АУДАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА ҮШ БИДІҢ ЕСКЕРТКІШІ ОРНАТЫЛДЫ

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданындағы «Бабалар рухына тағзым» кешенінде қазақтың үш биінің еңселі ескерткіші ашылды. Шарапхана ауылында өткен салтанатты шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен ҚР Мемлекеттік сыйлығының игері Асанәлі Әшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов пен мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов сынды азаматтар қатысты. Еңселі ескерткіш мемлекет қайраткері, «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» қорының төрағасы Бекет Тұрғараевтың бастамасымен және «Түгейболат баба» қорының есебінен орнатылды. Ұлы дала даналарының бірі – Әйтеке би Бәйбекұлының 375 жылдық мерей тойына орай ұлттың ұлы билері Төле, Қазыбек және Әйтеке биге орнатылған тас мүсіндердің ашылу салтанатында аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, айтулы шараның маңызына тоқталып өтті.

«Бүгінгі өткізіліп жатқан шараның маңызы орасан зор. Өйткені, тарих қойнауындағы атақты билердің есімін қайта жаңғыртып, өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі етудің өзі үлкен тәрбие екенін ұмытпауымыз керек. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тәуелсіздігін нығайту жолындағы қажырлы еңбегі – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары қазақстандықтар арасында зор серпіліс туғызып, ауқымды жұмыстардың жүргізілуіне жол ашты. Мәдениет, білім, өнер салаларында бұрын-соңды болмаған бастамалар жүзеге асты. Қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты үш биді бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Олардың басты мақсаты – ел тәуелсіздігіне қол жеткізу, қазақ халқының ынтымағы мен бірлігін нығайту еді. «Бабалар рухына тағзым» кешені тоғыз жолдың тоғысында орналасқандықтан, бұл нысандар осында келуші туристердің де назарын аударатынына сенімдімін»,- деді Өмірзақ Шөкеев.

Шамамен 100 млн теңгеге тұрғызылған ескерткіштер Қазығұрт ауданы арқылы өтетін Шымкент – Ташкент халықаралық күре жолының бойында, «Бабалар рухына тағзым» кешенінде бой көтерді. Осыған орай ұйымдастырылған шарада қазақтың бетке ұстар ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері үш бидің тарихымыздағы алар орны ерекше екенін атап өтті.

«Үш бидің ескерткішін саябақтың қақ ортасына, күншығысқа қаратып орнаттық. Шымкент-Ташкент жолының бойында алыстан менмұндалап тұрады. Ескерткіштің маңдайына «Ұлы дала даналары», «Ұлттың ұлы билері» деп жазып қойдық. Әрине, қазақта билер көп болған. Бірақ осы үш биді бүкіл қазақ мойындаған. Бұл орнатылған ескеркіш елдігіміз бен бірлігімізді айқындап тұрады деп сенемін»,- дейді мемлекет қайраткері, «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» қорының төрағасы Бекет Тұрғараев. Жиын соңы республикаға еңбегі сіңген танымал әншілердің концерттік бағдарламасымен және ұлттық спорт ойындарымен жалғасты. Ұлы билерге арнап құран бағышталып, ас берілді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

30.04.2019

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ 50 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНДЫ

Биыл Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының құрылғанына 50 жыл толып отыр. Осыған байланысты мерекелік шара ұйымдастырылып, Құрманбек Жандарбековтің бьюсті ашылды. Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев, Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Исабек, Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев және аталған театрдың ардагер әртістері мен Құрманбек Жандарбековтің ағайын-туыстары қатысты.

Шара барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев театр ұжымын атаулы мерекемен құттықтады.
«Театрдың тарихында Құрманбек Жандарбековтің есімі алтын әріптермен жазылады. Алғашқы күндерден бастап-ақ бағыт-бағдар беріп, актерлерге ұстаз болған, ұлы актердің көркем мұрасы бізге рухани азық. Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының – ел руханиятына сіңіріп жатқан үлесі орасан. 50 жылда қара шаңырақта түрлі қойылымдар қойылып, елге танымал сахна саңлақтары осы ордадан түлеп ұшты. Жетісай театрының тарихы мен мәдени мұрасы ауданның, облыстың ғана емес, бүкіл Қазақстанның өнер шежіресіне айналып келеді», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Қазақ өнерінің қарашаңырақтарының бірі – Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры жартығасырлық тарихында талай белестерді бағындырып, көптеген кезеңдерді тарих қойнауына қалдырды. Бұл театрдың киелі сахнасында қазақ театр өнерінің өркендеуіне үлес қосқан талай сахна майталмандары еңбек етті. Бүгінде театр ұжымы сол кезеңдердегі абыздардың ізін жалғап, театр өнеріне адал қызмет етіп келеді.
Театр ұжымы 50 жылдық тарихында еліміздің түкпір-түкпірінде өнер көрсетіп, алыс-жақын шетелдерде өткен фестивальдерде жүлделі орындарға ие болған.

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

30.04.2019

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы 2018 жылдың Ұлттық баяндамасы

Ордабасы ауданы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылған арнайы мониторингтік топ мүшесі, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Сайлыбаев Мұрат Кенжебекұлы  26.04.2019 жылғы аудандық әкімдікте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы 2018 жылдың Ұлттық баяндамасымен» көпшілікті таныстырды. Баяндама барысында арнайы мониторингтік топ мүшелерімен бірге аудандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында бірлесіп жұмыс жасау маңыздылығын да айта кетті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы 2018 жылдың Ұлттық баяндамасын жүктеу

«ТҮРКІСТАН – АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» АЯСЫНДА ҚҰРЫЛҒАН ЛЕКТОРЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ МҮШЕЛЕРІ

Аты-жөніЛауазымыБайланыс нөмірі

Ордабасы

1Сайлыбаев Мұрат КенжебекұлыОрдабасы аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы,арнайы мониторингтік топтың мүшесі8-778-260-02-60
2Омар Арыстан ИбрагимұлыТөрткүл ауыл округі жастар ұйымының жетекшісі Арнайы мониторингтік топтың мүшесі8-701-351-61-71
3Сәду Мұхаммед ТілектесұлыҚажымұқан ауыл округі жастар ұйымының жетекшісі8-778-251-50-59
29.04.2019

2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша БЖЗҚ негізгі көрсеткіштері

2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 9,64 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 262,3 млрд теңгеге өсті. Олардың ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша жинақтар сомасы 9,43 трлн теңгені құрады (жалпы соманың 97,8%). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша жинақтар сомасы 209,5 млрд теңге (бүкіл жинақтың 2,2%) және ерікті зейнетақы жарналары бойынша (ЕЗЖ) жинақтар сомасы 1,9 млрд теңге болды (0,02%).

Шарттардың барлық түрлері бойынша жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны 10,4 млн бірліктен асты.

2019 жылдың алғашқы үш айы ішінде зейнетақы төлемдері 54,4 млрд теңгені құрады. Оның ішінде жасына байланысты төлемдер 31,6 млрд теңгені, ал сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 7,4 млрд теңге болды.

Жыл басынан бері Қор салымшыларының шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 96,9 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2018 жылдың сәйкес кезеңінде алынған таза инвестициялық табыстан 30 млрд теңгеге артық.

Зейнетақы жинақтарының табыстылығы соңғы 12 ай ішінде (2018 жылдың сәуірі – 2019 жылдың наурызы) 11,5 пайызды құрады. Бұл кезеңде инфляция деңгейі 4,8 пайызды көрсетті. Осылайша зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы инфляциядан 6,7 пайызға жоғары болып отыр.

Атап өту керек, Ұлттық Банк ұсынатын зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелінің құрылымы мен инвестициялық қызметке жасалынған шолу ай сайын enpf.kz сайтында «Көрсеткіштер»-«Инвестициялық қызмет»-«Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелінің құрылымы» (https://www.enpf.kz/kz/indicators/invest/structure.php) және «Инвестициялық қызметке шолу»  (https://www.enpf.kz/kz/indicators/invest/review.php) бөлімінде жарияланып отырады.

Қор клиенттерге қызмет көрсету жұмыстарын үнемі жетілдіріп келеді. Жыл басынан бері салымшылар мен алушыларға 6,2 миллионнан астам қызмет көрсетілді. Бұл ретте қызмет көрсетудің электрондық тәсілі басымдыққа ие – электрондық форматта (зейнетақы шотынан берілетін үзінді көшірмені есепке алғанда) 5,3 миллионнан астам (немесе 85,6%) операция жүзеге асырылды.

«БЖЗҚ» АҚ тұрғындар арасында белсенді түрде ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте кәсіпорындар мен ұйымдарда және сауда орындарында көшпелі таныстырылымдық шаралар өткізіледі. Жыл басынан бері 6,8 мыңнан астам таныстырылым өткізіліп, оларға 211 мыңнан астам адам қатысты.

2017-2018 жылдар мен 2019 жылдың алғашқы үш айы ішінде БЖЗҚ-ның таныстырылымдық шараларында ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарымен 1 555 837 адам қамтылды. Бұл жұмыспен қамтылған халықтың 17,77 пайызын құрайды. (egov сайтының стат. дерегіне сәйкес 01.04.2019 ж. қарай елде жұмыспен қамтылғандардың саны – 8 756 300 адам).

БЖЗҚ 2018 жылы соңғы бірнеше жылда зейнетақы жарналары түспей жатқан, «ұйқыдағы» шоттарды жандандыру жұмыстарын қолға алған болатын. Бұл жұмыс жалғасын табуда. Қор мамандары 2019 жылдың басынан бері 101,3 мыңнан астам шоттың иелерімен байланыс орнатты. Олардың ішінде 5 704 адам жалпы сомасы 71 152 001 теңгеге зейнетақы жарналарын аударды. Жалпы белсенді емес шоттармен жұмыс жүргізу барысында (2018 жылдың ақпаны мен 2019 жылдың 1 сәуірі аралығында) Қор шоттарына бірнеше жыл бойы жарна түспеген 732 895 адаммен байланыс орнатып, ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Соның арқасында белсенді емес шоттарға жалпы сомасы 2,4 млрд теңгеге 208 мыңнан астам жарна түсті.

2019 жылдың басынан бері бірыңғай жиынтық төлемді төлеу аясында (БЖТ) 41 394 жеке зейнетақы шотына жалпы сомасы 22,2 млн теңгеге 46 064 жарна аударылды.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz

24.04.2019

Зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) зейнетақы жинақтары бар адам зейнеткерлік жасқа толған кезде оның зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейі ескеріле отырып, шотындағы жинақ ақша осы шотқа енгізілген жарналардың сомасымен салыстырылады. Егер алушының Қордағы жинақтарының инвестициялық табысты қоса есептегендегі жалпы сомасы инфляцияға тең және одан жоғары болса, айырма сомасы төленбейді. Ал егер инфляциядан төмен болса, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін есептейді. Бұл сома біржолғы төлем ретінде республикалық бюджет есебінен алушының банк шотына 10 жұмыс күні ішінде аударылады.

Зейнетақы жинақтарын қалыптастыру кезеңі бірнеше ондаған жылдарға созылатыны белгілі. Бір жағы содан да болар, кейбір салымшылар: «Зейнет жасына дейін әлі талай жыл бар, оған дейін өмір де экономика да өзгереді, жинаған ақшамыздың жайы қалай болады?», – деп уайымдайды. Бірақ уайымдауға еш негіз жоқ. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде мемлекет зейнеткердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, оның атына Қорға аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары мен мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi. Бұл норма Заңға 2003 жылы енгізілген. Осылайша мемлекет жеке зейнетақы шотындағы жинақтарды сақтау кепілдігін өз мойнына алды.

Бүгінде Қазақстан әлемде зейнетақы жинақтарының сақталуына толық кепілдік беретін жалғыз мемлекет. Мысалы, Германияның зейнетақы жүйесі әлемдегі ең тиімді жүйелердің бірі болып саналады. Соған қарамастан бұл елдің зейнетақы қорлары жинақ ақша бойынша салымшылардың зейнет жасына толуына қарай 2 пайыздан астам мөлшерде ғана табыстылық мөлшерлемесіне кепілдік береді. Чилиде зейнетақы активтерін басқарушылар зейнетақы жинақтарының сақталуына таңдап алынған қор түріне қарай кепілдік береді. Дегенмен зейнетақы жинақтарының көлемі соңғы 36 ай ішіндегі орташа сараланған 2 пайыздық нақты табыстылық деңгейінен төмен болмайды. Ал Швеция, Австралия, Израиль, Норвегия, Мексика, Эстония елдерінде зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік тіпті берілмейді.

Елімізде зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік механизмі 2009 жылдан бастап белсенді түрде қолданыла бастады. Өйткені бұл кезеңде қаржы дағдарысының салдарынан зейнетақы активтерінің табыстылығы күрт төмендеп кеткен болатын. Қаржы нарығындағы ахуалдарға қарай зейнетақы жинақтарын инвестициялаудан түсетін табыс бірде жоғары, бірде төмен болуы мүмкін. Осыған байланысты шоттағы жинақтардың сомасы мен осы шотқа нақты енгізілген жарналардың арасында айырмашылық пайда болады. Сондықтан салымшы зейнеткерлік жасқа толғанда оның зейнетақы жинақтарының жалпы табыстылығы есептеледі. Бұл ретте әрине, салымшының жинақтаушы жүйеде болған бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейі ескеріледі. Демек қаржы нарығы мен инвестициялық табысқа қатысты қандай жағдай орын алмасын, салымшылардың жинақтары сенімді қорғалған. Мемлекеттік кепілдік төлемі салымшыларға олар зейнетақы төлемдерін алу құқығына ие болған кезде беріледі.

Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алуға кімдер құқылы? Олар – зейнет жасына толған азаматтар, I және II топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар, Қазақстаннан тыс жерлерге қоныс аударған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар және осы өтемақыны алуға құқығы бар адам қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлері. Бұл ретте мұрагерлер арнайы өтініш және жеке басты кәландыратын құжатпен қатар мұра қалдырушының қайтыс болғаны туралы куәлік пен мұрагерлік құқығы туралы куәлікті тапсырады.

Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін есептеу және төлеуді

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының  «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» дирекциясы жүзеге асырады.

2018 жылдың қазан айында зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды оңтайландыру мақсатында Композиттік қызмет іске қосылған болатын. Соған сәйкес зейнет жасына толған азаматтар мемлекеттік бюджеттен берілетін зейнетақылар мен Қор төлемдерін және мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін бірыңғай өтініш пен қажетті құжаттарды тек бір жерге – «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырады. Айырма төлемін алу үшін бөлек өтініш берудің қажеті жоқ. Бұрын бұл азаматтар Қордан зейнетақы төлемдерін алу үшін Қордың өзіне жүгінетін.

Айта кетелік, Қорда зейнетақы жинақтары бар, I және II топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар және Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін зейнетақы төлеу тәртібі өзгеріссіз қалады. Олар зейнетақы жинақтары есебінен төлемдерін алу үшін Қорға жүгінеді. Ал мемлекеттік зейнетақылар мен мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін әрине, олар да бірыңғай өтінішпен Мемлекеттік корпорацияға барады.

24.04.2019

Шот-фактураларды электронды түрде жазып беру бойынша міндеттемелер

Ордабасы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап ҚҚС төлеушілері тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым жасалған кезде, Жеңілдіктер тізіміне кіретін тауарлар мен импортталған тауарларды өткізу кезде барлық салық төлеушілер, сонымен қатар комиссионерлер, экспедиторлар ҚҚС бойынша есепте тұруына қарамастан шот-фактураларды электронды түрде (ЭШФ) жазып беруге міндетті екендігін назарларына жеткізеді.

Шот-фактураларды электронды түрде жазып беру, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайты kgd.gov.kz орналастырылған

«Электронды шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі (бұдан ары-ЭШФ АЖ) арқылы жүзеге асырылады. ЭШФ АҚ тіркелу үшін электронды сандық қолтаңбаның болуы (әрі қарай – ЭСҚ), осыған байланысты ЭСҚ алу үшін орналасқан орны бойынша ХҚКО жүгіну қажет.

Бұл ретте заңды тұлғаларға, заңды тұлға үшін және ұйымның басшысы үшін ЭСҚ-ны алуы қажет, ал дара кәсіпкерлерге ЭСҚ-ны ДК атына алу жеткілікті.

Бұдан әрі, ЭСҚ кілтін алғаннан кейін, esf.gov.kz сайтының ЭШФ АҚ тіркелуі және 2019 жылдың 01 қаңтарынан бастап шот-фактураларды электронды түрде жазып беруді іске асыруы қажет.

Салық төлеушілермен шот-фактураларды электронды түрде жазып беру тәртібін бұзғандығы үшін, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексімен әкімшілік сипаттағы (280-1 бап) шаралар көзделген.

Ордабасы ауданы бойынша

 Мемлекеттік кірістер басқармасы

24.04.2019

Тауарлармен электронды сауда жасауына қарастырылған шарттар

Салық кодексінде, интернет арқылы тауарлармен электрондық сауда жасайтын салық төлеушілер үшін корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығына жаңа жеңілдіктер қарастырылған.

Ол үшін мынадай шарттарды сақтаған кезде:

– тауарларды өткізу жөніндегі мәмілелерді ресімдеу электрондық нысанда жүзеге асырылса;

– тауарлар үшін ақы төлеу қолма-қол емес төлеммен жүргізілсе;

– тауарларды сатып алушыға (алушыға) жеткізетін өз қызметі болса, не жүктерді тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді, курьерлік немесе пошталық қызметті жүзеге асыратын тұлғалармен келісім-шарттары болған жағдайда;

Аталған жеңілдіктер тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асырудан түсетін кірістер жылдық жиынтық кірістің кемінде 90% құраған жағдайда қолданылады. Осы шарттар сақталмаған кезде салық төлеуші аталған жеңілдіктерді қолдануға құқылы емес.

Жеңілдіктерді пайдалану үшін, тауарлармен электрондық сауда жасайтын тұлға, бірінші кезекте дара кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркеу есебіне тұруы қажет және жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаны мемлекеттік кірістер органдарына жолдауы тиіс.

Тауарлармен электрондық сауда кезінде тауарларды жөнелтуді, тасымалдауды, жеткізуді жүзеге асыратын тұлғалар салық органының сұрау салуы бойынша мәліметтерді уәкілетті орган бекіткен тәртіппен, мерзімдерде және нысан бойынша ұсынады.

Ордабасы ауданы бойынша

 Мемлекеттік кірістер басқармасы

24.04.2019

Салық және төлемдерді төлеу бойынша қолайлы жағдайлар»

Ордабасы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер Комитеті салық төлеушілерге екінші деңгейлі банктермен бірге салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу бойынша салық міндеттемесін уақытылы орындау үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында банк шотының бар болған жағдайда – банкоматтар мен басқа электрондық құрылғылар арқылы бюджетке төлемдерді жүзеге асырылады.

Банкоматтар мен басқа электронды құрылғылар арқылы салық төлеудің ең маңызды артықшылығы – кез келген уақытта және кез келген елді мекенде банктерге келмей, кезектерде тұрмай бюджетке төлемдерді төлеуге қабілетті. Бұл ретте, электрондық қызметтерге екінші деңгейлі банктерде белгіленген тарифтерден әлдеқайда төмен.

eGov.kz порталында барлық салықтар мен басқа міндетті төлемдерді авторизациясыз, электронды цифрлық қолтаңбамен қол қоюсыз бюджетке төлеу жаңа қызметі іске қосылды.

2018 жылдың 1 тамызынан бастап, еGov.kz порталында барлық салықтарды және бюджетке төлейтін міндетті төлемдерді авторизация жасамай және ЭСҚ қол қоймау мүмкіндігінсіз ақ салықтарды төлеу бойынша жаңа қызмет пайда болды. Осыдан ертеректе «электрондық үкімет» порталында жеке тұлғалар үшін, салықтың үш түрін төлеу ғана қол жетімді болған: яғни бұлар мүлік салығы, жер салығы және көлік салығы.

eGov.kz «Электронды үкімет» порталында салық төлеу бойынша нұсқаулар

eGov.kz порталында «Салықтар және қаржылар» – «Салық салу» – «Салықтарды және бюджетке төлнетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу» және «Онлайн ресімдеу» батырманы басып, қызметке тапсырыс беруге болады. Салықтөлеушінің ЖСН/БСН, мемлекеттік кірістер органының атауын, төлем сомасын, бюджеттік сыныптамасының кодын таңдағаннан кейін жүйе салықты төлеу бөліміне өтуді автоматты түрде ұсынады. Барлық процедура аяқталғаннан кейін төлем болғанын растайтын электронды чек беріледі.

Салық төлеуші жеке тұлға ретінде авторизациялану және БСН деректерін толтырып және керсінше заңды тұлға салықтарын төлеу мүмкіндігіне ие болады.

Бүгінгі күні порталда 18 түрлі салықтар бойынша төлемдер жасауға мүмкіндік беріліп отыр:

– корпоративтік табыс салығы;

– жеке табыс салығы;

– әлеуметтік салық;

– заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің мүлiгіне салынатын салықтар;

– жер салығы;

– заңды тұлғаның көлiк құралдарына салынатын салық;

– бірыңғай жер салығы;

– қосылған құн салығы;

– акциздер;

– арнайы төлемдер және жер қойнауын пайдаланушылар салығы;

– экспортқа салынатын рента салығы;

– ойын бизнесіне салық;

– тіркелген салық;

– алымдар;

– төлемдер;

– кедендік төлемдер;

– басқа төлемдер және баждар.

Осыған ұқсас қызмет түрі ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің порталында http://kgd.gov.kz/ru/app/pshep-payment-web сілтемесі бойынша жүзеге асырылған.

Банкоматтың интерфейсінде, МКК «Салық төлеушілер кабинеті» web-қосымшасында мемлекеттік кірістер басқармасының кодтарының тізімі және атауы көрсетілген, сондықтан да тиісті мемлекеттік кірістер органдарын таңдауға мүмкіндік бар.

Салық төлеушіге банкомат арқылы немесе басқа электрондық қондырғы арқылы салықты төлеу үшін төлемді жүзеге асырған кезде, бюджетке төлемнің төленгенін растайтын құжат беріледі.

Банкомат арқылы немесе басқа электрондық қондырғы арқылы салықты төлеу үшін төлемді жүзеге асырған кезде, салық төлеуші үшін салық міндеттемесін орындау күні болып, осындай төлемді жүзеге асырған күн саналатынын атап кету керек.

Банкомат арқылы немесе басқа электрондық қондырғы арқылы салықты төлеу үшін төлемді жүзеге асырған кезде, салық төлеушінің дербес шотында өсімпұл есептелген жағдайда, салықтарды және бюджетке төлейтін міндетті төлемдерді төлеуге қолма-қол ақшаны енгізген күннен және банктік шоттан ақшаны жойған күнгі күннен басқа, аталған төлемді жүзеге асырған күн есептелінеді.

Ордабасы ауданы бойынша

 Мемлекеттік кірістер басқармасы

24.04.2019

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес баршамызға ортақ іс

Бүгінгі мүлде жаңа қоғамда шешiмi күрделi әлеуметтiлiк мәселе орын алғандығы баршамызға мәлім. Ол – коррупция. Елiмiзде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бiрақ бұл мәселе әлi толық шешiмiн тапқан жоқ.

«Сыбайлас жемқорлық» деген түсінік мағынасына этимологиялық қарау мұны «параға сатып алу», «пара» ретінде, «corruptio» деген латын сөзін алып, анықтауға мүмкіндік береді. Рим құқығында сондай-ақ «corrumpire» түсінік болған, ол жалпы сөзбен айтқанда «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» деген түсінік беріп, құқыққа қарсы іс – әрекетті білдірген. Орыс тілінің түсіндірме сөздігі сыбайлас жемқорлықты пара беріп сатып алу, лауазымды адамдардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы ретінде сипаттайды.

Мемлекеттің дамуына бармақ басты, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.

Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Елбасы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты». Қазақстан халқына «демократиялық қоғам жағдайында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады» деп атап көрсетеді. Яғни бұл мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.

Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады.

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.

Өткенімізге көз салсақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орынын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды.

Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.

Ордабасы ауданы бойынша

 Мемлекеттік кірістер басқармасы

24.04.2019

Онлайн БКМ көшу бойынша

ҚР Қаржы министрлігінің 27.11.2018 жылғы «Салық төлеушілер Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асырғанда ақшалай есеп айырысулар кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданатын қызмет түрлерін бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы № 206 бұйрығына өзгеріс және толықтырулар енгізу туралы» №1029 бұйрығына сәйкес, 2019 жыл аралығында ақшалай есеп айырысулар кезінде онлайн БКМ қолдану міндеті туындайтын қызмет түрлері ұлғайтылды.

Яғни, 2019 жылдың әр тоқсаны сайын онлайн БКМ қолдануға 633 қызмет түрлері қосылады:

– 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап 323 қызмет түрлері бойынша;

– 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап 86 қызмет түрлері бойынша;

– 2019 жылдың 1 қазанына бастап 224 қызмет түрлері бойынша.

Атап айтқанда, 2019 жылдың 1-сәуірінен бастап автомобильдер мен жеңіл автомобильдерді жалға алу және жалға беру, жеке меншік немесе жалданатын жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару, такси қызметі, жылжымайтын мүлікті сатып алу және сату, халықаралық саясат, ғимараттар құрылысы, автобуспен тасымалдау, газет басып шығару, жиһаз жасау, балмұздақ өндіру, нан өндіру; ұннан жасалған кондитерлік жаңа піскен өнімдерді, торттарды және тәтті тоқаштарды өндіру, баспа қызметі, жарнамалық қызмет, тұрмыстық электрониканы жөндеу, компьютерлер мен байланыс жабдықтарын жөндеу, жиһаздарды және үйге қажетті заттарды жөндеу, аяқ киімдерді жөндеу, тұрғын үй ғимараттарының құрылысы, терминалдардың қызметі, химиялық тазалау және бояу, сылақ жұмыстары және басқа да қызметтерді жүзеге асырғанда ақшалай есеп айырысулар кезінде онлайн БКМ қолдануға міндет туындайды.

Бұл ретте, БКМ қолдану тәртібі Салық кодексінің 166 бабымен реттелетініне назар аударамыз.

Ордабасы ауданы бойынша

 Мемлекеттік кірістер басқармасы

24.04.2019