АУДАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

КЕМШІЛІКТЕРДІ ЖОЮДЫ ТАПСЫРДЫ

Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Р.Қайыпжанов бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Алдымен Теспе ауылында басталған мектеп құрылысының жай-күйін көрді. “Тур-Ахмет и К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Д.Ахметов бүгінгі таңда жұмыстың басталғанын, қазандық қазылып, аяқталуға таяғанын айтты. Мердігер мектепті пайдалануға мерзімінен кешікпей өткізетінін мәлімдеді.
Келесі нысан – Ақжол ауылындағы Жамбыл атындағы мектептің 300 орындық оқу ғимараты. “МТС Төлеген” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Д.Бақытжанұлы құрылыстың төлқұжатына сәйкес атқарылған тірліктерді көрсетті. Екі қабатты ғимаратты аралап көрген Рашид Үсіпханұлы бірқатар кемшіліктерге назар аударып, мердігерден тез арада қалпына келтіруді, ал аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Б.Алишевке кемшіліктердің жойылуын қатаң қадағалауды тапсырды.

01.09.2017

ОРДАБАСЫЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР “ЭКСПО-2017” КӨРМЕСІН ТАМАШАЛАЙДЫ

Ордабасы ауданынан 15 ардагер Астанаға жолға шықты. Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Омарбеков жолаушыларға аудан басшысының ізгі ниетін жеткізіп, ақ жол тіледі. Ордабасылық ардагерлер “Экспо-2017” халықаралық көрмесін тамашалаумен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысының Бас қаладағы күндері аясындағы шараларға да қатысады.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұран Әбдіқайымұлы, аудандық әжелер алқасының төрайымы Айымгүл Көкішева, Бөржар ауыл округінен Сәлима Абулдаева, төрткүлдік Жүнісбай Шалтайұлы сөз алып, “Экспо-2017” көрмесінің еліміз үшін маңызын әңгімелеп, бұл сапарды ұйымдастырушылар мен демеушілік жасаған облыстық мәслихаттың депутаттары Ә.Исабаев пен Қ.Аббасовқа шынайы алғысын айтты.

01.09.2017

БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Ордабасы ауданында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жұмыссыздарды оқытып, жұмысқа орналасуына және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға ықпал жасау, елді мекендерді көркейту барысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бағдарлама аясында бүгін аудан орталығында «Бос жұмыс орындары мен лауазымдар жәрмеңкесі» өтті. Аудан бойынша – 84, сонымен қатар, Павлодар облысының ауылшаруашылық саласы бойынша 227 бос жұмыс орны ұсынылды.
Аудан көлемінде жыл басынан бері Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы Бағдарламаға 2215 адам қатысқанын да атап өту керек. Оның 1273-і тұрақты жұмыспен қамтылды, 327 азамат қысқа мерзімді оқу курстарына, 138 азамат жастар практикасына, 183 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. 85 азамат 229 млн теңге шағын несие алды.
Аудан әкімі аппаратының басшысы А.Оралбаев жәрмеңкенің мақсатына тоқталып, бағдарламаның орындалу барысын баяндап өтті. Жұмысқа тұру барысында осындай шаралардың тиімділігі, сыбайластықтың алдын алудағы маңызы жөнінде айтты.
Аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры Э.Бердімұратова мен Жастар орталығының директоры М.Сайлыбаев жәрмеңкеге қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, қажетті мағлұматтармен қамтамасыз етті.

26.08.2017

ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ

«Табысқа апарар жол» жобасы аясында Ордабасы ауданының жастары арасында өңірді дамытуда өз үлесі бар, табысты азаматтардың жеткен жетістіктерін насихаттау, тәжірбиесін тарату, жастарды кәсіпкерлікпен айналысып, туған өлкесін дамытуға үлесін қосуға ынталандыру мақсатында, жұмыссыз жастардың қатысуымен жеке кәсіпкер Омар Арыстанның асыл тұқымды мал бордақылау алаңында семинар ұйымдастырылды.
“Малдың жайын баққан біледі” демекші, жас кәсіпкер шаруашылықтың қыр-сырымен бөлісіп, өзінің алғашқы қадамдары жөнінде де баяндап берді.
– Бастапқыда ешкі алып, асырадым. Аша тұяқтың өсімталдығы о бастан аян. Оны сатып, басқа мал да ала бастадым. Міне, сол ешкілер 10 жылда 67 сиыр, 300 ешкі болды. “Жұмыспен қамту -2020” бағдарламасы аясында 3 млн. теңгеге қол жеткізіп, оған асыл тұқымды 100 қиссары қой алдым. Бүгінде уақ малдың қатары да 400-ге жетіп отыр, – деді Арыстан өз сөзінде.
Аудандық Жастар орталығының директоры М.Сайлыбаев өз кәсібін 27 жасында бастаған кәсіпкердің тәжірибесін өзгелерге үлгі етіп, қазіргі таңда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен игіліктердің көбейгеніне тоқталды. “”Жас келсе – іске” деген даналықты ұстаным ету арқылы – өзімізді, өзімізді дамыту арқылы – өлкемізді дамытуымыз қажет”, деп М.Сайлыбаев семинарды қорытындылады.

24.08.2017

ІРІЛЕНДІРУ: ОҢ НӘТИЖЕ

Ордабасы ауданындағы Төрткүл ауыл округінде облыс, аудан әкімдерінің майда шаруашылықтарды Ірілендіру жөніндегі тапсырмасы оң нәтитже беруде. Үстіміздегі жылғы 6 айда ірілендірілген ауыл шаруашылық өндірістік коопериві ауданымызда 14-ті құраса, Төрткүлде 7 айда 8-і құрылып, 1065 шаруашылық 9806 гектарымен бірікті, яғни барлық суармалы жердің 95 пайызын құрады.
Атап айтқанда, Төлегенов Серіктің төрағалығындағы «Мұрагер-Береке» АШӨК 63 шаруашылықты 505,35 гектарымен, «Агро-Қолдау» /Қалдыбаев Ерсұлтан /220-502/, «Орда жер» / Нұрымбетов Айдын/ — 17–120, «Көмек – Агро-86» /Әділбай Серік/–67—586,67, «Төрткүл –Ынтымақ» /Айтбаев Самат/ –265—1800, «Төрткүл –Агро» /Батанов Нұрлан/ -370—6000, «Өркендеу-1» /Тұрсынбек Бекмырза/ –59—2690, «Арыстанды» /Найманбаева Оразкүл/ -4—32 ірілендірді.
«Агро-Қолдау» ауыл шаруашылық кооперативінің 350 гектар қозалығында ауыл округі әкімі аппараты бас маман-жер инспекторы Сыпатаев Әбдімәлік пен бас агроном Батырбеков Ерланды кездестірдік. Көктемде мақтаның «47-47» сұрыбы себіліп, жақсы өніп шыққан. Одан бері қозалықты жегенелеп, 2 рет культивация жасап, шабықтан өткізіп, суарған.Тамызда тағы ылғалдандыруда. Қозалық шілдеде гүлдеп, әр түпте 10-12 көсек салуда. Тамызда көбейе түседі. Бұдан басқа ұжымда 80 гектар жоңышқа, 32 гектар жүгері, 40 гектар бақша өсірілуде.
— Ірілендірудің пайдасы мол. Жанар-жағар май, тыңайтқыш, ағын су алуда жеңілдік бір орталықтан қарастырылған. Субсидия қаржы беру де бір адамның қолынан өтеді, — деді бас агроном Е.Батырбеков.

23.08.2017

ӘЛІ ДЕ 9 АРНА ЖӨНДЕУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Аудан әкімі Р.Қайыпжанов аылшаруашылық саласындағы өзекті мәселелермен танысып, бөлім басшысы Б.Дүйсембаевтың ұсыныстарын тыңдады.
2017 жылы ордабасылық шаруалар нақты 54 611 гектар егістікті пайдаға асырды. Оның ішінде 22 519 гектарға – дәнді дақылдар, 3884 гектарға – мақсары, 1077 гектарға – күнбағыс, 2811 гектарға – көкөністер, 2221 гектарға – бақша, 402 гектарға – картоп, 7057 гектарға – мақта, 14 826 гектарға жоңышқа егілді. Биылғы жылы суармалы жерді 800 гектарға ұлғайту жоспарланып, жоспар 100,2 пайызға орындалған. Бұл мақсатта алдағы уақытта Боралдай және Бадам су қоймаларының құрылысын жүргізу көзделгенін атап өткен бөлім басшысы, осы бағыттағы атқарылған жұмыстарды да тілге тиек етті. Сонымен қатар, бүгінгі таңда аудан бойынша ағымдағы және күрделі жөндеуді қажет ететін 9 канал бар екені де айтылды. Жыл басынан бері 776, 4 гектарға тамшылатып суғару әдісі енгізіліп, жоспар 110,9 пайызға атқарылды. 8839 гектар жер терең қопсыту әдісімен өңделген. Ірі қара малдың басы 21 400-ге, қой мен ешкі 158 мың басқа артқан. Жылқы бүгінгі таңға 4 900 басқа көбейіп, 23 307-ге жетті.
Рашид Үсіпханұлы аудандағы суармалы жерлердің бар мүмкіндігін пайдалану үшін тиісті шаралар атқару қажеттігіне тоқталды. “Су арналарының уақытылы техникалық тазалаудан өтуі қамтамасыз етілуі керек. Шаруаларға мемлекеттік бағдарламаларды, қолжетімді несие, субсидиялау тәртібін түсіндіру туралы жүйелі кездесулер жоспарын түзу де өз пайдасын берері анық”, деді аудан басшысы өз сөзінде. Сондай-ақ, түйткілді мәселелердің түйінін дер кезінде тарқату үшін барлық жағдайдың шынайы ақпаратын беруді тапсырды.

23.08.2017

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ ҚИЫНДЫҚ ТУҒЫЗБАЙДЫ…

Бүгін Ордабасы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Латын әліпбиіне көшудің қажеттіліктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге зиялы қауым өкілдері, зейнеткерлер, мектептердегі қазақ тілі, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері қатысты. Аталмыш шара Ордабасы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылды.
«Ел бірлігі» республикалық қоғамдық бірлестігі аудандық филиалы төрағасы, зейнеткер Гайдар Дәнешұлы, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Мәрия Зәйтүнқызы, «Ордабасы оттары» газетінің бас редакторы Ғалымжан Зиябек, аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкері Гуля Тайтелеева, еңбек ардагерлері Медеу Сағымбеков пен Рахима Мұсаева және де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Ханзада Асан мен Лаззат Муталиева ой-пікірлерін ортаға салды.
Олар латын қаріпіне көшудің оңтайлы екенін, әр адам ынта-ықылас танытуы керектігін тілге тиек етті.

 

23.08.2017

АУЫЛЫМ – ӨЗЕН ЖАҒАСЫНДА

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» мақаласында көрсетілген  «Туған жер» бағдарламасы аясында Ордабасы ауданының жастары «Ауылым – өзен жағасында» экологиялық сенбілігін өткізді.  Ұлтжандылық пен отансүйгіштік қасиеттері осындай іс-шаралар арқылы ұштаса түссе керек. Туған жердің түлеп, гүлденуіне үлесін қоспаққа 200 – дей азамат жиналды. Олар Арыс өзені бойын ретке келтіріп, қоқыстан арылтты. Сонымен қатар демалушыларды тазалықты сақтауға шақырды.
Аудандық жастар орталығының директоры М.Сайлыбаев бұл бастаманың өзге де ауыл округтерде жалғасатынын атап өтті.

23.08.2017

“ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ КЕРЕК…”

Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Р.Қайыпжанов Шұбарсу ауыл округіне жұмыс сапарымен барып, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты.
Шұбарсу – 2005 жылы өз алдына ауыл округ болып құрылған. Жер көлемі 1752 гектарды құрайды. Елді мекен аумағында 331 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны бар. 5 мектеп, 9 балабақша, 2 шағын орталық пен 2 емдеу мекемесі ел игілігіне қызмет етуде.
Сапар барысында аудан басшысы Рашид Үсіпханұлы тұрғындармен пікірлесіп, өтініш-тілектерін тыңдады. Кәсіпкерлік нысандарын, ауыл көшелерін аралап, ауылдың тазалығы, заңсыз құрылыс нысандарын анықтау, кәсіпкерлер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу бойынша ауыл әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ учаскелік полиция қызметін жетілдіру бойынша жергілікті полиция қызметінің басшысы Н.Мұратовтан ұсыныс күтетінін айтты. Ауыл әкімі А.Абдрахимовқа:
– Елбасы Жолдауларындағы міндеттерді жүзеге асыру үшін, ондағы басымдықтарды Сіз жатқа білуіңіз қажет. Мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар елге қызмет етуі керек. Ал, ол құжаттарда көрсетілген жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастыру – бізге сын, – дей келе, бүгінгі айтылған кемшіліктерді жоюға бір апта уақыт беретінін ескертті.

21.08.2017

СПОРТ КҮНІНЕ ТАРТУ

Бүгін Ордабасы ауданында 20 тамыз — “Спорт күні” кәсіби мерекесіне орай Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда жабық қаңқалы кіші футбол алаңшасы ашылды. Салтанатты жиында аудан басшысы Р.Қайыпжанов салауатты өмір салтын ұстануда осы тектес нысандардың көптеп ашылуына жағдай жасау қажеттігін ерекше атап өтті. Бүгінгі таңда Ордабасы өңірінде балалар мен жасөспірімдерге арналған 2 спорт мектебі бар.
Онда спорттың 10 түрінен жаттығу шаралары жүзеге асырылады. 58 жаттықтырушы 105 спорттық топтарда 2 мыңға жуық оқушыны спорттың қыр сырына баулуда. 303 спортшыны деңгейлік санат иеленген. Сонымен қатар, 1 жасөспірімнің спорт шеберлігін қорғап, абыройы асты.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Әбдіқайымұлы, “Қазақ барысы” республикалық күрес додасының жүлдегері Ж.Ерсұлтанов көпшілікке ізгі ниет, жүрекжарды тілегін арнап, ауданымыздың беделін арттыратын спортшылардың көбейетініне сенім білдірді.
Салтанатты жиын аясында ардагерлер арасында дойбы, арқан тартыс, кір тасын көтеру сайыстары ұйымдастырылды. Ал, ауыл округтерінен келген құрама топтар футбол алаңында өзара тартысқа түсіп, теңбіл доп мықтысын анықтады.

17.08.2017