ӘЛІХАН ӘУЛИЕ

           Өлкеміздің тарихи, материалдық ескерткіштері мен рухани мәдениетін зерттеу, сақтау, халыққа көрнекті түрде жеткізу «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени  қорығы   қызметкерінің ең бір негізгі мақсаты. Осы арқылы ол өзінің қоғамдағы әлеуметтік міндеттерін, яғни зерттеу, сақтау, тәрбиелік және ағартушының қызметі негізінде ғылыми зерттеу, іріктеп-жинақтау, экспозициялық, ғылыми-әдістемелік, экскурсиялық  қызмет түрлерін жүргізуі қажет. Сондай-ақ, ғылыми әдебиеттер мен тарихын, материалды және рухани мәдениет ескерткіштерін зерттеуде біршама жұмыс атқару керек.
Көне тарих — бұрынғы ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолы. Біз оны білмей, болашағымызды саралап, келешек ұрпаққа үлгі-өнеге көрсете алмаспыз. «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығында ескі молалар саны, дәлірек айтсақ, біздің эрамыздың V-VII ғасырлар шамасында 300-дей болады.
Ал, бүгінгі тақырыпта айтылатын мағлұматымыз — Әліхан ата мазары. Ол Ордабасы тауының оңтүстік бетіндегі, құз жартастың дәл төбесінде орналасқан. Мазардың биіктігі — 1,20, шеңберінің диаметрі 6 метрге жуықтайды. Көнекөз қариялардың айтуынша, Әліхан ата XVI ғасырларда өмір сүрген әулие адам екен. Өз заманында әртүрлі шөптен дәрі-дәрмек жасап, ауру-сырқауларды емдеген әрі көріпкелдік қасиеті де болған деседі.                       
Әулие атамыз: өмірді сүйген адам ғана өз ұрпағын адамгершілік негізінде тәрбиелейді, сол арқылы жалпы жауапкершілігін түсінеді деп білген.
Адам жақсы істің жалғасын түйсініп, дүниені көркейтуге өз үлесін қосуы, дарынын шабытпен шалқытып, адамдарды біріктіре білсе — тектілік танытқаны.
Біз оның жан-жақты ойлаған, парасатты философ екенін аңғарудамыз. Еңбегі ел үшін, қарабайыр халықтың қамын ойлаған данагөй бабамыздың болмысы осындай. Өмірінің соңғы жылдарында түйеге мініп, Меккеге барған, жолда кездескен ауру адамдарды емдей жүрген. Қайтар сапарында еліне жетіп, көп ұзамай дүниеден өткен.
Қазіргі таңда бұл кісінің мазарына зиярат етіп келгендер, әулиеге дұға бағыштап, тілектерін бір шумақ өлеңмен білдіріп жатады.
«Ордабасы тауында,
Жатыр әулие бауырында.
Ниет қылған үлкен-жас,
Қабыл болғай қашанда.
Бабамыз жасаған жақсы іс,
Ұлағат болар жастарға.
Әулие берген батасын,
Еліміз көкке самғасын.
Ел-жұртымыз тыныш боп,
Мәңгілікке жасасын!»
Бабамыздың бізге жеткен тарихын білгенімізше жеткіздік. Неше ғасыр өтсе де, маңайына көрсеткен жақсылығы әлі күнге дейін айтылып, аңыз-әңгімеге айналды.                      
Қорытындылай келе, жақсылық істесең еш уақытта ұмытылмайтынын біз тағы бір рет куә болудамыз. Жаның пейіште, топырағың торқа болсын, тарихың еш уақытта ұмытылмайтынын бүгінгі және келер ұрпақ кәміл сенеміз.

Back to top button
Close