АУДАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Енді зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын қалай төлеуге болады?

Мен фрилансермін. Екі-үш тапсырыс берушімен азаматтық-құқықтық сипатта шарт жасасқанмын. Енді зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын қалай төлеуге болады?

Егер Сіз салық агенттерімен азаматтық-құқықтық сипатта шарт жасасу арқылы жұмыс атқаратын болсаңыз, Сіз үшін міндетті зейнетақы жарналарын Қорға осы салық агенттері төлейді. Ал салық агенттері деген кімдер? Олар: заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және кәсіби медиаторлар болуы мүмкін. Бұл ретте жарналар мен шарттардың санына шектеу қойылмайды: егер үш шартыңыз болса, жарналар сол үш шартыңыз бойынша түседі.

Ал егер салық агенті болып табылмайтын жеке тұлғалармен азаматтық-құқықтық сипатта шарт жасасқан болсаңыз, онда Сіз осы шарт бойынша алған табысыңыздан Қорға зейнетақы жарналарын төлеуден босатыласыз. Бірақ бұл жарналарды Қорға өз еркіңізбен төлеуге құқыңыз бар. Бұл қомақты зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға оң әсер етеді. Яғни, еңбек өтіліңіз үздіксіз жүріп отырады. Ал бұл базалық зейнетақыны жоғары мөлшерде алуға мүмкіндік береді. Жарналар екінші деңгейдегі банктер немесе Қазпошта арқылы төленеді.

03.09.2019

Ерікті зейнетақы жарналарын аудара аламын ба?

Мен өзімді-өзім жұмыспен қамтушымын. Ерікті зейнетақы жарналарын аудара аламын ба?

Сіз жеке тұлға ретінде ерікті жарналарды өз табысыңыздың есебінен өз пайдаңызға немесе үшінші тұлғаның пайдасына аудара аласыз. Сәйкесінше ерікті жарналар өзіңіздің және үшінші тұлғаның зейнетақы капиталын толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте ерікті жарналардың мөлшерін, оларды аудару және Қордан алу тәртібін Қормен өзара келісе отырып өзіңіз белгілейсіз.

Айта кетелік, айлық табысыңызға қарай ерікті зейнетақы жарналарының мөлшері ай сайын өзгеріп тұруы мүмкін. Ерікті жарналарды өзіңіз төлеуіңіз қажет. Бұл үшін БЖЗҚ-мен зейнетақы шартын жасасып, ерікті жарналарды Қордың шартта көрсетілген деректемелеріне банк арқылы аударып тұрасыз.

Қазіргі кезде ерікті жарналар бойынша шот ашудың екі жолы бар. Бірі – жеке басты куәландыратын құжатпен Қор бөлімшесіне келу арқылы, екіншісі – үйде отырып-ақ, Қордың ресми сайты арқылы ашу. Соңғысы өткен жылдың шілде айында іске қосылған. Бұл қызметті пайдалану үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Ал оны Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚО) береді. Бұл туралы толық ақпаратты Қор сайтынан оқи аласыз.

03.09.2019

Зейнетақы жарналарын өзімнің және жұмыскерлерімнің пайдасына қалай аударамын?

Менің азық-түлік дүкенім бар. Зейнетақы жарналарын өзімнің және жұмыскерлерімнің пайдасына қалай аударамын?

Міндетті зейнетақы жарналарын заңды тұлғалардың, жеке кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысушылардың және басқа да адамдардың пайдасына аудару мерзімі мен тәртібі ҚР заңнамасында көрсетілген.

Егер Сіз жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейтін болсаңыз, міндетті зейнетақы жарналарын өз қарамағыңыздағы қызметкерлеріңіздің зейнетақы шотына табыстар төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей төлеуіңіз қажет. Ал өз пайдаңызға аударылатын жарнаны – есептегі айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей төлейсіз.

Арнайы салық режимін патент негізінде қолданатын жеке кәсіпкерлер міндетті зейнетақы жарналарын патент құнын төлеуге арналған мерзімде аударады. Бұл ретте салық кезеңі – бір күнтізбелік жыл. Демек, міндетті зейнетақы жарналары жылына бір рет патент алғанға дейін төленеді. Толығырақ БЖЗҚ сайтының «Қызметтер»-«Зейнетақы жарналарын қалай жүзеге асырады» бөлімінен оқи аласыз.

03.09.2019

«Азаматтарға арналған үкімет» жылжымайтын мүлікті тіркеу бойынша 2 млн-нан астам өтініш тіркеді

«Азаматтарға арналған үкімет» бір жылда жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметі бойынша 2 млн 30 мыңнан астам өтініш тіркеді. Естеріңізге сала кетейік, жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметі Әділет министрлігінің құзіретінен мемлекеттік корпорацияға 2018 жылдың 30 шілдесінде берілген болатын.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Нұр-сұлтан және Алматы қалаларының, сондай-ақ Алматы мен Қарағанды облыстарының тұрғындары жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметтерін ең белсенді алушылар болып отыр. Атап айтсақ, 2018 жылдың 30 шілдесінен бастап 2019 жылдың 31 шілдесіне дейін Алматы қаласы мен Алматы облысында 228 мыңнан астам өтініш тіркелген, елорда тұрғындарынан 209 мыңнан астам және Қарағанды облысынан 157 мыңнан астам өтініш келіп түскен.

Ал Қызылорда (58 мыңнан астам өтініш), Атырау (62 мыңнан астам өтініш) және Маңғыстау (73 мыңнан астам өтініш) облыстарында жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметіне деген сұраныс төмен.

Айта кетейік, көрсеткіштерді есептеу кезінде құқықтың пайда болуы, деректердің өзгеруі, ауыртпалықтарға және екінші деңгейдегі банктермен келісім шартқа отыру бойынша өтініштер ескерілді.

«Бүгінде жылжымайтын мүлікті қысқа мерзімде рәсімдеуге болады. Бас-аяғы 3 жұмыс күні ішінде мүлігіңіздің тіркелгені туралы мөртабасы бар қажетті құжат қолыңызда болады. Дегенмен, біз азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында бұл қызметті одан әрі оңтайландырып, алдағы уақытта тіркеу уақытын 1 күнге дейін қысқартуды жоспарлап отырмыз», – дейді мемлекеттік корпорация төрайымы Әсемгүл Балташева.

Айта кету керек, жылжымайтын мүлікті тіркеуге өтінішті «Азаматтарға арналған үкімет» және нотариустар арқылы беруге болады

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Түркістан облысы филиалының баспасөз қызметі.

28.08.2019

Алгоритмді жеңілдету – уақытты үнемдеу

«БЖЗҚ» АҚ қызмет көрсетуді одан әрі жетілдіруде. Енді Қор сайтында негізгі төлем түрлері бойынша ұсынылатын құжаттарды алдын ала тексеруге болады.

enpf.kz сайтында «Электрондық қызметтер» бөлімінде салымшылар мен төлем алушыларға ыңғайлы болу үшін қажетті құжаттарды пошта байланысы арқылы Қорға ұсынылуы мүмкін төлем түрлеріне сәйкестігін тексеру мүмкіндігі бар.

Сайтта құжаттарды тексеру қызметін келесі тұлғалар ала алады:

– ерікті зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ зейнетақы төлемдеріне құқығы барлар;

– мерзімсіз уақытқа тағайындалған 1,2 топтардағы мүгедектігі барлар;

– Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға қоңыс аударғандар;

– қайтыс болған салымшы / алушының зейнетақы жинақтарының мұрагерлері.

Құжаттарды алдын ала онлайн-тексеру «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына ХҚО арқылы жасына байланысты төлемдерді алуға құжаттарды ұсынған кезде және жерлеуге төлемдер алу кезінде жүзеге асырылмайды, себебі мұндай құжаттар Қорға жеке жүгінген кезде беріледі.

Құжаттарды алдын-ала тексеру үшін бірнеше қарапайым қадамды орындау керек:

– сканерді баптау;

– форматы – A4 қағазын пайдалану;

– құжаттарды jpg/tif форматында сканерлеу және сақтау;

– көп парақты құжаттар бір файлда сақталуы тиіс;

– түсі бойынша сканерлеген кезде, суреттің сапасы 300 dpi форматында қолданылуы тиіс, себебі бұл формат құжаттардың анықтығы мен оқылуын қамтамасыз етеді.

Ұсынылатын құжаттар келесі шарттарға сәйкес келуі керек:

– зейнетақы төлемдерінің түрі бойынша, сканерленген құжаттардың толық пакеті зейнетақы төлемдерінің түріне және оларды БЖЗҚ-ға ұсыну әдісіне байланысты құжаттардың тізбесіне сәйкес ұсынылуы тиіс;

– зейнетақы төлемдерінің түрлері бойынша барлық құжаттарды  түрлі түсті сканерлеу қажет (құжаттың түпнұсқасы талап етілген жағдайда құжаттың түпнұсқасын сканерлеу қажет, бұл ретте-шетелдік паспорттың/азаматтығы жоқ адамның куәлігінің/Қазақстан Республикасы азаматының паспортының түпнұсқасынан белгілері бар сканерленген беттерді ұсынуға жол беріледі);

– түрлі түсті сканерленген әрбір көшірменің өлшемі 2 МБ-тан аспауы тиіс.

Зейнетақылық төлем түріне және БЖЗҚ-ға өтініш беру әдісіне байланысты құжаттар тізімі «Алушыларға қызметтер» бөлімінде қолжетімді.

Бұл қызметті алу үшін сіз https://www.enpf.kz/ru/elektronnye-servisy/checkdoc.php сілтемесіне өтуіңіз керек.

Аталған қызмет түрі уақытты үнемдейді және барлық қажетті құжаттарды түзетуге/толықтыруға мүмкіндік беріп, қойылған талаптарға сай болуға септігін тигізеді.

16.08.2019

Біз БЖЗҚ кеңсесі жоқ шалғай ауданда тұрамыз. Енді барлық қызметтерді Қазпошта бөлімшелерінен алуға болатыны жайлы естідім. Бұл ақпарат қаншалықты рас?

Біз БЖЗҚ кеңсесі жоқ шалғай ауданда тұрамыз. Енді барлық қызметтерді Қазпошта бөлімшелерінен алуға болатыны жайлы естідім. Бұл ақпарат қаншалықты рас?

Дұрыс ақпарат. 2019 жылдың 15 сәуірінен бастап еліміздің шалғай елді мекендерін зейнетақы қызметтерімен қамту мақсатында «БЖЗҚ» АҚ және «Қазпошта» АҚ Қор салымшылары мен алушыларына қызмет көрсету бойынша бірлескен жобаны іске қосты. Бүгінгі күні 94 елді мекен тұрғындары Ұлттық пошта байланыс операторы арқылы келесі қызмет түрлерін ала алады:

  • салымшының (алушының) қосымша деректемелерін (жеке куәлігінің нөмірі, телефон нөмірі, электрондық және пошталық мекенжайы) өзгерту/толықтыру туралы өтініш беру).
  • ақпараттандыру тәсілін өзгерту (анықтау) туралы келісімге қол қою (оның ішінде «БЖЗҚ» АҚ қызметтеріне электрондық форматта қол жеткізу үшін).

«Қазпошта» АҚ арқылы қызмет көрсетуге Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының елді мекендері қосылған.

Сіздің елді мекеніңіз біздің қызметтер көрсетілетін тізімде бар/жоғы жайлы Қор сайтынан біле аласыз  https://www.enpf.kz/ru/services/kazpost/index.php

БЖЗҚ кеңселері жоқ шалғай елді мекендер мен аудандар үшін «Казпошта» АҚ-да «Мобильді кеңсе» көшпелі қызмет көрсету бөлімі сәтті жұмыс істейді, ол online режимінде барлық қызметтерді ұсынады.

«Мобильді кеңсе» – ол барлық қажетті техникамен және спутниктік байланыспен жабдықталған заманауи жоғары технологиялық микроавтобус. Бұл жылжымалы дербес қызмет көрсету орталығы барлық қызметтерді ұсынады және кеңседен еш кем емес: мұнда операторлар үшін екі автоматтандырылған жұмыс орындарымен жабдықталған жұмыс бөлімі, азаматтар үшін отыратын орындар және күтушілер үшін қосымша қарастырылған үш орынды орындықтар бар. Бір келгенде «Мобильді кеңсе» қызметкерлері орта есеппен 60-қа жуық салымшыға қызмет көрсетеді.

«Мобильді кеңсе» арқылы Қор бөлімшелерінде көрсетілетін қызметтер түрін алуға болады. Атап айтқанда – жеке зейнетақы шотын ашу, ақпараттандыру тәсілін өзгерту, шоттан үзінді көшірме алу немесе зейнетақы жинақтарын сақтандыру компаниясына аударуға өтініш беру.

Шалғай аудандарға көлік алдын-ала жоспарланған кесте бойынша жол жүреді. Барлық бағыттар жергілікті атқарушы органдармен келісіліп, тұрғындар мамандардың келуіне дейін хабардар болады. Сондықтан сіз жергілікті атқарушы органға елді-мекеніңізді сапар кестесіне қосу туралы өтінішпен хабарласыңыз.

 

16.08.2019

Мен 2-ші топтағы мүгедекпін. Өзімді қызықтыратын сұрақтар бойынша жеке кеңес алғым келеді. Осы ретте қызметкерлер үйге келіп, маған қызмет көрсете алады ма?

Мен 2-ші топтағы мүгедекпін. Өзімді қызықтыратын сұрақтар бойынша жеке кеңес алғым келеді. Осы ретте қызметкерлер үйге келіп, маған қызмет көрсете алады ма?

Иә, әрине. 1 және 2 топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар адамдар үйлерінде кеңес ала алады. Осы мақсатта Қорда «Мобильді агент» қызметі бар – ол денсаулығына байланысты кеңсеге өз бетімен бара алмайтын адамдарға баратын қызметкер. Осы қызмет түріне ие болу үшін сайтта өтінім қалдырып немесе 1418 нөміріне қоңырау шалу керек.

Сіздің қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету үшін Қор қызметкерлері алдын-ала қоңырау шалып, келетін күнін және уақытын хабарлайды. Сондай-ақ, әр қызметкерде қызметтік куәлігі болады, сондықтан күмән туындаса, сіз 1418 нөмірі арқылы Қордың байланыс орталығына хабарласып, осындай маманның шынымен БЖЗҚ-да қызмет жасайтынын біле аласыз.

«Мобильді агент» сапалы жұмыс істеу үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталған: ноутбук, USB-модем, құжаттарды сканерлеуге, шығаруға арналған портативті көпсалалы құрылғы және т.б. Мұның бәрі салымшыларға БЖЗҚ-ның барлық қызметтер түрін алуға мүмкіндік береді: кеңседен тыс мамандар үзінді көшірме мен келісімшарт көшірмесін береді. Сондай-ақ, кеңес беріп, үзінді көшірме салынған конвертті күтпейтіндей, кез келген уақытта смартфон немесе компьютер арқылы өзінің жеке кабинетіне кіріп, барлық қажетті ақпаратты көре алатындай хабардар ету тәсілі туралы қосымша келісімдер жасайды.

16.08.2019

Қазақстанда зейнетақы жарналарының сақталуының қандай кепілдіктері бар?

Қазақстан Республикасының «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында  көрсетілгендей мемлекет жинақталған зейнетақы қаражатының сақталуын қамтамасыз етуді  2003 жылы қолға алды. Сол уақыттан бастап мемлекет жеке зейнетақы шоттарындағы қаражатты қорғауды өз міндеттемесіне алды. Бұл іс жүзінде жасалған жарналар көлемінде ғана емес, сонымен қатар инфляцияны ескере отырып жүзеге асырылады. Егер зейнеткерлік демалысқа шығу уақытында жинақ инфляцияға қарағанда төмен болса, онда бұл айырмашылық республикалық бюджет есебінен өтеледі. Бұл механизм қаржы дағдарысы салдарынан зейнетақы активтерінің табыстылығы төмендеген кезде 2009 жылдан бері белсенді түрде жұмыс істеп келеді.

Қаржы нарықтарындағы ахуалға байланысты зейнетақы активтерін инвестициялаудың кірістілігі инфляция деңгейінен жоғары немесе төмен болуы мүмкін. Осыған байланысты іс жүзінде жасалған жарналар мен нақты жинақ көлемі арасында айырмашылық бар. Демек, қызметкер зейнетке шықса, жинақталған зейнетақы жүйесіндегі барлық кезең үшін инфляция деңгейіне байланысты өзінің жинақталған зейнетақы қаражатының табыстылығын есептейді. Инвестициялық кіріс инфляция деңгейінен асып кетсе, онда салымшыға мемлекеттік кепілдік төленбейді. Мемлекет тарапынан кепілдік табысы инфляция деңгейінен төмен болатын тұлғаларға ғана беріледі.

Мемлекеттік кепілдік зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар салымшыларға төленеді. Бұл құқыққа: зейнеткерлік жасқа толған адамдар, мүгедектігі мерзімсіз уақытқа тағайындалған І және ІІ топтағы мүгедектер, ҚР аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен азаматтар, сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ие болады. Мемлекеттік кепілдік алуға құқығы бар салымшы қайтыс болған жағдайда, қаражат мұрагерлерге аударылады. Бұл үшін өтініш пен жеке куәліктің көшірмесінен басқа мұрагерлерге қайтыс болу және мұраға құқық туралы нотариалды куәландырылған куәліктерді ұсынулары қажет.

 

16.08.2019

Жұмыс беруші салымдарды аудармай, уақытынан кешіктіріп жатса оған қандай шара қолданылады?

Жақын уақыттан бері кенші болып жұмыс істеймін. Маған түсіндіргендей, жұмыс беруші ай сайын 10% міндетті зейнетақы жарналарымен қоса,  5% міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын өз есебінен аударуға тиіс екен. Салымдардың дер кезінде аударылғанын қалай қадағалуға болады? Жұмыс беруші салымдарды аудармай, уақытынан кешіктіріп жатса оған қандай шара қолданылады?

Әрине, зейнетақы шотының, міндетті және міндетті кәсіби зейнетақы жарналарының жай-күйін әркез тексеруге болады. Осыған орай, БЖЗҚ сізге барлық жағдайларды жасап отыр. Мысалы, БЖЗҚ-ның кез келген кеңсесіне баруыңызға болады. Онда шоттың жай-күйін біліп, сондай-ақ, ақпарат алу тәсілін таңдау туралы қосымша келісім жасауға болады: жылына бір рет әдеттегі пошта хаты арқылы немесе сіз таңдаған кезеңділікпен көрсетілген мекенжайға электрондық хат жіберу арқылы. Интернет арқылы ақпарат алу ең ыңғайлы болып табылады. Жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасы арқылы шотыңызды тексеруіңізге болады. Осы тәсілді пайдалану арқылы жеке шотыңызды кез келген ыңғайлы уақытта қадағалай аласыз. Егер сізде электрондық цифрлық қолтаңба болса, онда үзінді көшірмеңізді тексеріп, Қорға бармай-ақ ақпарат алу тәсілін таңдай аласыз.

Енді міндетті кәсіби зейнетақы жарналары (МКЗЖ) ұғымына түсініктеме бере кетейік. МКЗЖ жұмыс берушінің өз пайдасы есебінен жұмысшы пайдасына аударылатын 5% қосымша жарнасы болып табылады. Қосымша жарна аудару себебі, кеншілер қауіпті, денсаулыққа зиянды еңбек жағдайларында, өндірістік орындарда жұмыс істейтін мамандықтар тізіміне кіреді. Денсаулыққа зиянды, өмірге қауіпті ортада жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін қосымша зейнетақы жарналары аударылады.

Егер жұмыс беруші Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіпте және мерзімде арнаулы салық режимі қолданылатын шаруашылық субъектісі болмаса, табыстарды төлеу айынан кейінгі айдың 25-нен кешіктірілмей МКЗЖ төленіп отыруы тиіс. МКЗЖ уақытылы аударылуын салық органдары қадағалайды. Ал егер жұмыс беруші дер кезінде Сіздің зейнетақы шотыңызға қаражат аудармаса, салық органдары жұмыс берушіден әрбір кешіктірілген күн үшін есептелген сыйақы сомасымен бірге БЖЗҚ-ғы шотыңызға ай сайынғы салымды аудартады.

 

16.08.2019

Менің жалақы мөлшерім аса көп емес, демек БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын төлемеуіме болады ма?

Жоқ. ҚР барлық азаматтары ай сайынғы зейнетақы жарналарын төлеп, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға міндетті. Зейнетақы жарналарының жиілігі жинақ көлеміне ғана байланысты емес, сонымен қатар жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі өтілге де байланысты. Жүйедегі өтіл базалық зейнетақыға тікелей әсер етеді. Зейнетке шығуға әлі уақыт бар болса да, банктерден несие алған кезде ай сайынғы зейнетақы жарналары маңызды көрсеткіш болып табылады. Бұл сіз үшін жүйеге белсенді қатысудың тағы бір ынталандырушы көрінісі.

Қазақстан Республикасның «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Занының 24 бабында тек белгілі санаттағы тұлғалардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылатыны туралы жазылған:

1) Заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған жеке тұлғалар (еркектер 63 жасқа толғанда, әйелдер 58 жасқа толған кезде. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап – әйелдер 58,5 жасқа толғанда, одан әрі жыл сайын жарты жылға ұлғайып, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 63 жасқа толғанда);

2)  егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар жеке тұлғалар босатылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеу осы тармақшада көрсетілген адамдардың өтініші бойынша жүзеге асырылады;

3) әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ, арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап жойылған адамдар;

4)  еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар;

5) салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар босатылады.

Бұл тізімге кірмейтіндердің барлығы зейнетақы жарналарын міндетті түрде төлейді, сол арқылы өзінің жеке зейнетақы капиталын қалыптастырады.

 

16.08.2019