«Азаматтарға арналған үкіметтің» кадр резервіне жеті түркістандық іріктелді

2021 жылғы 1 наурыздан бастап 30 сәуір аралығында «Азаматтарға арналған үкіметтің» кадр резервіне іріктеу өтті. Оған кез келген қазақстандық азамат қатыса алды.

Кадр резервіне енуден үмітті азаматтардан 2000-ға жуық өтініш келіп түсті. Үміткерлерді арнайы комиссия іріктеді, оның құрамына ҚР Парламентінің депутаттары, БАҚ өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, HR-мамандары, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, Мемлекеттік корпорацияның директорлар кеңесі мен басқармасының мүшелері кірді.

Конкурс қорытындысы бойынша «Дарындылар пулына» 353 қатысушы қабылданды. Оның ішінде Түркістан облысынан жеті адам іріктелді.

«Іріктеудің ең қиыны – соңғы кезең болды. Таныстырылымға толық 10 минут берілді, осы уақыт ішінде сапалы идеялар мен ұсыныстар бере алдым деп санаймын. Жобаны ұйымдастырушыларға зор алғысымды білдіремін. Бұл өз күшіне сенетін талантты жастарымыз үшін мақсаттарына жетудің тамаша мүмкіндігі» – деді Түркістан облысынан іріктелген Нұрболат Серіков.

Жобаның басты мақсаты – болашағы бар қызметкерлерді табу, олардың құзыреттерін дамыту және бос басшы лауазымдарға одан әрі тағайындау.

Іріктеуді әзірлеу кезінде «Президенттік жастар кадр резерві», «Елбасы академиясының салалық менеджерлері» және «Жас Өркен» сияқты ұқсас жобалардың тәжірибесі ескерілді. «Дарындылар пулы» Қазақстандағы кадр резервін құру бойынша төртінші ірі жобаға айналды.

Back to top button
Close