“АУҒАНДА ҚАЛҒАН ЖАСТЫҚ ШАҚ…”

15 ақпан – Отан алдындағы борышына адал азаматтарға тағзым ететін ерекше күн. Бүл күні Кеңес Одағы әскерлері Ауған жерінен шығарылды.
Сол кездегі солақай саясаттың салдарынан бейбіт заманда жігіттер қолына қару алып, Ауған жеріндегі соғысқа аттанғаны баршамыздың есімізде. Ауған соғысына Ордабасы ауданынан 93 сарбаз қатысып, төрт жерлесіміз майдан алаңында опат болды. Қан кешкен майдангерлеріміз жалындаған жастық шағын сол Ауған жерінде жоғалтты. Олардың ерліктерін елі ұмытқан жоқ.
Бүгін Ордабасы ауданында ауған соғысының ардагерлері бас қосты. Ардагерлер саябағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, өмірден озған қаруластарын еске алды. 
Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы айтулы күннің маңызына тоқталып: 
– Сіздердің бейбіт өмірдегі елеулі еңбектеріңіз, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі қоғамдық жұмыстарыңыз мақтауға тұрарлық.Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының нәтижесінде мемлекетімізде тұрақтылық пен бейбітшілік, ынтымақ пен береке орнап, халықтың ертеңгі күнге деген сенімі артып келеді, – деді. 
Аудандық “Ел бірлігі” қоғамдық қорының төрағасы Гайдар Дәнешов, Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ералхан Бектай сол зұлмат күндердің қайта оралмауы үшін жастарды тәрбиелеуде әр азамат өз үлесін қосуы қажеттігін айтып өтті. 
Жиын соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концертіне ұласты.

Back to top button
Close