Субсидиялау туралы

Ордабасы ауданы әкімі аппаратының басшысы М.Ақмұратовқа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 15 маусымдағы № 256 бұйрығының 1-қосымшасымен Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітіліп, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 27 тамызда № 17306 болып тіркелген.

Бұл ретте, Қағидалардың 3-тармағында Субсидиялауға жататын бағыттары айқындалған. Атап айтқанда:

1) асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға:

ірі қара малдың, қойлардың, шошқалардың, маралдардың (бұғылардың) аналық басымен, сондай-ақ балараның ұяларымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстар жүргізуге жұмсалған шығындарды арзандату;

отандық және шетелдік шаруашылықтардан асыл тұқымды немесе таза тұқымды ірі қара малдың аналық басын, етті бағыттағы асыл тұқымды тұқымдық бұқаларын, асыл тұқымды тұқымдық қошқарларын, өнімдік бағыттағы асыл тұқымды тұқымдық айғырларын, асыл тұқымды тұқымдық түйелерін, асыл тұқымды және таза тұқымды шошқалардың аналық басын, асыл тұқымды ешкілердің аналық басын сатып алуға жұмсалған шығындарды арзандату;

отандық және шетелдік шаруашылықтардан құстардың етті бағыттағы ата-енелік/ата-тектік нысандағы асыл тұқымды тәуліктік балапанын сатып алуға жұмсалған шығындарды арзандату;

республикалық палаталарда тіркелген құс фабрикаларында алынған құстардың жұмыртқа бағытындағы финалдық нысандағы асыл тұқымды тәуліктік балапанын сатып алуға жұмсалған шығындарды арзандату;

оператордың тауарлық табынның/отардың өсімін молайту үшін пайдаланылатын етті тұқымдардың асыл тұқымды тұқымдық бұқаларын/асыл тұқымды тұқымдық қошқарларын күтіп-бағуға жұмсалған шығындарын арзандату;

жеке және заңды тұлғалардың қоғамдық табынның өсімін молайту үшін пайдаланылатын етті, сүтті және сүтті-етті тұқымдардың асыл тұқымды тұқымдық бұқаларын күтіп-бағуға жұмсалған шығындарын арзандату;

сүтті және сүтті-етті тұқымдардың асыл тұқымды бұқасының сатып алынған бір жынысты немесе қос жынысты ұрығының құнын арзандату;

асыл тұқымды және дистрибьютерлік орталықтардың шаруа (фермер) қожалықтарында және ауыл шаруашылығы кооперативтерінде сүтті және сүтті-етті тұқымдардың асыл тұқымды тұқымдық бұқаларының ұрығымен ірі қара малдың аналық басын, сондай-ақ қойдың аналық басын қолдан ұрықтандыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерін субсидиялау;

эмбриондарды телу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді субсидиялау;

2) мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен өнiм сапасын арттыруға:

сыйымдылығы бір уақытта кемінде 1000 бас болатын бордақылау алаңдарына бордақылау үшін өткізілген бұқашықтардың құнын арзандату;

сыйымдылығы бір уақытта кемінде 1000 бас болатын бордақылау алаңдарының бұқашықтарды бордақылауы кезіндегі шығындарды арзандату;

ірі қара малды союмен және етін бастапқы өңдеумен айналысатын ет өңдеуші кәсіпорындардың сиыр етін дайындау құнын арзандату;

өткізілген қозылар құнын арзандату;

құс етiн (бройлер тауығының етін, күркетауық, суда жүзетін құс етін), тағамдық жұмыртқа (тауық жұмыртқасы), сүт (сиырдың, биенің, түйенің сүті), биязы және жартылай биязы жүн өндіру құнын арзандату;

сүтті бағыттағы аналық мал басының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату.

Осы Қағидалардың 7-тармағында «Жыл сайын тиісті ауданның, облыстық маңызы бар қаланың ауыл шаруашылығы бөлімі (бұдан әрі – Бөлім) субсидиялар алуға арналған өтінімдерді (бұдан әрі – өтінім) аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдігінің интернет-ресурсында қабылдауды бастағанға дейін күнтізбелік бес күннен кеш емес мерзімде субсидиялау үшін өтінімдер қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыру орналастырады. Өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылғы 20 қаңтардан басталады.» және 9-тармағында «Тауар өндірушілердің, жеке және заңды тұлғалардың субсидиялар алуының қажетті талабы өтінім берген сәтте осы Қағидаларға 2 және 3-қосымшаларда көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес келу болып табылады.» – делінген.

Бұған қоса, Қағидалардың 5-тармағында «Субсидиялау көлемдері осы Қағидалар күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде және одан кейін жыл сайын   5 ақпаннан кешіктірілмей, облыс, Астана және Алматы қалалары әкімдігінің қаулысымен бекітіледі. Қаулы қабылданғаннан кейін облыстың, Астана және Алматы қалаларының әкімдігі екі жұмыс күні ішінде оны өз ресми интернет-ресурсына орналастырады.» – деп, нақты көрсетілген.

Қағидалардың 14-тармағына сәйкес, Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау бағыты бойынша тауар өндірушілер өтінім беру үшін негіздер туындаған және тауар өндіруші осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес өлшемшарттарға сай келген сәттен бастап, мынадай мерзімдер бойынша өтінімдер береді:

1) тұқымдық түрлендірумен қамтылған ірі қара малдың аналық басымен, сондай-ақ балара ұяларымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізуге, табынның өсімін молайту үшін пайдаланылатын асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды күтіп-бағуға жұмсалатын шығындарды арзандату – ағымдағы жылғы 15 сәуірден 1 қазанға дейін;

2) қойлардың, маралдардың (бұғылардың) аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізуге, тауарлық отардың өсімін молайту үшін пайдаланылатын асыл тұқымды тұқымдық қошқарларды күтіп-бағуға жұмсалатын шығындарды арзандату – ағымдағы жылғы 1 қыркүйектен 1 желтоқсанға дейін;

3) асыл тұқымдық және дистрибьютерлік орталықтардың шаруа (фермер) қожалықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің сүтті және сүтті-етті бағыттағы ірі қара малының, сондай-ақ қойларының аналық басын қолдан ұрықтандыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерін субсидиялау, эмбриондарды телу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді субсидиялау – ағымдағы жылғы 1 мамырдан 1 желтоқсанға дейін;

4) өтінім беруге негіздер туындаған сәттен бастап алты айдан аспаған отандық және шетелдік шаруашылықтардан асыл тұқымды немесе таза тұқымды жануарларды сатып алу құнын арзандату, отандық және шетелдік шаруашылықтардан құстардың етті бағыттағы ата-енелік/ата-тектік нысандағы асыл тұқымды тәуліктік балапанын және жұмыртқа бағытындағы финалдық нысандағы асыл тұқымды тәуліктік балапанын сатып алуға жұмсалған шығындарын арзандату; сүтті және сүтті-етті тұқымдардың асыл тұқымды тұқымдық бұқаларының сатып алынған бір жынысты және екі жынысты ұрығының құнын арзандату – ағымдағы жылғы 25 қаңтардан 20 желтоқсанға дейін;

5) ірі қара малдың, шошқалардың аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізу – ағымдағы жылғы 25 қаңтардан 20 желтоқсанға дейін.

Тауар өндірушілер осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген өлшемшарттарға сәйкестікті мынадай мерзімде қамтамасыз етеді:

1) тұқымдық түрлендірумен қамтылған ірі қара малдың аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізу – ағымдағы жылғы 1 қазанға дейін;

2) қойлардың, шошқалар мен маралдардың (бұғылардың) аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізу – ағымдағы жылғы 1 желтоқсанға дейін;

3) табынның өсімін молайту үшін пайдаланылатын асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды күтіп-бағу – ағымдағы жылғы 1 шілдеге дейін;

4) тауарлық отардың өсімін молайту үшін пайдаланылатын асыл тұқымды тұқымдық қошқарларды күтіп-бағу – ағымдағы жылғы 1 желтоқсанға дейін.

Бұл ретте, Қағидалардың 15-тармағына сәйкес, Тауар өндірушілер асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағыты бойынша тиісті негіздер туындауына қарай осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша:

1) қағаз түрінде “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) арқылы;

2) электрондық түрде селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық базасымен (бұдан әрі – АТЖ) авторландыру бөлігінде интеграцияланған www.egov.kz “электрондық үкімет” веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы өтінімдер жолдайды.

Өтінім осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген өлшемшарттарды ескере отырып, АТЖ-ға енгізілген деректерді өңдеу нәтижелері бойынша АТЖ-да қалыптастырылады. АТЖ тауар өндіруші өтінімде көрсеткен деректердің бар-жоғын салыстырып-тексереді.

Тауар өндірушінің деректері осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес келмеген жағдайда, АТЖ өтінім қалыптастырмайды.

Мемлекеттік корпорация бір жұмыс күні ішінде өтінімді Бөлімге жолдайды.

Тауар өндірушінің ЭЦҚ-сы қойылған электрондық өтінім автоматты түрде Бөлімге өңдеу үшін жолданады.

Сондай-ақ, Қағидалардың 20-тармағына сәйкес, Тауар өндірушілер көрсетілген субсидиялау бағыттары бойынша осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінім бергенге дейін АТЖ-ға мыналарды орналастырады:

– екінші деңгейдегі банктің немесе Ұлттық почта операторының ағымдағы шоттың бар-жоғы туралы анықтамасының электрондық көшірмесі (жылына бір рет немесе банктік шот ауысқан жағдайда беріледі);

– осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес 1-нысан бойынша қойлардың аналық басын ұрықтандыру туралы акт және осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес 2-нысан бойынша ірі қара малдың аналық басын ұрықтандыру және буаздыққа зерттеп қарау актісі – шаруа (фермер) қожалықтарында және ауыл шаруашылығы кооперативтерінде сүтті және сүтті-етті тұқымдардың асыл тұқымды тұқымдық бұқаларының ұрығымен аналық басты/қойларды қолдан ұрықтандыру кезінде.

Бөлім осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес елді мекендер тұрғындары жиынының асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды бекітіп беру және пайдалану жөніндегі шешімінде көрсетілген деректерге сәйкес ағымдағы жылғы 1 шілдеге дейін АТЖ-да аналық басты тіркей отырып, сондай-ақ асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды бекітіп бере отырып, қоғамдық табын қалыптастырады.

Сонымен қатар, Қағидалардың 22-тармағына сәйкес, Тауар өндірушілер мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру бағыты бойынша осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес өлшемшарттарға сай келген жағдайда және өнімді өткізіп, өткізілген өнімге ақы алған сәттен бастап бір ай ішінде, ағымдағы жылдың 20 қаңтарынан бастап 20 желтоқсанына дейінгі мерзімде өтінімдер береді.

Тауар өндірушілер мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру бағыты бойынша осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша:

1) Мемлекеттік корпорация арқылы қағаз түрінде;

2) АТЖ-мен авторландыру бөлігінде интеграцияланған портал арқылы электрондық түрде өтінім береді.

Өтінімдер осы Қағидаларға 3-қосымшада көрсетілген өлшемшарттарды ескере отыра, АТЖ-ға енгізілген деректерді пысықтау нәтижелері бойынша АТЖ-да қалыптастырылады.

Мемлекеттік корпорация арқылы өтінім берген жағдайда, тауар өндірушілер АТЖ-да қалыптастырылған өтінімді басып шығарады.

Мемлекеттік корпорация өтінімді бір жұмыс күні ішінде Бөлімге жолдайды.

Тауар өндірушінің ЭЦҚ-сы қойылған электрондық өтінім автоматты түрде Бөлімге өңдеу үшін жолданады.

Қағидалардың 23 және 24-тармақтарының талаптарына сәйкес, Субсидиялар алудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында құс фабрикалары/ сыйымдылығы бір уақытта кемінде 1000 бас болатын бордақылау алаңдары/тауарлық сүт фермалары және ауыл шаруашылығы кооперативтері/қой союды жүзеге асыратын ет комбинаттары осы Қағидаларға 3-қосымшада белгіленген мал шаруашылығының өнiмдiлiгiн және өнім сапасын арттыруға субсидиялар алуға үміткер ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге, жеке және заңды тұлғаларға қойылатын өлшемшарттарға сәйкестігіне арнайы комиссияның қорытындысын алады. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының деңгейінде құрылатын комиссиялардың құрамы “Атамекен” ҚР ҰКП-ның өңірлік кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық салалық одақтардың/қауымдастықтардың/ республикалық палаталардың өкілдерінен және Бөлім маманынан қалыптастырылады. Комиссияның қалыптасу рәсімі мен жұмысы “Атамекен” ҚР ҰКП-ның шешімімен регламенттеледі.

Арнайы комиссия кәсіпорындардың инфрақұрылымының бар-жоғын салыстырып-тексереді және осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қорытынды береді, оның сканерленген көшірмесі АТЖ-да орналастырылады. Қорытындыда көрсетілген сәйкес келу/сәйкес келмеу туралы ақпарат АТЖ-ға енгізіледі.

Тауар өндірушілердің өлшемшарттарға сәйкестігін анықтау бес жұмыс күні ішінде өтеусіз негізде “Атамекен” ҚР ҰКП-ның өңірлік кәсіпкерлер палатасына тауар өндірушінің жазбаша хабарламасы негізінде жүзеге асырылады. Қарау мерзімі тауар өндірушімен келісім бойынша 5 жұмыс күнінен аспайтындай ұзартылуы мүмкін.

Тауар өндірушілердің арнайы комиссия өлшемшарттарына сәйкестігін салыстырып-тексеру үш жылда бір рет не осы Қағидаларда белгіленген өлшемшарттар мен талаптар өзгерген кезде жүзеге асырылады.

Осы Қағидалардың 6 және 8-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкессіздік және өтінімде көрсетілген ақпараттың қоса тіркелген құжаттардағы ақпаратпен сәйкессіздігі анықталған жағдайда, Бөлім тауар өндірушіге көрсетілген мерзім ішінде бас тарту себептерін көрсете отырып, Мемлекеттік корпорация арқылы қағаз түрінде не АТЖ арқылы электрондық түрде осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хабарлама жолдайды.

Сондай-ақ, осы Қағидалардың 1-қосымшасымен бекітілген субсидиялар нормативтері мен 2 және 3-қосымшаларда көрсетілген өлшемшарттар мен талаптарды ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мен жеке және заңды тұлғалардың назарына жеткізу үшін аудан әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуына ықпал жасауыңызды сұранамын.

Қосымшалар

Бөлім басшысы                                  Б.Дүйсембаев

Back to top button
Close