Ордабасы ауданының тұрғындарына үндеу

Ордабасы ауданының тұрғындарына

ҮНДЕУ

 

Заңдылықты қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында (Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Заңының 25-2 бабына сәйкес)

 

Бүгінгі әлемдік өркениеттің бетіне орны айықпас қара таңба салған қауіп-қатердің бірі – экстремистік және террористік іс-қимылдар.

Бұл күнде аталған әрекеттердің өсуі адамзат баласының барлығын алаңдатып отыр.

Экстремизм мен терроризм – бейбіт отбасылардың басына қайғы-қасірет әкеліп, біреуді ата-анасынан, біреуді ұл-қызынан айыру, сәбилерді көз жасына қалдыру.

Террористік қимыл-әрекеттердің дүниенің барлық түкпірінде жыл сайын көбейіп келе жатқаны ешкімге жасырын емес.

Мысалы, соңғы бес жылда Алматы қаласындағы, Атырау облысындағы, Ақтөбе облысындағы және Тараз қаласындағы лаңкестік іс-әрекеттер айылын жимай, бейбіт жандарды қырғынға ұшыратты.

Сырттан келген діни миссионерлер, әр түрлі сектаның өкілдері елімізде көбейіп, дәстүрлі діндерден алшақ сенім-нанымдарды уағыздап, азаматтарымыздың сана-сезімін улап жатқандығы жасырын емес.

Сондықтан, азаматтарымызды теріс ағымдардан сақ болуға шақыра отырып, бұл әрекеттерге Қазақстан Республикасы Заңнамаларына сәйкес, қандай жауапкершілік көзделгені туралы түсіндіргім келіп отыр.

Атап айтқанда, экстремизм ұғымы – азаматтардың сана-сезімін діни нанымдарды пайдалана отырып улап, жалпыға бірдей қағидалардан және орталықтан ауытқыта отырып шеттету.

Жалпы, экстремистік топ құру, оған басшылық ету немесе оның әрекетіне қатысуға, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 182-бабына сәйкес жауапкершілік көзделген.

Яғни, экстремистік топ құру, сол сияқты оған басшылық ету – мүлкі тәркіленіп, он жылдан он жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сонымен қатар, Экстремистік топтың әрекетіне немесе оның жасайтын қылмыстарына қатысу – мүлкі тәркіленіп, сегіз жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ал, терроризм – ел ішінде үрей дүрбелең тудыру мақсатында, бір немесе бірнеше адамдар тарапынан жеке адам және қоғам тәртібін, тыныштығы мен қауіпсіздігін бұзатын іс-әрекеттер.

Яғни, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 257-бабына сәйкес, террористік топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу, мүлкі тәркіленіп, он жылдан он жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Осы кодекстің 256-бабына сәйкес, терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру, сол сияқты көрсетілген мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату – мүлкі тәркіленіп, бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, не қоғамдық бірлестік лидері жасаған, не бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникациялар  желілері пайдаланыла отырып жасалған не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражат пайдаланыла отырып жасалған дәл сол іс-әрекеттер – мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын түсіндіремін.

Бұл үндеуді құқық бұзушылықтардың алдын-алу, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында хабарлаймын.

Б.Булеулиев,

Ордабасы ауданының прокуроры,

Әділет кеңесшісі.

Back to top button
Close