АУДАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Қазақстанның перзентханаларында баланың туылуы бойынша миллион композиттік қызметтердің төрттен бір бөлігінен астамы көрсетілді

Пилоттық жоба іске қосылған сәттен бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қазақстанның перзентханалары мен перинаталдық орталықтарында баланың туылуы бойынша 260 мынан аса мемлекеттік қызметтерді көрсеткен. Олардың ішінде шамамен 122 мың қызмет – бала тууды тіркеу бойынша, шамамен 50 мыңы – бала туу және оның күтімі бойынша жәрдемақы тағайындау, 21 мыңнан астамы – әлеуметтік тәуекелдер жағдайларына, атап айтқанда баланың бір жасқа дейінгі күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау, сондай-ақ 67 мыңнан астам жаңа туылған нәрестелер балабақшаға кезекке қойылды.

            «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Нұрғазиевтің айтуынша, қазіргі уақытта пилоттық жобаға 206 перзентхана мен перинаталды орталықтар қамтылған, ол жерлерде қызметтерді мемлекеттік корпорацияның 309 жұмыскері көрсетеді. «Пилоттық жоба дегеніміз перзентханада ХҚКО инспекторларының бірден 4 қызметті көрсетуге өтініштерді қабылдауын білдіреді – ол бала тууды тіркеу, бала туу және оның күтімі бойынша жәрдемақы тағайындау, бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау және балабақшаға кезекке қою. Бұл жас аналар үшін өте ыңғайлы, себебі барлық қажетті құжаттарды ресімдеуге ХҚКО-ға бару үшін жаңа туылған нәрестені кіммен қалдыруды ойланудың қажеті жоқ» – деді ол.

Нұрғазиев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп жұмыс істеудің нәтижесінде ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап бала тууға байланысты жәрдемақыны бір облыс шегінде, тіркелген жеріне қарамастан ресімдеуге болатынын да атап өтті. Мысалы, әйелдің тұрғылықты тіркелімі Семейде, ал баланы Риддерде босанса, онда ол барлық қажетті құжаттарды Риддердегі перинаталдық орталықта ресімдей алады.

Осы 4 қызметті ресімдеу үшін қазақстандықтар ата-аналарының жеке басын куәландыратын құжатты, неке қию туралы куәлік пен оның көшірмесін (ҚР аумағында 2008 жылдан кейін некені тіркеген тұлғалар куәліктің көшірмесін ұсынбайды), баланың туылуы туралы медициналық куәлікті (перзентханада беріледі), туу туралы куәлікті немесе барлық балаларға туу туралы акт жазбаларынан көшірме үзіндіні, банк шотының нөмірі туралы құжатты ұсынуы тиіс.

 

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы баспасөз қызметі

тел.: 8 7172 27 06 58 (іш.109)

 

 

30.05.2017

ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ АЛҚАБЫ 700 ГЕКТАРҒА ҰЛҒАЙМАҚ

Ордабасы ауданы, Бөржар ауыл округіндегі 11 гектар жерге инвестициялық құны 100 млн. теңгені құрайтын бау егілуде.  «Грин Таун» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қарқынды бауға тамшылатып суару әдісін қолданбақ. Осы аумақта орналасқан «Александровский сад» серіктестігінің 17 гектар қарқынды бауы да биылғы жылы қосымша 2 гектар жаңғақ ағашымен ұлғайтылады деп күтілуде.

Жалпы, Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге қарқынды су үнемдеуші технологиялары ендірілген егістік жердің көлемі бүгінгі таңға 4524 га құрады.
Ағымдағы жылы тамшылатып суару жүйелерін 700 га жерге ендіру жоспарланып, қазіргі таңда, жоспар–624 га немесе 89 пайызға орындалды.
Қараспан, Бөржар, Бөген, Шұбар, Жеңіс ауыл округтеріндегі жалпы аумағы 249 гектар бауға тамшылатып суару әдісі қолданылса, Шұбардағы 35 гектар көкөніс, бақша, Төрткүлдегі 300 гектар мақта, Қарақұм ауылындағы 40 гектар жүзім де осы әдіспен суландырылуда.

30.05.2017

ОРДАБАСЫДА 1734 ОҚУШЫ МЕКТЕП БІТІРДІ.

Бүгін Ордабасы ауданындағы 63 мектепте соңғы қоңырау соғылды. Аудан әкімі А.Мамытбеков “Көкарал” жалпы орта мектебіндегі салтанатты жиынға қатысып, мектеп бітірушілерге ақжолтай тілегін білдірді. Сондай-ақ, ұстаздардың құрметіне мектеп ауласынан ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің ескерткішін орнатуға демеушілік жасаған мектептің 20 жыл бұрынғы түлектеріне алғысын білдірді. Оқу жылындағы еселі еңбегі үшін бірқатар ұстаздарға арнайы Алғыс хат тапсырды. Ардагер ұстаз, “Көкарал” жалпы орта мектебін 20 жылдан астам басқарған А.Сексенбайұлы ұстаздарды құттықтап, еңбегіне жеміс тіледі.
Жалпы Ордабасы ауданында 2016-2017 оқу жылын 28 152 оқушы тәмамдады. Аудандағы 3471 мұғалімнің жоғарғы санаттысы – 421, І санаттысы – 1224, ІІ санаттысы – 966.
Тәуелсіздік алғаннан бүгінгі күнге дейін ауданымызда 27 мектеп, 2 мемлекеттік балабақша, 22 жекеменшік балабақша құрылысы бітіп, барлығы 51 білім беру мекемесі пайдалануға берілді. 2020 жылға дейін 14 білім беру нысанын іске қосу көзделген. 2019-жылға дейін кезең-кезеңімен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 10 балабақша ашу жоспарланып отыр. Үштілді оқытуға көшу үшін 2017- 2020 жылдар аралығында физика, информатика, химия және биология пәндері бойынша 384 мұғалім арнайы курстан өтеді.

25.05.2017

Құқықтану

Заң – бәрімізге ортақ, талабын орындау – міндет.

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңы жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыру және қорғау мақсатында олардың өтініштерін беру мен қарауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді. Заңның күші өтініш берушілер мен өтініштерді қарайтындарға қолданылады. Ал, Әкімшілік құқық бұзушылық, қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу туралы заңнамаларда белгіленген өтініштерге қолданылмайды.

Өтініштердің түрлері ұсыныс, арыз, шағым, сауал,үн қосу болып белгіленген.

Ұсыныс- адамның заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру, қоғамдық қатынастарды дамыту, мемлекет пен қоғамның әлеуметтік-экономикалық және өзге де қызметі салаларын жақсарту жөніндегі ұсынымы.

Арыз- адамның өз құқықтары мен бостандықтарын немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруда жәрдем көрсету туралы өтінішхаты не заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің бұзылуы, өтініштерді қарайтын субьектілердің, лауазымды тұлғалардың жұмысындағы кемшіліктер туралы хабарлама не олардың қызметін сынау.

Шағым- адамның өзінің немесе басқа адамдардың бұзылған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қалпына келтіру немесе қорғау туралы, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекет жүз пайыз қатысатын не мемлекеттік тапсырыс және (немесе) мемлекеттік сатып алу шарттарына сәйкес тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) ұсынатын заңды тұлғалардың, өздеріне тауарлар ( жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) жеткізуге (орындауға, көрсетуге) шарт жасасқан жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша ірі кәсіпкерлік субьектілерінің, олардың лауазымды адамдарының заңсыз іс-әрекеттерін немесе әрекетсіздігін жою, сондай-ақ олардың заңсыз шешімдерінің күшін жою туралы талабы.

Сауал- адамның жеке немесе қоғамдық сипаттағы қызығушылық туғызатын мәселелер бойынша ақпарат беру туралы өтініші.

Үн қосу- адамның мемлекет жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатқа, сондай-ақ қоғамдық сипаттағы оқиғалар мен құбылыстарға өз көзқарасын білдіруі.

Жеке тұлғаның өтінішінде оның тегі, аты, сондай-ақ, қалауы бойынша әкесінің аты, почталық мекен-жайы, заңды тұлғаның өтінішінде- оның атауы, почталық мекен-жайы, шығыс нөмірі мен күні көрсетілуі және өтінішке арыз иесі қол қоюы не ол электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылуы тиіс. Шағым жасаған кезде іс-әрекетіне шағым жасалып отырған субьектінің атауы немесе лауазымды тұлғалардың лауазымы, тегі және аты-жөні, өтініш жасау себептері мен талаптары көрсетіледі. Заңда белгіленген тәртіппен берілген өтініштер міндетті түрде қабылданып, қаралады.

Қарауға алынған өтініште өзге субьектілерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не жергілікті жерге барып тексеру талап етілмейтін өтініштер келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде, ал ақпарат алу не жергілікті жерге барып тексеру талап етілетін өтініштер күнтізбелік отыз күн ішінде қаралады және ол бойынша шешім қабылданады. Қосымша зерделеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайларда, қарау мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартылады, бұл туралы қарау мерзімі ұзартылған күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде өтініш берушіге хабарланады.

Өтінішті қарау мерзімін субьектінің басшысы немесе оның орынбасары ұзартады. Егер өтініште баяндалған мәселелерді шешу ұзақ мерзімді талап етсе, онда өтініш түпкілікті орындалғанға дейін қосымша бақылауға қойылады, бұл туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде өтініш берушіге хабарланады. Егер қайта жасалған өтініштерде жаңа дәлелдер немесе жаңадан анықталған мән-жайлар келтірілмесе, ал осының алдындағы өтініштің материалдарында тексерудің егжей-тегжейлі материалдары бар болса және арыз берушілерге белгіленген тәртіппен жауаптар берілсе, сондай-ақ арыз беруші өзінің жазған өтінішін қараусыз қалдыру туралы қосымша өтінішхат берген жағдайда өтініштерді қарау тоқтатылады.

Өтініште дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстар туралы не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қауіп туралы мәліметтер бар және мемлекеттік органдардың құзіреттеріне сәйкес оларға дереу жіберілуге тиіс жағдайларды қоспағанда, иесі бүркемеленген және мәселенің мәні баяндалмаған өтініштер қарауға жатпайды.

Лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ субьектінің шешімдеріне бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған лауазымды тұлғаға немесе субьектіге, жеке немесе заңды тұлғаға тиісті субьектінің немесе заңды тұлғаның іс-әрекет жасағаны не шешім қабылдағаны туралы белгілі болған кезден бастап, үш айдан кешіктірмей шағым беріледі. Шағым беру мерзімінің өтіп кету себептері шағымды мәні бойынша қарау кезінде анықталады және шағымды қанағаттандырудан бас тартуға негіздердің бірі болып шығуы мүмкін. Арыз беруші қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда арыз тікелей сотқа беріледі.

Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары және олардың орынбасарлары айына кемінде бір рет азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды жүргізеді. Қабылдау белгіленген әрі жеке және заңды тұлғалардың назарына жеткізілген күн мен сағатта жұмыс орны бойынша өткізіледі. Егер өтінішті лауазымды тұлға қабылдау кезінде шеше алмаса, ол жазбаша нысанда баяндалады және онымен жазбаша өтініш ретінде жұмыс жүргізіледі.

Өтініш берген жеке және заңды тұлғалар өз өтінішін растау үшін қосымша құжаттар мен материалдар беруге не оларды талап ету туралы сұрауға, өтінішті қарайтын адамға дәлелдерін түсіндіруге,өзінің өтінішін қарауға байланысты материалдармен танысуға, егер бұл басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын бұзбайтын болса, өтінішті қарауға қатысуға, қабылданған шешім туралы жазбаша немесе ауызша нысанда дәлелді жауап алуға, өтініштерді қараудың белгіленген тәртібін бұзудың салдарынан келген залалды өтеуді талап етуге, лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) не өтініш бойынша қабылданған шешімге шағым жасауға құқылы.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу жауаптылыққа әкеп соғады. Сондықтан әрбір азаматтың заң аясында жұмыс істеуі, заң талаптарын бұлжытпай орындауы – оның азаматтық парызы және міндеті.

Ордабасы ауданы әкімі аппараты

жалпы бөлімінің басшысы                                        М.А.Үкібас.

23.05.2017

МАҚСАТТЫ ЖҰМЫС ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

Облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы С.Тұрбеков Ордабасы ауданында болып, шегірткеге қарсы залалсыздандыру жұмысының қорытынды жиынына қатысты. Басқосуды аудан әкімі А.Мамытбеков ашып, жүргізді.
С.Тұрбеков: “Қауіпті зиянкестен келетін залалды мейлінше азайтуымыз керек. Рас, тиісті мамандар, басшылық тарапынан қолдан келген жұмыстар жүзеге асырылуда. Дәрі-дәрмек толық жетеді. Осы ретте аудандар шекарасындағы танаптарға мұқият болған жөн. Өйткені, зиянкес көбейген тұсынан басқа жаққа өтіп кетеді”, – дей келе, әлі де босаңсымауды, мақсатты жұмыстарды жалғастыру қажеттігін еске салды. Бұл кезге дейін қыруар тірлік тындырған аудан басшылығына, мамандарға, жұмысшыларға алғысын білдірді.

23.05.2017

А.МАМЫТБЕКОВ: “СЕНІМДІ АҚТАУҒА ЖҰМЫС ЖАСАҢЫЗДАР…”

Бүгін аудан активінің кезекті мәжілісі өтті. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша алдымен аудан әкімінің ауылшаруашылық саласына жауапты орынбасары Б.Омарбековтың баяндамасы тыңдалды. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен үшжақты келісім-шарттың бүгінгі көрсеткіші сараланды.
Аудан әкімінің экономика саласына жетекшілік ететін орынбасары Ғ.Үсенбаев бюджеттің орындалуы, ондағы шешілуі қажет түйткілдер жөнінде сөз қозғады.
Сонымен қатар, Шұбарсу ауыл округінің әкімі А.Әбдірахимовтың, Қарақұм ауыл округінің әкімі М.Махалұлының 4 айда атқарған жұмысының есебі тыңдалып, проблемалық мәселелері талқыланды.
Аудан әкімі А.Мамытбеков кенжелеген салалардың тірлігін саралай келе, кәсіпкерлікті дамыту, ауылшаруашылық, әлеуметтік салаларындағы проблеманы шешу бойынша ауыл әкімдеріне ескерту жасады. Орынбасарларына қалыптасқан жағдайға тиянақты талдау жүргізуді, нәтижесі бойынша нақты ұсыныс әзірлеуді тапсырды.
“Өз міндеттеріңізді тиісті деңгейде орындаңыздар, Сіздерден одан артық ештеңе талап етілмейді. Кезінде сенім артылды, сол сенімді ақтауға жұмыс жасаңыздар”, – деді аудан басшысы сөзін қортындылай келе.

23.05.2017

Өзініздің әлеуметтік мәртебеңізді Шымкент қаласының ХҚКО-да білуге болады.

 

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ХҚКО-да 15 наурыздан бастап 7 қалалық бөлімдерінде аумақтық жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері мемлекеттік қызметтің әлеуметтік бағыты бойынша қызмет көрсетеді. Жұмыспен қамту орталықтарының мамандары міндетті медициналық сақтандыру қызметіне қатысты кеңес береді.

Еліміздің әрбір тұрғыны өзінің медициналық ұйымдарда бар болуын тексеруі керек және медициналық сақтандыруды өңдеу үшін өзінің қай санатқа жататындығын мәлімдеу қажет. Әлеуметтік мәртебесін тіркеу үшін жеке кәсіпкер, өзін-өзі қамтушы немесе еш жерде жұмысшы ретінде тіркелмегендігі жайлы толыққанды ақпарат беруі тиіс.

Айта кету керек, азамат өз мәртебесін egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы “Әлеуметтік мәртебесі тексеру” қызметін таңдау арқылы біле алады. Сондай-ақ жақын жердегі орналасқан ХҚКО-на жеке куәлігімен жүгінуге болады.

Бүгінгі күні қала тұрғындары және қала қонақтары өз әлеуметтік мәртебесін мына мекенжайлар бойынша хабарласып, біле алады:

1) № 1 бөлім, Шымкент қ, Мәделі Қожа көш, 1/16;

2) №2 бөлім, Шымкент қ, Мәделі Қожа көш, 1/16;

3) № 4 бөлім, Шымкент қ, м.а. Күншығыс, 116/1;

4) № 5 бөлім, Шымкент қ, м.а. Нұрсат, 24/1;

5) № 6 бөлім, Шымкент қ, т.а. Сайрам, Ибрагим ата көш, 118/2;

6) № 8 бөлім, Шымкент қ,м.а. Оңтүстік, ул. Қапал батыр, 4 А;

 

 

22.05.2017

ШЕГІРТКЕЛЕР “ШЕРУІ” ШЕКТЕЛДІ

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б.Жамалов Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен келіп, алқаптарды аралады. Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы Ордабасы аудандық филиалының директоры К.Төре аудан көлемінде бүгінде 160 200 гектарға зерттеу жүргізілгенін мәлімдеді. Аудан әкімі А.Мамытбеков Қараспан, Бадам, Бөржар, Қажымұқан ауыл округтерінде 20 мың гектар алқап дәріленеді деп жоспарланғанымен, жаңа ошақтар анықталып, қазіргі таңда 40 000 гектарға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Дәрілеу шараларына 13 техника жұмылдырылған.
Б.Жамалов зиянкестердің көбеюінің алдын алу қажеттігін атап өтті. “Жыл сайын облыс көлеміндегі зиянкестерден зардап шеккен аумақтар артып келеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ширату керек”, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.

17.05.2017

“ОТАНДЫ СҮЮ – ОНЫҢ ТАРИХЫН СҮЮДЕН БАСТАЛАДЫ…”

Облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр, облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов, облыстық мәслихаттың депутаты, тәртіптік кеңес төрағасы Ө.Мелдехан бастаған велошабандоздар дәстүрлі “Билерге тағзым” шеруі аясында Ордабасы тауына ат басын бұрды.
«Билерге тағзым» велошеруінің дәстүрге айналуы – тарихымызға деген зор құрмет. Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке мен Төле билер бар қазақтың басын біріктіріп, әділ билік құрған, туралығымен танылған ұлы тұлғалар. Ордабасы тауында бой түзеген «Бірлік» монументі де – бүгінде ынтымақтың төлсипатына айналды.
Салауатты өмір салтын насихаттау бағытында бастау алған бұл шара осымен үшінші рет ұйымдастырылды. 100-ге жуық спортсүйер қауымды ордабасылықтар салтанатпен қарсы алды.
Облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр Елбасы Н.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласына тоқталып, Отанды сүю – оның тарихын сүюден басталатынын тілге тиек етті. Облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов велошеру аясының кеңейіп келетінін айтып, бұл шараның жастарға беретінін екшеледі. Облыстық мәслихаттың депутаты Ө.Мелдехан да өз кезегінде барша ұйымдастырушыларға шынайы алғысын жеткізді.
Аудан әкімі А.Мамытбеков киелі мекеннің қасиетіне тоқтала келе, салауатты өмір салтын ұстану, оны насихаттау Мәңгілік ел құрудың маңызды тармағы екенін атап өтті.
Межеге жеткен спортшылар ата-баба рухына тағзым етіп, арнайы құран бағыштады.

15.05.2017