымбетова “Ұлағат” мектебіне ауыса алмай жүргенін айтып, көмек сұрады. Қажымұқандық Ш.Ислам, К.Ахметова, төрткүлдік Ұ.Құлтас жеке мәселелерін алға тартып, аудан басшысынан қолдау көрсетуді өтінді.  Төрткүл ауылының тұрғыны С.Қонысов мектептен тереңдетіп білім беретін арнайы сыныптар ашу жөніндегі өтініші аяқсыз қалғанына наразылық білдіріп, білім бөлімінің жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстарын атап өтті. Зейнеткер С.Тұрлыбеков Батыс Еуропа – Батыс Қытай күре жолының Төрткүл аумағына қатысты өткелдерінің ел сұранысы назарға алынып, жасалса деген тілегін білдірді.
Алғашқы өтініш бойынша Рашид Үсіпханұлы ауылшаруашылық саласына жетекшілік ететін орынбасарына “Бозшымыр” арнасының қазіргі жағдайымен арна басына барып танысып, баяндауды тапсырды. А.Нұрымбетованың, Ш.Исламның, К.Ахметованың, Ұ.Құлтастың, С.Тұрлыбековтың мәселелері заң аясында зерделеніп, тез арада   жауабын беру сала басшыларына жүктелді. Ал, С.Қонысовтың ұсыныстарына қатысты жағдайды аудан әкімі жеке бақылауына алатынын мәлімдеді.

05.09.2017

ОРДАБАСЫДА 4 МЕКТЕП ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» деп атап өткен. Сонымен қатар, білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс екенін де ескертті.
Ұстаздар жастардың ілім-білім жинауға қашанда асығып, тәуелсіз еліміздің игілігі жолында білімдерін ел кәдесіне жаратып, болашақта озық ойлы, өрісі кең, өрелі азаматтары болуы үшін тер төгіп келеді. Балалардың білім алуына жағдай жасау – мемлекеттің міндеті.  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 76-79-шы қадамдары білім беру жүйесін жетілдіруге арналғаны – осының айғағы.
Бүгін Ордабасы ауданында 4 мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бадам ауыл округіндегі “Ұлағат” мектебі – Мамыр ауылы тұрғындарының көптен бергі арманы болатын. 200 балаға арналған ғимараттың құрылысын “Санур-Строй А” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Білім күніне орай жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Рашид Үсіпханұлы ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолында мұғалімдердің алдында тұрған міндеттерге тоқталды.
2017-2018 оқу жылын Сарыарық ауылының оқушылары да жаңа ғимаратта бастады. Сондай-ақ, Шұбарсу ауылындағы үш ауысымда білім алып келген Б.Нұрлыбеков атындағы жалпы орта мектептің жанынан соғылған 300 орындық жаңа ғимараттың, 100 орындық «Парасат» бастауыш мектебінің лентасы қиылды.
Жалпы биыл Ордабасы ауданы бойынша 3600 оқушы 1- сыныпқа қабылданса, бүгінгі күні барлық шәкірттің қатары 28203 баланы құрады.
02.09.2017

ҰЛЫ ДАЛА АВТОКЕРУЕНІ – ОРДАБАСЫДА

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласындағы тапсырмаларды жүзеге асыру, туған жердің қасиетті мекендерін кеңінен насихаттау мақсатымен, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Ж.Түймебаевтың бастамасымен бүгін “Ұлы дала автокеруені” сапарға шықты.
Автокеруен Ордабасы ауданында аялдап, қара күштің алыбы Қажымұқан Мұңайтпасовтың зиратына бұрылды. Баба рухына құран бағыштап, Қажымұқан атындағы мұражайға кірді.
Облыстық мәслихаттың депутаты Д.Әбіш керуеннің қазақтың Бетпақдаласын басып өтетінін, тарихи орындарды аралап, Астанадағы халықаралық мамандандырылған “Экспо-2017” көрмесіне жетіп тоқтайтынын атап өтті.
Аудан әкімі Р.Қайыпжанов бұл шараның танымдық, тәрбиелік мән-маңызы терең екенін тілге тиек етіп, жолаушыларға сәт сапар тіледі.

01.09.2017

МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАП, ІЗГІЛІККЕ ШАҚЫРДЫ

Бүгін күллі мұсылманның ең қасиетті мерекесі – Құрбан айт! Осыған орай, аудан әкімі Р.Қайыпжанов Темірлан ауылындағы Дәулеталыұлы Бегалы ата мешітіне арнайы барып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
– Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен өркендеуінің басты сыры – еліміздегі ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімде. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа арнаған биылғы “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” Жолдауындағы бесінші басымдығында институционалдық өзгерістер, қауіпсіздік мәселесі, сыбайластықпен күреске қатысты бірқатар тапсырмалар жүктелді. Әсіресе, барша адамзатқа қауіп төндіретін лаңкестіктің алдын алу аса маңызды. Кез-келген ортада, дос-жаран арасында, отбасыда теріс ағымның жетегінде кетуге жол берілмеуі керек, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Дәулеталыұлы Бегалы ата мешітінің бас имамы Б.Әшірбай өз кезегінде жалпы ислам дініндегі мейрамдардың барлығы мұсылман қауымын ғана емес, сонымен бірге адамзаттың дүйім жұртын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақыратыны жөнінде айтты, жамағатты қасиетті күні сауапты істер жасауға шақырды.

01.09.2017