Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл жастарға тың серпін беріп, үлкен жауапкершілік артты. Осы орайда аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Сайлыбаев Мұрат Кенжебекұлының Жастар жылы туралы ой-пікірін назарларыңызға ұсынамыз:

СЕНІМ ҮДЕСІНЕН ШЫҒУ МІНДЕТ

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы жастарды бір серпілтіп, бойына жігер сыйлағандай. Үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамытуды көздейтін Ұлт Көшбасшысы 2019 жылды Жастар жылы деп атауды ұсынды. Демек, Елбасы бізге сенім артып отыр, ал біз осы үдеден шығуымыз керек.
Бұл жылы не атқарылуы тиіс? Қандай түйткілге басымдық берген абзал? Ұрандатып, желеулетіп өткізетін жыл емес. Біз тек сөзімізбен емес, әр ісімізбен, әр қадамымызбен болашақ елдің иесі екенімізді, бізге тізгінді сеніп тапсыруға болатынын дәлелдеуіміз керек. Жарқын болашақ үшін не жасалуы керек? Жастардың бүгінгі бетпе-бет келіп отырған мәселесі қандай? Сұрақ көп, бірақ біз әрбіріне жауап бере отырып, ісімізді ілгерілетіп, елдігімізді дәлелдейміз.
Қоғамның маңызды бөлігін құрайтын жастарға кең мүмкіндік берілсе, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге байланысты ісшаралар қолға алынып, нақты нәтижеге қол жеткізуін қадағаласақ құба-құп. Бүгінде жастардың көбісінің баспанасы мен тұрақты жұмысы жоқ. Қалаға жұмыс іздеп барған кейбіреулерінің тауы шағылып, түрлі қылмыстық әрекеттерге бой алдыратыны да жасырын емес. Жұмыс берушілер көбіне еңбек өтілін сұрайды. Осы орайда ұжымда тәлімгерлік мектеп қалыптастыру арқылы бұл мәселені шешуге болады. Бұрын мұндай мектеп болған, соны қайта жаңғырту керек. Жастарды жұмысқа бейімдеп тәрбиелейтін тәлімгер маманның жалақысына үстеме ақы төлеу меха¬низ¬мін қарастырудың да артықтығы жоқ. Негізі, Қазақстанда жұмыс істеймін деген адамға жұмыс бар. Жұмыс таппаса демек адам мәселені өзінен іздеуі керек. Мысалы, АҚШ пен Еуропа елдерінде жастарға бөліп-жарып қолдау жасамайды. Заң алдында бәрі тең құқылы. Кез келген жас болашақ мамандығын өзі таңдайды, оқитын оқу орнын да өзі шешеді. Ал, ол оқуын бітіре алды ма, жоқ па – өзі жауапты. Бізде баспанамен қамта¬ма¬сыз етуге мүмкіндік беретін бағдар¬ламалар да жетерлік. Тек олардан жастардың көбі бейхабар, себебі ізденіп зерттемейді.
Жастар — қоғамның қозғаушы күші екені белгілі. Бүгінгі жастар бұрынғыдан өзгеше. Креативті пікірге ие. Түрлі үйірме, дарынды балаларға арналған мектептердің оқушылары, студенттер инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жобалар ұсынады. Түрлі жаңа технологияның игіліктерін біліп, көріп жүрген де солар. Халықаралық сайыстардан арнайы грант ұтып алғандары да бар. Оларды әрі қарай ғылыми тұрғыда жүзеге асыруға қаржылық қолдау қажет. Мемлекет тарапынан озық идеяларға, ұтымды жобаларға арнайы қаржы қарастырылып, жүзеге асуына септігі тисе нұр үстіне нұр. Сонда шекара асып, шетелге емес өз еліне пайдасын тигізетін жастар қатары артады. Ауданымызда заманауи технологияларға қызығатын оқушыларға арналған арнайы ІТ-сынып ашылды. Оған қатысушылар «Нұр Отан» партиясының арнайы жобасы аясында осындай мүмкіндік алды. Бұрыннан робототехника, интернет мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға дағдыланған балаларға бұл ерекше серпін бергені рас. Осындай қолдаулар арқылы олар білімге құштарлығын арттырып, жаңалық ашуға бір қадам болса да жақындайды.
Ауданымызда талантты, талапты жастар көп. Бірақ, шалғай ауыл жастары қалалықтарға қарағанда көп мүмкіндіктен қалыс қалуда. Елбасы мұны да назардан тыс қалдырмай, ауыл жастарына кәсіп ашып, іс бастауға көмек қолын созу керектігін ескертті. Бүгінгі жастар — ертеңгі кәсіби білікті маман, болашақ отбасының тірегі. Сондықтан әрбірі қоғамда өз орнына ие болу үшін кез келген қоғамдық мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Отансүйгіштік те, рухани ерік-жігер де ортамен араласудан туындайды. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде жастарды тек мереке кезіндегі флэшмоб сынды көңіл көтеретін ойын-сауықтық ісшараларға ғана пайдаланатындай. Асылында, олай емес. Біздің Жастар ресурстық орталығы тынымсыз әрі тындырымды еңбек етуде. Түрлі шығармашылық байқаулар, ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртатын сайыстар ұйымдастырып, жастар мен жасөспірімдер арасында ұлттық рухты оятуға өзіндік үлесін қосуда. Атқаратын ісімізге Жастар жылы қарсаңында қолдануға берілген Жастар сарайы тың серпін берері сөзсіз.
Аудан ғана емес, оңтүстік өңіріндегі бірден-бір Жастар сарайы Елбасының Тәуелсіздік күні қарсаңында тартуы деп білеміз. Мұнда түрлі қызықты конференция, пікірталас ұйымдастыруға, концерт тамашалауға, салауатты өмір салтын ұстану үшін жағдай жасалған. Спортпен айналысуға арнайы құрал-жабдықтар қойылған. Жазғы алаң да бар. Бәрі тегін.
Алдағы уақытта жоғары оқу орнын бітірген жерлестерімізді туған жерін көркейтуге, өсіруге үлес қосу үшін шақыратын түрлі ісшара ұйымдастыру жоспарымызда бар. «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алып, ауыл мектебінде жемісті еңбек етсе несі айып?! Керісінше, ондай ұстаздың сабағына қатысып, шетел көрген адамнан білім алудың өзі оқушыларды қызықтыруы тиіс.
Сонымен қатар жастардың наза¬рын рухани құндылықтарға аударуымыз керек. Себебі, олар мате¬риал¬дық құндылықтарға көбі¬рек мән береді. Ең маңыздысы — жастардың өз құқы үшін күресе алатындай мүмкіндік қарастыру.
Өзі жұмыс іздемей, өзгеден сылтау іздейтіндер бар. Өзіне сенбейді. Одан да бөлек психологиялық қиындықтары болса біздің орталық жанындағы психологиялық сүйемелдеу секторының қызметкерлері олардың мұңын тыңдап, көмектесуге әркез дайын. Сектор қызметкерлері жұмыс жоспарына сәйкес, әлеуметтік мәселелер, соның ішінде жас отбасылардың мәселесін, бала тәрбиесі мәселесін жиі көтереді. Жас отбасылардың ажырасу себептеріне талдау жасайды.
Бір өкініштісі — бүгінгі жастар ата-енеге емес, тренингтерге көбірек сенеді. Отбасын сақтап қалу үшін күресетіндері аз. Ал, әр отбасы — шағын мемлекет. Олардан біздің кең байтақ Қазақстан құралады. Жастарға барлық жағдайды жасап, тың мүмкіндік беріп отырған егемен еліміздің көркеюіне кішкентай үлесіміз үлкен мәселені шешуге себеп болуы мүмкін екенін естен шығармайық.
Жаңа келген Жастар жылы жағымды жаңалыққа толы болсын!

Back to top button
Close