ШАТҚАЛДАР ДЕМАЛЫС ОРНЫНА АЙНАЛМАҚ.

Ордабасы ауданындағы шатқалды аумақтар келешекте саябаққа айналады. Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың бастамасына үн қосқан ордабасылықтар бүгін жалпы аудандық сенбілік ұйымдастырып, көшет егуді жалғастырды. Аудан әкімі А.Мамытбеков ауыл округтерді аралап, сенбілік барысымен танысты.
Әсіресе, Шұбарсу ауыл тұрғындары аталмыш шараға аса белсенді қатысып, шатқалды аумақты көгалдандыруға өз тараптарынан да үлес қосуда. Ауыл тұрғыны Оразбаева Гүлжан бүгінгі сенбілікке өз отбасының атынан 30 шырша көшетін ала келген. Сонымен қатар, Гүлжан мұндағы егілген ағаштардың барлығын ауылдастарымен бірлесіп күтімге алатындарын атап өтті.
Қажымұқан, Қараспан, Бөген, Жеңіс ауылдарының азаматтары да сенбіліктен тыс қалмай, Ордабасы өлкесін көгалдандыруға ат салысты.
Аудан басшысы ауыл әкімдеріне көшеттерді ерекше күтімге алу жөнінде арнайы тапсырма жүктеді. “Еңбек зая кетпесін. Осы ағаштардың жапырақ жайып, жайқалуы сіздерге байланысты. Ұйымдастырыңыздар және қадағалаңыздар”, – деді Алмасбек Кеңесбекұлы өз сөзінде.
Бүгінгі сенбілік Ордабасы ауданының Наурыз мерекесіне дайындығын тағы бір пысықтады. Ендігі кезекте, ауыл тұрғындары түбі түркі жұртына ортақ Жаңа жылды жақсы көңіл күймен қарсы алары сөзсіз.

Back to top button
Close